Коронавирусқа қарсы вакцинациялау жөніндегі өзекті сұрақтарға елордадағы №2 қалалық емхананың терапевт-дәрігері Әсемгүл Есмағамбетова жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Адам вакцинациядан кейін неліктен ауырады? Оның бәрі эпидемиологиялық тәртіпті сақтамаудың салдары. Яғни адам көп жиналатын орындарда бетперде тақпайды, таққан жағдайда мұрнын ашық қалдыруы, иегіне дейін ғана тағуы мүмкін, қол гигиенасы мен әлеуметтік қашықтық сақталмайды. Вакцина алған адамда иммунитет дамуы үшін екінші екпеден кейін кемінде 60 күн тиісті режимді сақтау қажет», деп атап өтті Әсемгүл Есмағамбетова.
Оның айтуынша, егер адам COVID-19-бен ауырса, жазылғаннан кейін үш айдан соң вакцина алғаны дұрыс.
«Өкінішке қарай, қазір КВИ-ді қайта жұқтырғандар бар. Егер адам ауырмаса, сол сияқты антиденелері болса да вакцина алуы керек. Өйткені, қазір вирустың жаңа түрі – дельта штамы таралып жатыр, науқастар қатары күн санап артуда», деп түсіндірді дәрігер.
Сондай-ақ спикер екпе пунктерінде вакцина қандай жағдайда сақталатынын түсіндіріп өтті.
«Спутник V» вакцинасы -18 градуста және одан да төмен температурада сақталады. Мұздатқыштарға -23 градус температурасы қойылған. Ал қалған вакциналарды +2+8 градус температурада сақтауға болады. Температуралық күніне екі рет бақыланады және деректер журналына жазылады», деді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, адамзатты коронавирустан қорғаудың жолы аз – вакцинация және эпидемиологиялық шараларды сақтау.
Сондай-ақ Есмағамбетова екі түрлі вакцина алуға кеңес бермейтінін мәлімдеді.
«ДДСҰ атап өткендей, әлемде түрлі өндірушілердің вакцинасын араластырудың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы нақты мәлімет жоқ. Бірінші және екінші компонентті екі түрлі вакцинадан алу түсініксіз жайтқа апаруы мүмкін. Оны араластырудың тиімділігі туралы нақты мәлімет жоқ. Сондықтан ДДСҰ халықты иммундау үшін препараттарды біріктірудің қауіпсіздігі мен орындылығы туралы жеткілікті ақпарат болмайынша, вакцинаның бір түрін алуды кеңес етеді.
Мен де вакциналарды араластырудың қажеті жоқ, әдістемелік ұсынымдарға сәйкес бір түрін алған дұрыс деп есептеймін. Себебі олардың құрамы әр түрлі», деді Әсемгүл Есмағамбетова.