Пандемия басталғалы бері Алматы облысында коронавирустың зертханалық тексеру арқылы расталған 33 959 жағдайы тіркелді. Ал соңғы тәуліктерде 300 адамның індет жұқтырғаны анықталып отыр.
Аймақ бойынша жұқпалы індеттің таралу қарқыны соңғы 2 аптада 0,8 пайыздан 1,0 пайызға дейін артты. Талдау бойынша Алакөл, Балқаш, Ескелді, Қарасай, Қаратал, Кербұлақ, Райымбек, Сарқан аудандарында және Қапшағай қаласында вирус жұқтырғандардың артқаны байқалады.
Айтпақшы, анықталған 300 науқастың арасында балалардың да болуы қынжылтады. Мәселен, облыста 14 жасқа дейінгі 49 баладан коронавирус табылды. Сондай-ақ 30 оқушы мен 3 студенттің де коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.
Сонымен қатар өңірге жыл басынан бері вакцинаның бірінші компонентінің 634 255 дозасы келіп түсті, оның ішінде «Спутник V» – 553 745, Hayat Vax – 39 500, QazVac – 13 010, CoronaVac – 28 000 доза.
Ал екпе алушылар қатары апта сайын өсіп келе жатқаны байқалған. Дерек бойынша, коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 572 169 адам егілді, екінші компонентпен екпе алғандар саны – 425 171. Вакциналанғандар арасында мемлекеттік қызметкерлердің үлесі – 11 943 адам, медицина қызметкерлерінің саны – 23 406 адам, педагогтер қатары 38 357 адам және басқа салада қызмет етушілер саны – 447 425 адам. Сондай-ақ дәрігердің мұқият тексеруінен кейін екпе салдыруға рұқсат берілген созылмалы аурулары бар 4 486 адам вакцина паспортын алған.
Осылайша, Жетісуда екпе алғандар саны жарты миллион адамнан асты.
Алматы облысы