Жұмыс барысында індет жұқтырып, өлім аузынан қалған дәрігер төлемақы ала алмай жүр.
Екі жылға жуық уақыт көлемінде коронавирус нәубеті әлемді бір тарының қауызына сыйғызып, адамзатты тығырыққа тіреп отыр. Осы зауал шақ басталғалы алдымен кеудесін оққа тосқан жауынгердей майданның алғы шебінде жүргендер – дәрігерлер. Осындай нағыз қызыл майданның ортасында жүрген азаматтың бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық көпсалалы аурухананың акушер-гинекологы Илес Бекманов.
Ана толғатып жатқанда дәрігерлер де жанын шүберекке түйіп тұрады. Бұл көрініс талай балаға кіндік әке болған Илес Құдайбердіұлының күнделікті жұмысына тән. Ол үшін басты мақсат – ана мен баланың амандығы жұмысының мазмұны ғана емес, өмірінің мәнінен кем түспейді. Уақытпен санаспай, күндіз-түн демей перзентханада жүретін Илес Құдайбердіұлы да коронавирустың шеңгеліне іліккен. Қауіпті кеселдің нышансыз түрімен ауырып, 2020 жылдың 9 мамырында аурухана төсегіне жатты. Он үш күн ауруханада емделіп, тағы бір аптадай үйінде бойын тіктеп алған соң, 30 мамырда қызметіне қайта кірісті. Бірақ дәрігерге коронавирус қайталап соқты. 2020 жылдың 19 маусымында Илес ауруханаға тағы түсті. Өкпесі 45 пайыз қабынғаны белгілі болды. Қызметіне тек шілде айының басында шықты. Жұмысқа шыққанымен, ауру жүдеткен ағзаны қайта нығайту үшін оның жұмыспен арпалысып жүріп, көп күтінуіне тура келгені рас. Әйтеуір аман қалғанына тәубе деді.
Төтеннен келген жау секілді бұл нәубет ауру емінің анық хаттамасы бекітілгенше, науқастарды емдеу барысында етене араласқан біраз дәрігердің басын жұтты. Міне, сол уақытта Денсаулық сақтау министрінің және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күресу бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын денсаулық сақтау қызметкерлеріне бір реттік әлеуметтік төлемді жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» бірлескен бұйрығы негізінде медицина саласының осы ауруды жұқтырып алып, ауырған қызметкерлеріне екі млн теңге көлемінде төлемдер берілуі көзделген болатын. Алайда жарты жылдай уақыттан кейін, осы аталған бірлескен бұйрықтың күші Денсаулық сақтау министрінің және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 24 қазандағы бірлескен бұйрығымен жойылды. Осы бірлескен екі бұйрықтың арасында қызмет кезінде коронавирус жұқтырып алып, ажал тырнағынан әупірімдеп аман қалған Илес Бекманов та мемлекет төлейтін екі млн теңге төлемді алуы керек еді. Бірақ олай болмады.
Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы И.Бекмановқа аталған бұйрық негізінде біржолғы әлеуметтік төлем беруден бас тартты. Илес Құдайбердіұлы атамекенге әу баста Өзбекстаннан келген ағайын болғандықтан, «Отандастар» қорының Қостанай облысындағы фронт-офисінің бұрынғы сарапшысы Талғат Ахметовке хабарласып, жағдайын айтты. Оның кеңесімен Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотына талап-арыз берген болатын. Осы соттың судьясы А.Ордабаевтың төрағалығымен 2021 жылдың 12 ақпанында өткен сот отырысындағы №7113-21-00-2/19 азаматтық іс бойынша Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бірлескен бұйрық негізінде біржолғы әлеуметтік төлемді төлеп беруінен бас тартуы туралы 2020 жылдың екінші желтоқсанындағы №106-11-19/7159 хатын заңсыз деп танып, И.Бекмановтың талап-арызын қанағаттандырды. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сот шешімі күшіне енгеннен кейін бір айдың ішінде өтініш-арыз иесі құқығының, заңды мүдделерінің бұзылуын қалпына келтіру міндеттелді.
Алайда жауапкер Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл сот шешіміне наразы болып, Нұр-Сұлтан қалалық апелляциялық сот алқасына шағым түсірді. Биыл 13 мамырда Нұр-Сұлтан қалалық азаматтық істер жөніндегі сот алқасы №2а-2330 іс бойынша бірінші сатыдағы Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырып, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Әділ заң шешімі әділеттілік орнатқандай болып еді. Бірақ сот шешімі күшіне енсе де, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оны әлі күнге дейін орындаған жоқ.
И.Бекманов елордадағы Сарыарқа аудандық прокуроры М.Шырынбековтің атына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабына сәйкес, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының сот шешімін орындамай отырған тиісті басшыларының ісі және оларды әкімшілік жазалау жөнінде өтініш хат жазды. Бірақ дәрігерді заңның орындалуын қадағалаушы органның ісі таңғалдырды. Прокуратура сот шешіміне пысқырмаған қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшыларына «мұның қалай?» демеген сықылды. Дәрігердің өтінішін Денсаулық сақтау министрлігіне қайта жолдапты. Мұны қалай түсінуге болады? Сот шешімін жергілікті атқарушы орган құлағына да ілмеді. Ал заңның орындалуын қадағалаушы орган – прокуратураға да соттың шешімі маңызды болмағаны ма? Сонда әділеттік үшін кімге жүгіну керек? Осыны ойлап жабырқаса да, антқа адал дәрігер таңертең көзін тырналап ашқаннан перзентханаға жүгіреді. Коронавирус қаупі қайықтың үстіндегідей қылпылдатқан күндер сырғып өтіп жатыр...
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
журналист