Шығыс Қазақстан облысының полицейлері интернет қолданушыларын алдап, ақша жымқырған екі тұрғынды ұстады, деп жазады Egemen.kz.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері алаяқтыққа қарсы республикалық жедел-профилактикалық іс-шара барысында интернет қолданушыларын алдап, ақша жымқырған екі тұрғынды ұстады.
Ведомствоның мәліметінше, күдіктілердің бірі OLX веб-сайтына соңғы үлгідегі ойын приставкасын төмен бағада сату туралы жалған жарнама салған. Қызығушылық танытқан азаматтарға сатып алғысы келетіндердің көптігін айтып, алдын ала төлем сұраған. Ақшаны алғн соң телефон нөмірін бірден бұғаттап тастаған. Осылайша ол еліміздің әр өңірінде тұратын 9 азаматтан ақша алған.
Екінші күдікті интернетте несие алуға көмектесетіні туралы жарнама жариялаған. Көмек сұрап хабарласқандардан барлық қажетті құжатты алып, солардың атынан онлайн несие рәсімдеген. Түскен ақшасы өзі алып отырған.
Бүгінде тәртіп сақшылары оның заңсыз әрекетінен зардап шеккен 12 азаматты анықтады.
«Күдіктілердің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-бөлігі бойынша қаралып жатыр. 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу жалғасуда», деді ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.