• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Тамыз, 2021

Ұлттық санақ өткізудің қажеті бар ма?

1545 рет
көрсетілді

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері үшінші рет өткізілгелі отырған халық санағы биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілмекші. «Қазақстанда әркім маңызды!» деген ұранмен ұйымдастырылатын биылғы санақ бұрынғылардан өзгеше өтпек. Яғни онлайн және офлайн. Бұрынғыша үйлерді аралау әдісі де қолданылмақшы. Алайда қоғамда, әсіресе, әлеуметтік желілерде соңғы кезде «Ұлттық санақты өткізудің қажеті қанша?» деген сұрақ қызу талқыланып жатыр.

Әлеуметтік желіні пайдаланушы­лардың біразы «Жалпақ жұртқа он тоғыз миллионыншы қазақстандық дүниеге келді деп жар салдық. Халық санын біліп отырсақ, санақ не үшін керек?» деп сауал тастаса, енді бір топ бұл науқанға мемлекеттен бөлінген 8 млрд теңгеге назар аударып, «Осыншама қаржы жұмсап санақ жүргізгенше, сол ақшаны мұқтаж жандарға берген дұрыс шығар» деген уәж айтыпты.

Ал саясаттанушы Санжар Боқаев өзінің Instagram-дағы парақшасында 2021 жылғы халық санағы туралы арнайы бейнеүндеу жолдады. Бір аптаның ішінде 50 мыңнан астам халық көріп, мессенджерлерде тез тарап кеткен бейнежазбада саясаттанушы ұлттық халық санағының басталуына бір ай ғана уақыт қалғанын еске салады. Кейіннен санаққа мемлекеттік бюджеттен бөлінген 8,2 млрд теңге қаржы туралы айта келіп: «2009 жылы өткен халық санағына небәрі 1,144 млрд ақша жұмсалған еді. Ол кезде санаққа бөлінген ақшаның 70 пайызы жымқырылған. Тергеу органдары бөлінген қаржының тек 379 млн теңгесі мақсатты жұмсалғанын, ақшаның көп бөлігі – 764,8 млн теңгенің ұрлан­ға­нын дәлелдеген болатын. Енді сұрақ? Халық санағы неліктен 7 есе қымбаттап кет­ті? Егер қазақстандықтар туралы бүкіл мәлімет біраз уақыттан бері электрон­ды базада болса, санаққа осынша­ма қомақты қаржы бөлудің қажеті қан­ша? ХҚО, Әділет министрлігі, Мемле­кет­­тік кірістер комитеті, ІІМ – осы меке­ме­лердің барлығынан мемлекеттік қыз­мет түрін электронды түрде аламыз. Мемле­кет­тік ақпараттық органдардың интегра­циясы толықтай жүргізілді деп есеп те беріл­ді. Негізі, бар-жоғы екі маман бір ап­­та­ның ішінде бүкіл деректі жүйеге ен­гізе алады. Ал егер қандай да бір ақау, не се­нім­­сіздік болса, ақпаратты нақты­лау үшін сол жерге жергілікті әкім­діктің қыз­меткерін жіберуге болады. Сонша мақтаған цирфландыруымыз қай­да қалды? Соңғы жылдары «Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасына бюж­дет­тен бөлінген жүздеген миллиард теңге қаржы қайда кетті? Егер осындай же­ңіл міндеттердің шешімін таппаса, бізге Цифр­лық даму министрлігі не үшін қажет?», де­ген көптің көкейінде жүрген сауалды қойыпты.

Ол тіпті елдегі күрделі эпидемиялық ахуал­ды еске салып: «Егер соңғы күн­дері елімізде індет жұқтырғандар са­нының тым көбейіп кеткенін ескерсек, санақ сауалдамасымен үй-үйді аралайтын мыңдаған адамның вирус­ты тарату мүмкіндігі жоғары екенін де естен шығармағанымыз жөн. Тіпті олар вакцина ектіргенімен, бұл қауіп сейілмейді», деп бір ай бұрын дайындалып, БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы жарияланып жүрген халық санағының әдістемелік бейнесабақтарын да сынға алады. Себебі бейнежазбада санақ жүргізуші жас жігіт маскасыз, ешқандай санитарлық ережелерді сақтамай үлкен кісілердің қолын алып амандасады. Екінші бір кадрда қолында сәбиі бар жас ананың жанында сауалдама жүргізіп тұрады. Осының барлығын сынға алған саясаттанушы санақ кезінде үй-үйді аралауды мүлде алып тастауды талап етіп, 5 млрд теңге ақшаны үнемдеуге кеңес береді.

