• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Тамыз, 2021

Қалалар да жаңғыруға тиіс

1502 рет
көрсетілді

«Ауыл жайлы болса, жұрттың қалаға көшіп несі бар?..».

Осы қысқа сауал қазіргі күрделі мәселенің негізгі себебін анық айтып тұрғандай. Ал шын мәнінде, бұл – қоғамды сынап отырған әлеуметтік әрі экономикалық проблема. Соңғы ондаған жылдар бедерінде халықтың ауылдан қалаға көшу үрдісі тоқтаусыз жалғасып келеді. Бұл – біздің елге ғана емес, дүние жүзіне ортақ құбылыс. Тіпті ХХІ ғасыр – «урбанистика ғасыры», шаһарлар, кенттер алға шығып, бәсекелесетін ғасыр деп айдарланғаны да бекер емес. Қазірдің өзінде әлем халқының 50 пайыздан астамы қалаларға шоғырланған. Олардың саны, ғалымдар болжамына сенсек, ендігі 25 жылдан кейін 75 пайызға өсетін көрінеді.

Расында, жұрттың бәрі Жерұйық іздеп кетпесе де, жанға жайлы, тұр­мыс­қа қолайлы мекенді қалайтыны ақиқат. Бұл бағытта жаһан ғалымдары мен мамандары зерттеу жүргізіп, түрлі ұсыныс әзірлегені де мәлім. Дәл осы жағдай көп елде жаңа көзқарас қалыптастыруға түрткі болды. Тіпті жаңа заңдардың тууына, жаңа мамандықтардың өмірге келуін тездетті. Айталық, бүгінде «урбанист», «сити-менеджмент» т.б. терминдер бұрын қолданыстағы қала жоспарлау, қала құрылысы деген ұғымдарды он орап алатын деңгейге көтерілді. Өйткені үлкен сұранысқа ие бұл мамандық әртүрлі кәсіп иелерін бір мақсатқа тоғыстырады. Мақсаты – экологиялық үйлесімді сақтай отырып, қала кеңістігі мен ортасын, архитектурасын тұрғылықты қауымның қалауына қарай дамыту, адамдардың психологиясын өзгерту. Бұрынғы инфрақұрылымды заманауи технологиялармен байыту, халық тұрмысын одан әрі жақсарту. Әрине, бұл салада да ең бірінші кезекте менеджментке мән беріледі. Урбанистиканы ескерген дизайнер, ресторатор, програмшы, құрылысшы, саясаттанушы, психолог, социолог т.б. кәсіп иелері өз міндеттерін қала табиғаты, құрылысы мен құрылымы тұрғысынан қарап шешетін болады. Олар қажетіне қарай әртүрлі білім мен машықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, қа­ла­ның игілігіне жұмсауға тиіс. Бо­лашаққа бағытталған, күн сайын құны артып келе жатқан мамандық иелері біздің елімізде жеткілікті ме? Өкінішке қарай, бұған тұщымды жауап бере алмаймыз. Өркениетті елдер бұған күні бұрын қамданып, мәселені ертеден күйттеген және оны күн тәртібінен түсірген емес. Біздегі жағдайға келсек, Almaty Management University алғаш 2019 жылы ғана «Урбанистика және сити-менеджмент» мамандығына талапкер қабылдай бастапты. Бізде «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ деген құрылым бар. Ол әлемдегі ең үздік тәжірибе мен әдістерге сүйене отырып, қаланы тұрақты дамыту, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысуды мақсат тұтады. Осы құрылым ұйымдастырған Urban Talks және Urban Forum Kazakhstan сияқты тәуелсіз диалог алаңдарының тиімді болғанын атап айтамыз. Мұндай шаралар азаматтық қауымның үніне құлақ асуға жол ашады.

Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында «URBAN-FORUM» жиындары өткеннен соң, ел астанасында Урба­нис­тика орталығы қала әкімді­гін­дегі кеңесші орган ретінде іске қосылған. Мұнда да қаланы дамыту мәселелерін талқылауға қала бел­сенділері мен қоғамдық ұйымдар өкіл­дері қатыса алады. Соның нәтижесінде аз уа­қыттың ішінде қала қозғалысына, көпірлерге, жасыл аймақтарға, парк­терге, велосипед жолдарына байланыс­ты тың ізденістер мен жобалар жүзеге аса бас­тады.

