Токио Олимпиадасында еркін күрестен Дәулет Ниязбеков (65 келі) жұбаныш белдесуін өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл кездесуде қазақстандық балуан сенегалдық Адама Диаттамен кездесті. Дәулет кездесудің алғашқы бөлігін 6:0 есебімен аяқтады.
Екінші бөлігінде де оның белсенділігі байқалып тұрды. Нәтижесінде қарсыласын 10:0 еесбімен тізе бүктірді. Қарсыласынан он ұпайға ұзап кеткендіктен Дәулет белдесуді ерте аяқтады.
Адама Диатта 1988 жылы дүниеге келген. Бұған дейін Африка чемпионатында 8 мәрте алтын, 1 мәрте күміс, 1 мәрте қола алған.
Сондай-ақ, Африка ойындарында екі мәрте чемпион атанды. Дәулет бұл мүмкіндікке әзербайжандық Гаджи Әлиев финалға шыққаннан кейін қол жеткізіп отыр.
Ол аталған қарсыласына жартылай финалда 1:9 есебімен жол берген еді. Дәулет алғашқы жекпе-жегінде кубалық Алехандро Вальдесті 21:11 есебімен жеңген болатын.
Г. Әлиев жартылай финалда үндістандық Баджранг Баджрангты 12:5 есебімен ұтты.