«Сауалдамамен бір ай бойы әр есікті қағып жүргенде талай сәби дүниеге келіп үлгереді. Яғни бір айда санақ мәліметтері нақты болмайды. Ақпараттық жүйеде біз онсыз да барлығын онлайн режімде көре аламыз. Біз неге мәселенің оңай жолын іздемейміз? Біз қазірдің өзінде анық дүниеге миллиардтап қаржы жұмсағымыз келеді», дейді ашына сөйлеген Санжар Боқаев.

Санақтың салмағы мен саясатын жете түсіне алмаған жұрттың біразы ат­танға айғай қосқандай бейнежазбада айтылған жайттарды іліп әкетті. Ал желіні қолданушылардың біразы халық санағының адам басын санайтын қарабайыр есеп жүргізу емес екенін ескертіп, еліміз үшін маңызы мен мәні зор науқанның әлеуметтік астарына үңілді. Ұлттық санақ мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындайтын ауқымды жұмыс екенін айтқан соңғы топ бұл істің тек халық санын нақтылау үшін ғана емес, тарихи, әлеуметтік өзгерістерді сараптап, демографиялық ахуалды бағамдау үшін қажет екенін алға тартады.

«Ұлттық халық санағы – еліміздің барлық азаматы бірауыздан қолдауы тиіс өте маңызды іс-шара», дейді сая­саткер Төлеутай Рахымбеков. Бұл нау­қан­ның іс жүзінде әлемдегі барлық мемлекетте жүргізілетінін атап өткен ол са­нақ­тың еліміздегі дәл қазіргі жағдайды ба­ғамдау үшін ғана қажет еместігін ескертті.

«Мәселен, мемлекетімізде не болып жатыр? Қандай іргелі өзгерістер бар? Науқан кезінде осындай маңызды сұрақтарға жауап беріледі. Сонымен қатар санақ нәтижелері еліміздің бола­шақ­тағы жағдайын болжауға мүмкіндік береді. Санақ кезінде елдегі әлеуметтік, демократиялық мәселелерге, тіпті мемлекетіміздің саяси даму ахуалына нақты баға беруге болады. Халық санағы ке­зінде жалпы мемлекет үшін және әрбір әкімшілік аумақтық бірлік – әр облыс, әр аудан, әрбір кент бойынша неғұрлым нақты мәліметтер алуға мүмкіндік мол. Санақ қорытындылары сондай-ақ бизнеске біршама көмек те бола алады. Себебі халықтық науқан барысында ел ішіндегі тұтынушылардың жағдайын, олардың мақсатты топтарын анықтауға болады. Осы тұрғыдан келгенде де санақ өткізудің маңызы өте зор», дейді «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Т.Рахымбеков.

«Белгіленген тәртіп бойынша біздің елімізде халық санағы әр он жыл са­йын өткізіледі. Мәселен, бұған дейінгі санақтар 1959, 1969, 1979 жылдары жүргізілді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1999 және 2009 жылдары екі рет халық санағы өтті. 2019 жылы болады деп жоспарланған науқан белгілі себептерге, соның ішінде бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияның кесірінен кейінге шегерілді», деп толықтырып өтті спикер.

«Халық санағы қажет» деген тұ­жырым­ды қоғам белсендісі Ләззат Қо­жахмет те қолдайды. «Ұлттық санақ ұлт­тық саясатты жүргізу үшін маңызды» деген ойын айқын білдірген ол: «Бұған дейін елімізде халық санағын өткізуге бірнеше рет мораторий жарияланып, кейінге шегеріле берді. Өз басым бұл дұрыс шешім болмады деп есептеймін», дейді Л.Қожахмет. «Ұлттық санақ ке­зінде әр өңірде жергілікті ұлттың нақ­ты қанша пайыз екенін анықтап білу арқылы еліміз ұлттық саясатын басқаша құрады деп сенемін», деген қоғам белсендісі:

«Облысқа соңғы он жылда қанша адам көшіп келді? Қаншасы көшіп кетті? Аймақта ерлер көп пе, әйелдер саны басым ба? Жастарымыздың қатары қалыңдаған ба, әлде, қарияларымыз көп пе? Осы сияқты маңызды сұрақ­тар­ға нақты жауаптар алынғаннан кейін денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, мемлекеттік қызмет көрсету саласында – жалпы саясатта барлық бағдарлама, жоспарлар қайта құрылады. Мәселен, халық санағының қорытындысына қарай аймақтың қай ауданына қанша мектеп, балабақша салу керек, қай ауылдың жолын жөндеп, ауруханасының жағдайын түзеу қажет деген қарапайым халық үшін өзекті мәселелер кезең-кезеңмен күн тәртібінде көтеріле бастайды», деді «Шаңырақ» көп­балалы отбасыларды қолдау орта­лығының жетекшісі Л.Қожахмет.

