• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Тамыз, 2021

Жол түзелмей, туризм дамымайды

324 рет
көрсетілді

Өскемен – Талдықорған, Қалбатау – Майқапшағай күре жолдары былтыр пайдалануға берілуі керек еді. Алайда жолшылар пандемияны сылтауратып, құрылыс жұмыстарын сағызша созды. Әйтпесе, Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келгенде аталған күре жолдар 2020 жылдың соңына дейін ашылуы қажет деп тапсырған. Енді, міне, 2021 жылдың жазы да өтіп барады, Талдықорған бағытындағы жолда қыбыр еткен техника, жыбыр еткен жұмысшы жоқ. Алакөл, Аягөз бағытына жиі қатынайтын жолаушылар солай деседі.

Туризмді дамытамыз десек, әуелі жолымызды жамап-жас­қап алуымыз керек. Онсыз сая­хатшыларды тарту оңай емес. Жа­ғалауын Анталияға теңеп жү­­рген Алакөлге жетудің өзі қия­мет-қайым. Жолаушының жүйкесін жұқартып, діңкесін құртып жібереді. Көліктің жүру бөлігінен сау-тамтық қалмайды. Әсірелеп айтып отырған жоқпыз, қып-қызыл шындық. Уақытша салған айналма жолдың өзі ойдым-ойдым. Діттеген жеріңе жеткенше шаң жұтасың. Негізінде жолшылар су шашып, жолдың шаңын басып отыруы керек еді. Ол да жоқ.

– Өткен аптада жеке көлі­гіммен Алакөлге барып қайт­тым. Барғанымыз бар болсын. Демалысымызды жол желкеден шығарды. Шынын айту керек, Өскеменнен шыға бере, Қасым Қайсенов кентінің тұ­сында техникалар қарбалас. Ал Қалбатаудан Таскескеннің бұрылысына дейінгі жолдан асыр-гүсір жұмыс байқамадым. Мына қарқынмен жолды келесі жылы да аяқтай алмайтын сияқ­ты, – деп күмәнданады өске­мен­дік Досан Дүйсенов.

Күмәнмен қарап жүрген жалғыз ол емес. Өскемен – Аягөз, Тарбағатай, Үржар арасында үнемі жүретін таксишілердің пікірі де – осы. Олар да күре жол жуық арада жөнделе қояды деген уәдеге сенбейді.

– Ауылда басқа жұмыс бол­маған соң қолдан келері осы, так­си­ле­теміз. Бірақ тап­қан-таянған тиынның жартысы кө­ліктің тетігіне кетеді. Дөң­ге­­лек­тің өзі 10-15 мың теңге тұ­ра­ды. Ал жол жуық арада то­лық аяқталады деген уәдеге сен­бейміз, – дейді таксиші Архат Рақыманов.        

Жуырда жол құрылысы саласында жұмысын дұрыс атқармаған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы қызметінен босатылған. Бұл шара басқа басшыларға сабақ болды ма, уақыт көрсетер. Ал әзірше жол құрылысы бәлендей қарқын алып кеткен жоқ. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Ерлан Қалымовтың айтуын­ша, Омбы – Майқапшағай, Өскемен – Талдықорған бағы­тындағы күре жолдарды қайта жаңарту жұмыстары 2022 жылы аяқталады.

– Омбы – Майқапшағай автомобиль жолында мемлекеттік емес қарыз есебінен қайта жа­ңарту жұмыстарын «Синьсин» компаниясы жүргізіп жатыр. Эпидемиялық жағдайға байланысты басқа мемлекеттерден жұ­мысшы күші кіре алмады, техникаларды құрылыс орындарына жеткізу үшін көп уақыт жоғалттық, – дейді Е.Қалымов.

Ал Қалбатау – Майқапшағай бағытындағы 415 шақырым жолдың біраз бөлігіне қатты қабат төселген. Жоба бойынша, қайта жаңарту жұмыстарына 157 млрд теңге бөлінгені белгілі. Демек, жолшылар қаржыдан қысылмақ емес. Тек мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалып кетпесе болды. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөн­деу­ді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр», деген еді. Өте орынды сын. 

– Аталған тас­жолдың­ бо­йында «Ситик Констракшн», «К-Дорстрой» АҚ және «Тодини Централ Азия» ЖШС қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан жол 2022 жылы толықтай қолданысқа беріледі, – деп сендірді Е.Қалымов.

Иә, Премьер-Министр Асқар Маминнің әкімдерге қойған талабы орындалмады. Жол салу жұмыстары созбалаңға салынды. Ол олқылықты пандемияның салдары делік. Заман тыныш болса, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компания­сы» АҚ басшылығы уәде еткендей, екі бағыттағы күре жолдар 2022 жылы толығымен аяқталып қалар. 

Шығыстағы жол құрылысы мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта Аягөз – Қарағанды арасына жаңа жол түседі. Өскемен – Шемонайха, Өскемен – Семей, Семей – Барнауыл жолдарына қайта құру жүргізіледі. Сонымен қатар Өскемен – Рахман қайнары бағытындағы күре жолдың да күрделі тұсы аяқталған жоқ.

Ерлан Қалымов айтқандай, жол сапасын қадағалау жұмыс­та­ры­на кез келген ел азаматы араласып, кемшін тұстарын айтып отыруына болады. Ол үшін мәліметті 1403 нөміріне бейнежазба, фотосуретімен жолдай алады.

 

Шығыс Қазақстан облысы