Бір қарағанда, жоғарыдағы мәселе еліміздегі екі-үш қалаға ғана қатыс­ты сияқты. Жоқ, олай емес және жоға­рыда аталған не аталмаған өзге шаһарлардың даму тұжырымдамасын урбанизация тұрғысынан қайта қарау қажеттілігін уақыттың өзі талап етіп тұр. Кез келген қала кеңістігі, шаһар мен ауыл арасындағы қозғалыс, қарым-қатынас жыл өткен сайын қиындайтыны белгілі. Мәселен, бір көлік кептелісінің өзі не тұрады? Алматы маңайын алайық. Алыс ауылдардың тұрғындары мега­полис­ке күнде қатынайды. Бірі күн­көріс, бала-шаға қамымен көлікке отырса, екіншісінің қызметі, жұмысы қа­лада. Сондықтан кәсіп пен нәсіп үшін таңғы бес-алтыдан қимылдайды. Таң­ның атысымен радиусы 100-120 шақырым болатын күре жолмен қалаға тарту, кешқұрым қайта оралу есіл уақыттың есебін көрсететін шама. Миллион тұрғынымен мақтанатын немесе соған жетуді армандайтын қалаларымыздың ертеңі осындай қияметке кезікпесіне кім кепіл? Жол азабын азайтып, халықтың алтын уақытын зая кетірмеуге қарапайым адамнан бұрын үкімет орындары, тиісті министрліктер мүдделі болуға тиіс деп ойлаймыз. Ендеше урбанизация үрдісіне мемлекеттік көзқарас, яғни ғылымға негізделген жобалар ауадай қажет. Сонда еліміздегі адам капиталын, еңбек ресурстарын пайдалануда парық, өлшем, әділеттілік орнығар еді. Әзірге бұл – шешімін күтіп жатқан мәселе. Бірақ жүйесімен атқарылса, игілікті бастама.

Еліміздің көп қалаларында, облыс орталықтарында кәсіби урбанистер болмағандықтан, бұл бағыт стихиялы түрде өз бетімен жүріп жатқандай. Қайткенде де жүйелі жұмыс әзірге байқалмайды.

Жергілікті атқарушы билік өкіл­дері айналысатын маңызды тағы бір міндет бар. Ол – қалаға келіп-кету­шілердің ғана емес, біржола қоныс аударушылардың сана-сезімі, тағат­тылығы, тәртібі, тәрбиесі мәсе­лесі. Бұл – көп қырлы шаруа.

Егер ішкі миграциядағы (көші-қон) қарқын мен халықтың қалаға үдере көшуін ескерсек, урбанистерді даярлаудың маңызына ерекше ден қояр едік. Оның үстіне, әрбір қаланың өзіндік ерекшелігі болатыны белгілі. Сондықтан оның өткені мен бүгінін, демографиялық ахуалды зерттемей, архитектуралық нысандар мен коммуналдық қызметтер жүйесін, қаланың барлық мәліметтерін, статистикалық деректерін талдамай жоғарыда айтылған урбанизация үрдістерін мемлекеттік тұрғыдан реттеу мүмкін емес. Көпшілікке ортақ қоғамдық орындардағы тәрбиелі мінез-құлықтан, сәлемдесу әдебінен, тазалық пен тәртіп сақтаудан, алуан түрлі қызметтерді тұтынудан бастап, қала тұрғындарын топтастыра түсетін ортақ мереке-мейрамдар, сауық-сайрандар, ауқымды, салмақты саяси, әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық шаралар кез келген қаланың біртұтас мәдениетін құрайтынын есте ұстаға­нымыз жөн.

Мәселен, қалаға және оның ма­ңайына қоныстанушыларға қатыс­ты қандай мақсатты жұмыстар жүр­гізілуге тиіс? Қауіпсіздік шаралары, әлеуметтік көмек өз алдына, қа­лаға біржола көшкендердің ортаға бейім­делуін жеңілдету – маңызды қа­дам. Ортақ қоғамдық келісімге мо­йынсыну үшін олардың есебі анық­талып, қоныстану, еңбекке араласу, жұмысқа орналасу картасы түзіл­гені жөн. Жол іздеген кісіге жол көр­­сет­кендей, соқпағын таба алмай, аб­ды­­рағанды жетекке алғандай көмек көрсету мемлекеттік мекемелер, қыз­меткерлер мойнындағы абыройлы борыш болуға тиіс.

