• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 12 Тамыз, 2021

«Жасыл ел», қоқыс жәшігі және жас кәсіпкер

642 рет
көрсетілді

Жетісуда  «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысы жақсы жолға қойылған. Өткен жылы облыстың еңбекшіл жастары Jyl serpini номинациясын иеленіп, үздіктер қатарына көрінген болатын. Биыл да штаб ХVІI маусымдық еңбек жұмысын шілде айы­нан бастаған екен, қазір 944 ерікті жас жұмыспен қамтылыпты. Сонымен қатар облыста студенттік құрылыс отрядтарының жұмысы қайта жанданды.

Облыстық жастар саясаты мә­се­­лелері жөніндегі басқарманың мә­лі­метіне қарағанда, бүгінде «Жа­сыл ел» жасақтарының құра­мын­да жоғары оқу орнының 217 сту­денті, кәсіптік техникалық бі­лім беру орталықтарының 304 сту­денті, 245 мектеп оқушысы, 178 жұмыссыз жас бар екен. Ал биыл штаб жұмысын үйлестіруге жер­­гілікті бюджеттен 151,6 млн тең­геге жуық қаржы бөлінген болатын.

Сонымен өткен бір ай ішінде облыс бойынша жастар «Жасыл бақ – таза қала», «Таза өзен – таза жағалау», «Жайқалсын жас терек», «Экодесант» акцияларын өткі­зіп, экологиялық тазарту ша­ра­­ларын атқарса, «Армысың, Ардагер», «Үлкенге құрмет – кі­ші­ге міндет» атты қамқорлық акциялары кезінде қарттарға жәдем көрсетті. Жалпы, шілде айында жастардың қатысуымен облыс бойынша 156 км арық тазартылып, 301 га жердің шөбі шабылған, 176 га жер қалдықтан тазартылып, қо­қыс­ы шығарылған.

Қоқыс демекші, жақында Тал­­ды­қорған қаласындағы «Авангард» бастауыш партия ұйым төрағасы Ғазиз Аманжолұлы қал­дықты сұрыптап, қайта өңдеу­ге қатысты бастама көтерді. «Нұр­­отандық» жас белсенді өзі тұ­­ратын көпқабатты үй тұр­ғын­­дарын бастамаға қосылуға ша­қы­рып, целлофан, қағаз, металл, тұрмыстық қалдықтар және пластик бұйымдарын ауладағы қоқыс бөшкесіне бөлек сұрыптап, салуды бастады. Және бүкіл қала тұрғындарын өзінің ісінен үлгі алуға шақырады. Есесіне, сұ­рып­тал­ған қоқыс-шикізатты қа­былдап алушы компанияларға өткі­зіп, түскен қаржыны қайы­рым­­дылық қорларына өткізуге бо­лады екен.

«Өкінішке қарай, адамдардың қоқысты сұрыптау мәдениеті әлі де шындықтан алшақтау болып тұр, керісінше қоқысты целлофанға салып тастай салу немесе жолда кетіп барып, кез келген жерге лақтыра салу сынды жағдайлар көп кездеседі. Ал біз «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» деген ұранды ұстай келе, адамзат баласын табиғатты таза ұстау әрқайсымыздың міндетіміз деп есептейміз, сол үшін өзіміз бірінші болып үлгі көрсетуіміз керек», дейді Nur Otan партиясы Талдықорған қалалық филиалы «Авангард» бастауыш ұйымының басшысы Ғазиз Аманжолұлы.

Айтпақшы, аймақта студенттік құрылыс жасақтарының қызметі қайта жандана бастады. Бүгінде облыс көлеміндегі құрылыс жұ­мыс­тарында осындай отряд құрамындағы 211 жас жұмыс істеп жүрген көрінеді. Сондай-ақ облыс аумағындағы құрылыстың жандануы қажетті материалдарды өндіруге деген құлшынысты оятып отыр.

Мысалға, биыл жетісулық 28 жастағы жас кәсіпкер үй салуға қа­жетті газды блоктар шығаратын екінші  шағын зауытын ашты. Іскер азамат Ермек Сұңқарбекұлы алғашқы зауытты  өткен жылы Талғар ауданында іске қосқан екен. 3 гектар аумақта өндірістік цех, қойма жайлары, ұңғыма, өнімдер сатылатын шағын дүкен орналасқан. Өнімге сұраныс артып, көршілес аудандардан тапсырыс түсе бастаған. Сондықтан кәсіпкер екінші цехты іске қосып­ты. Ол осы жылдың мамыр айында Боралдай ауылында ашылды. Жалпы ауданы 1 гектар болатын жерге қажетті қондырғыларын ор­налаластырды.  Бүгінде күн сайын зауыттарда 50 шаршы метрден астам тас төсеніштер, 240 дана газды блок және 1200 приторлық блок шығарылуда. Ермектің екі кәсіпорында барлығы 17 адам жұ­мыс істейді екен.