«Ұлттық санақ қазақ халқына қуа­ныш­ты хабар, жақсы нәтиже әкеледі деп сенемін. Себебі бізде өсім бар. Өңірімізде соңғы жылдары көпбалалы отбасылардың саны артты. Ең бастысы – әлеуметтік жағдайы орташа болса да қарапайым халықта көпбалалы шаңырақ болсам деген ниет бар. Осы тұрғыдан алып қарағанда да санақ еліміздің даму бағытын айқындап, ұлттық саясатын қайта қарауда дер кезінде қолға алынған маңызды науқан деп есептеймін», деді ол.

Ұлттық санақ өткізуге қызу дайын­дықты бастап кеткен еліміздегі үш мега­по­листің бірі – Шымкент. Мил­лионнан астам тұрғыны бар шаһар үшін халық саны туралы нақты мәлімет алудың жауапкершілігі зор. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков санақ өткізуге дайындық барысы жөнінде өткен комиссия отырысында: «Ұлттық санаққа үлкен жауапкершілік және патриоттық рухпен қарауымыз қажет», деп атап өтті.

«Өйткені он жылда бір рет өткізі­ле­тін бұл іс-шара – әр отандасымыз үшін тарихи сәт. Оның маңыздылығын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстары ар­қылы тұрғындарды белсенділік таны­туға шақырамыз. Түптеп келгенде, қаланың қаржыландырылуы мен алдағы даму бағыты да осы санақтың қорытындысына байланысты», дейді ол.

«Халық санағы не үшін қажет?» деген сұраққа ресми жауап берген Ұлттық статистика бюросы бұл науқанның қоры­тындысы соңғы 10 жыл ішіндегі ел­дегі экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсете­ті­нін алға тартады.

«Санақ жалпы ел бойынша, қалалық және ауылдық жерде және өңірлік бө­ліністе жынысы мен жасы, неке жағ­дайы, ұлттық құрамы, азаматтығы, ұстанатын діні, білім деңгейі, тілдерді меңгеруі, үй шаруашылықтарының (және отбасылардың) саны мен көлемі, тұр­ғын үй жағдайлары және басқа да сапалық және сандық белгілерді ай­қындап береді. Санақ нәжижелері ар­қы­лы қазақстандықтардың үй шаруа­шы­лықтарын, некелік-отбасылық қаты­настарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жетілдіру бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу көзделген. Сонымен қатар халық санын білу, құрылымдық өзгерістерін бағамдау білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша қандай да бір шешімдер қабылдау үшін аса қажет», делінген бюроның жауабында.

Жоғарыда айтқанымыздай, биыл­ғы санақ екі әдіспен жүргізіледі: онлайн-санақ және үй-үйді аралау арқылы. Дәстүрлі әдіс бойынша санақ жүр­гізу­шілер тұрғындардың санын нақ­тылау мақсатында әрбір елді ме­кенді аралап, сауалдама жүргізеді. Мәлі­мет­тердің барлығы планшеттерге енгізіледі. Эпидемиялық жағдайға байланысты санақ жүргізетіндер тек екпе салдырғандардан жасақталады. Биылғы санақ кезінде тұрғындарға барлығы 87 сұрақ (негізгі 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақ) қойылады. Бұл жолғы сауалдамада көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген. Сондай-ақ БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Ва­шингтон тобы ұсынған жаңа сұрақтар қосылды. Мұндағы басты мақсат – мүгедектік өлшемшарттарын ескеріп, денсаулық сақтау статистикасы аясын­да халықаралық ынтымақтастықты кеңей­туге ықпал ету. Сондай-ақ тұрғындар 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн-са­нақ­тан өте алады. Биылғы ұлттық са­нақтың басты жаңалығы да – осы.

Дегенмен, өзгермейтін тек Құран ғана екенін ескерсек, осындай алмағайып уақыт­­та үй-үйді аралап, санақ жүргізу қа­жет пе деген сауал төңірегінде әлі де ойлану керек сияқты. Мұның өзі «бө­лін­ген бюджетті игеру қажет» деген пиғылмен, соның ішінде «бал ұста­ған бармағын жалайды» деген теріс пиғылмен астасып жатпаса болды, әйтеуір...