Үкіметтің 3,5 мың ауылды өр­кен­­детеміз деген жоспарынан хабардармыз. Нақты айтсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауыл тұрғындарының 90 пайызы немесе 7 млн адам тұратын 3 477 ауыл жаңғыртылмақ. Барлығы 1,3 трлн теңге бөлу көзделген. Оның ішінде ауыл­­дарды дамытуға 2026 жылға де­йін 900 млрд теңге бөлінетіні ресми түрде жария етілді.

Оның үстіне, қазіргі таңда бір жағынан кадр тапшылығы, екінші жағынан жұмыссыздық (сорақысы – еңбексіздік індеті де жайлап барады) ауылдың алқымынан алып тұрғанын жасырудың қажеті жоқ. Ке­рісінше, оны шешу жолдарын екі­жақты талқылап, бірге қарастыру керек. Әйтпесе, ауылдың, ауыл шаруа­­­­­шы­лығы проблемаларының ұшы-қиыры жуықта көрінер емес. Сонымен бірге 3,5 мыңдық тізімге енбей қалған ауылдарымыздың тағ­ды­рын да тәл­кек­ке салуға болмас. Олар бойынша толық түгендеу (инвентаризация), сұрау салу арқылы сараптау жұмысы жүргізілуге тиіс. Ондай ауылдарды өркендетуді отандас, әлеуетті іскер азаматтарға, бизнесмендерге белгілі бір шартпен ұсынар болса, талапкерлер табылып, болашақ миллионерлер ауылдан шықпасына кім кепіл?

Ең күрделі мәселе – оларды үкі­мет тарапынан бекітілген ұлт­тық жобаларды жүзеге асыруға қатыс­ты­ру. Ол үшін тиісті талаптар анық жазылып, ашықтық қағидаты қамта­масыз етілуге тиіс. Әрине, бұл жерде интеграцияланған цифрландыру жүйесінің көмегі тиетіні сөзсіз. Әлеуметтік мәртебесі, білімі, өнері, қабілет-қарымы, тәжірибесі, еңбек өтілі, отбасы жағдайы, тіпті өндірістік мінездемесіне дейін ескерілуге тиіс. Мысалы, тәжірибелі дәнекерлеуші мен кірпіш қалаушыны өз алдына, делдал мен қарауылды жеке қараған дұрыс болады. Әр кәсіп иесінің мүм­кіндігіне, біліктілігіне, іске жа­рам­дылығына кепіл не кепілдеме қажет.

Қажет болған жағдайда, «Қа­зақстан Республикасындағы жер­гі­­лікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға тиісті өзге­рістер мен толықтырулар енгізу мүм­кіндігін қарастыру да қиынға соқпайды.

Ал қатысуға мүмкіндігі шектеулі немесе белгілі себептермен қатыса алмайтын азаматтар тіркеуге алынып, олардың біліміне, қабілетіне лайық өзге ұсыныс жасалса, шұғыл түрде жұмыс күшіне сұранысы бар салаларға маман даярлауды жолға қоюға болар еді.

Соңғы он жыл көлемінде ауыл халқының саны 45 пайыз болса, қазір ол 41,5 пайызға дейін төмендеген. Ал 2019-2020 жылдары ауылдан қалаға 750 мыңнан астам адам жұмыс үшін амалсыз көшкендігі расталып отыр. Сондықтан жер-жерде оңынан шешіліп жатқан тұрғын үй – баспана салудың өзін жан-жақты зерттеп, іске асырмаса, мемлекеттің қаражаты ысырап болуы мүмкін.

Перспективалық тұрғыдан қара­ғанда, барлық ауылдың болашағы зор деп айту қиын. Сондықтан бұл салаға нарық жүйесі дендеп енгенде ғана көп нәрсе анықталады. Жалпы, тұрғылықты жерді (ауыл не қала) таңдау – халықтың өз еркінде. Қалаға қоныс аудару үрдісін жіті зерттеп, болжау, тиісті ұсынымдар әзірлеу – сала мамандарының еншісі. Бұл іске азаматтық қоғам белсенділерін тарту да тиімді болмақ. Сондықтан жоғары оқу орындарында урбанистерді даярлау, олардың қызметін ұйымдастыру – мемлекеттік қолдауды қажет ететін өзекті мәселе.

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты