• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Тамыз, 2021

Бағыстықтар табиғи газға қол жеткізді. «ҚазТрансГаз» компаниясы Президент тапсырмасын жылдам әрі тиянақты орындады

214 рет
көрсетілді

Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, оның өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сол себепті ірі қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда да тұрғындардың таза ауыз су, сапалы жол мен табиғи газ секілді игіліктерге қол жеткізуі өте маңызды. Осы орайда «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, Сарығаш және Қазығұрт аудандарында орналасқан 19 елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстарын қысқа мерзімде атқарып шықты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңында орналасқан Сарыағаш ауданы Бағыс ауылының әлеуметтік мәселелерін тездетіп шешу, соның ішінде ауылды табиғи газбен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берген болатын. «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып Мемлекет басшысының тапсырмасын ең қысқа мерзімде – 2021 жылдың мамыр-тамыз айларының аралығында орындап шықты. Күні кеше Сарыағаш ауданы Ақжар ауылдық округіне қарасты Бағыс ауылының тұрғындары табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

– Шекара сызығының бойында орналасқан Бағыс ауылы Қазақ­стан мен Өзбекстанның өзара келі­сі­мінің нәтижесінде Қазақстан аума­­ғына қосылғаны белгілі. Биыл Үкі­меттің арнайы қаулысы жа­рық көріп, ауылымыз Түркістан облы­сы­ның картасына енді. Көктем­де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің ауылдың әлеуметтік мәсе­ле­лерін шешу жөнінде тапсырма бергенін естіп, қуанып едік. Міне, сол тапсырма орындалып, ха­лық қуанышқа бөленіп жатыр. Мем­лекет басшысының тапсырма­сын тиянақты орындап шыққан «ҚазТрансГаз» компаниясына  және Түркістан облысының, Сарыағаш ауданының әкімдігіне алғысымызды білдіреміз, – деді табиғи газдың алауын салтанатты жағдай жаққан Бағыс ауылының биі Абидулла Құсайынов.  

Жалпы, бүкіл республикаға шипалы суымен танымал Сарыағаш ауданында 72 елді мекен бар. Бүгінге дейін соның 42-сі көгілдір отын­ға қол жеткізген. Яғни елді мекен­дер­дің газбен қамтылу көрсеткіші 58 пайызды құрайды. Ал Қазығұрт ауданындағы 64 ауылдың 44-і табиғи газға қосылған. Бұл аудандағы газдандыру көрсеткіші – 68 пайыз.

Жақында Сарыағаш ауданда «Таскескен» және Қазығұрт ауданында «Қақпақ» автоматтан­ды­рыл­­ған газ тарату стансаларының құ­рылысы аяқталып, пайдалануға беріл­ді. Осылайша, қос аудандағы Қызылсеңгір, Тұғыр, Заңғар, Қақпақ, Сыр­лысай, Бағыс, Шымырбай, Дар­база, Жаңаталап, Тегісшіл, Таскес­кен, Мәдениет, Мәдениет-2, Жылы­су, Ақүй, Дастан, Алғабас, Құркелес және  Таскескен-2 елді мекендеріне көгілдір отын жеткізілді.

– «Қақпақ» және «Таскескен» стансаларымен қоса, 300 шақырым­ға газ құбыры тартылды. Бұл 19 ел­ді ме­кендегі 22 мыңнан астам халық­ты газбен қамтуға мүмкіндік бе­ріп отыр. Бұл елді мекендерде 5 мыңнан астам отбасы мен  250 әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандары бар. «ҚазТрансГаз» компаниясы бұл стансалардың, одан тарайтын құбырлардың барлық техникалық және қауіпсіздік нормаларына сәйкес салынуын қадағалады. Біз халыққа үздіксіз, қауіпсіз және авариясыз газ берілуіне атсалысамыз. Газ – тиімді де пайдалы отын, бірақ оны пайдалану кезінде қауіпсіздік шаралары бірінші кезекте тұруы керек,  – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы Түркістан өндірістік филиалының директоры Шалқар Омарбеков.

Болашақта «Таскескен» автомат­тандырылған газ тарату стансасынан көршілес Келес ауданының 6 елді мекеніне де табиғи газ жеткізілмек. Айта кетейік, бүгінде Келестегі 83 ауылдың 39-ы табиғи газға қосылған.  

 Ш.Омарбековтің айтуынша, қазір автоматтандырылған газ тарату стансасына жалғанған бар­лық ауылға табиғи газ келіп тұр. Бірінші кезекте Сарыағаш ауда­нын­дағы Бағыс және Тегісшіл ауыл­­дары табиғи газға қосылған. Ендігі жерде тұрғындар газды көше­ден үйіне дейін кіргізу үшін «ҚазТрансГаз Аймақ»  компаниясымен келісімшарт жасап, арнайы бекітілген жобаға сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуі тиіс. Есептеуіш құралдар орнатылып, арнайы пломба соғылғаннан кейін табиғи газды пайдалануына болады.

Жалпы, Түркістан облыстық энер­гетика басқармасының мәліме­тіне сүйенсек, облыстағы 843 елді мекен­нің 423-і газдандырылған. Биыл об­лыс­та осы бағытқа 14 млрд теңге бө­лін­­ген. Түркістан облысын дамы­ту­дың кешенді жоспарына сәй­кес, 2026 жылға дейін өңірдегі елді мекендерге табиғи газ жеткізу үшін 90 млрд теңге бөлу жоспарланған. Нәтижесінде, алдағы бес жылда Түркістан облысы­ның аумағы толығымен газдандырылады деп жоспарланған.  

Мамандардың айтуынша, табиғи газ – бүгінде күні ең таза органи­ка­лық отын болып есептеледі. Сондық­тан Түркістан облысында  елді ме­кендерді газдандыру жүйелі түрде жүр­гізілуде. Бұл зиянды қалдықтар көлемін айтарлықтай азайтуға, өңір­дің экологиялық жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар табиғи газды пайдалану тұрғындар үшін қаржылық жағынан да тиімді екені белгілі.

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

 

Түркістан облысы