• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Тамыз, 2021

Сыр бойындағы Садық ахун мұрасы

655 рет
көрсетілді

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы мен Qyzylorda телеарнасы бірлесіп қолға алған «Құнды жәдігер» жобасы аясында атақты діни қайраткер Садық Қодарұлы жайлы құнды мәліметтер мен ел арасында емшілігімен де танымал болған ахун пайдаланған заттар жинақталды.

Садық ахун қазіргі Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылында 1860 жылы дүниеге келіп, осында 1937 жылы қайтыс болған. Бозбала күнінде Тапал ахунға шәкірт болған Садық кейіннен Қармақшыдағы Ораз ахун Бекетайұлынан дәріс алып, білімін жетілдіреді.

Көкілташ медресесінде төрт жыл білім алып, «ахун» дәре­жесін иеленген Садық медресе жанындағы дәрігерлік мектепте оқып, талап-зейінімен талайды таңғалдырады. Ибн Сина ілімдерін үздік оқыған оған ұстаздары білімін Иран мен Францияда жалғастыруға кеңес беріпті деседі. Бірақ ахун өзін бүкіл ел күтіп отырғанын ескеріп, Сыр бойына қайтып оралады.

Садық ахун 1898 жылдан бастап мешітте имам болған. Көп ұзамай Қармақшыдағы Иіркөл маңына көшіп келіп, дәулеттілер көмегімен мешіт салып, сонда ұстаздық етеді. Қазір «Садық ахун мешіті» атанған сол имандылық үйінің орны сақталыпты.

– Ел аузында Садық ахун­ның атақты академик Қаныш Сәтбаевты емдегені ту­ралы айтылады. Ахунның жеке қорында сақталып, кейін ұр­пақтары Сырдария аудан­дық тарихи-өлкетану музейіне өткіз­ген заттарының ішінде екі кітаптың жалпы мазмұны аударылды. Құнды дүниелерді тәржімалауға белгілі дін­танушы Мәлік Төлебай мен Қар­мақ­шы ауданындағы Жаңа­қала ауылының имамы Ер­бол Тағыбергенұлының көп көмегі тиді. Кітаптың аты «Уафа, у-Альуафа, Биахбари Дариль­мустафа», авторы – Абул Хасан ибн Абдуллах әл-Самғуди. Зерттеулер нәтижесінде Абул Хасан әл-Самғудидің Мы­сырдағы Самғуд елдімекенінде 1440 жылы дүниеге келіп, 1505 жылы Мәдина қаласында дүниеден өткені, 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы екендігі, көбінесе тарихи тақырыптарға қалам тартқаны белгілі болды, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғы­лыми хатшысы Асхат Сайлау.

Екінші кітап Құран тәпсір­леуге арналған. Туындының жалпы мазмұнын Отырар мем­лекеттік қорық музейінің қызметкері Ералы Шоқай анық­тапты. Авторы Мухиддин Әбу Абдуллах Мұхаммед ибн Әли әл-Андалуси (1165-1240 жж.) Ислам әлемінде «Ұлы ұстаз» ата­ғын алған ғұла­ма­лардың бірі. Осман империясында жарық көруі мүмкін туынды елімізде өте сирек кездеседі. Бір өкініштісі, екі кітаптың да баспа бетін көрген жылдары жайлы мәліметтер жо­йылы­п кеткен. Алдағы уақытта бұл толық зерттеуді қажет етеді.

Экспедиция барысында Садық ахунның ұрпақтарының қолында сақталған аса таяғы, дәрі үккіші туралы мәліметтер жинақталды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА