• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Тамыз, 2021

Жүлдегерлер марапатталды

315 рет
көрсетілді

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Жапонияның бас шаһары – Токиода өткен XXXII жазғы Олимпия ойындарының жүлдегерлерімен және бапкерлермен кездесіп, оларға Мемлекеттік наградалар мен қаржылай сертификаттар тапсырды.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен дзюдо спортының өкілі Елдос Сметов III дәрежелі «Барыс» орденімен, ауыр атлет Зульфия Чиншанло ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, боксшылар Қамшыбек Қонқабаев пен Сәкен Бибосынов, ауыр атлет Игорь Сон, таэквондошылар Софья Берульцева мен Дархан Асаділов және еркін күрес шебері Нұрислам Санаев «Құр­мет» орденімен марапатталды.

Мемлекеттік награ­да­мен қатар, спортшылар мен олар­дың жаттықтырушыларына қар­жылай сыйақы тапсырылды. Атап айтқанда, Олимпиада жүл­де­герлеріне 31 млн теңге, ал жат­тық­тырушыларына 25 млн теңге көлемінде сыйақы сертификаты берілді. Салтанатты іс-шараға бар­лық жүлдегер мен бапкерлерден бө­лек, Премьер-Министрдің орын­басары Ералы Тоғжанов, Пре­зидент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қатысты.

Жиында Мемлекеттік хатшы Токио Олимпиадасы еліміздегі спорт саласының шынайы бет-бейнесін анық көрсеткенін атап өтіп, спорт саласына шұғыл реформа қажет екенін айтты. Бірде-бір спортшымыздың алтын не күміс жүлдеге қол жеткізе алмауы елдігімізге сын болғанына тоқталды.

– Ең әуелі, балалар мен жас­өс­пірімдердің дене шынық­тыру­мен, спортпен айналысуын қамтамасыз ету қажет. Өске­лең ұрпақтың спортпен шұғыл­дануына жағдай жасамай, ірі жарыстарда жетістікке жетеміз деу әбестік. Сондықтан еліміздің барлық аймақтарындағы спорт мектептері мен үйірмелердің жағдайына терең талдау жасалып, оларды қолдаудың кешенді жос­пары әзірленуі тиіс. Халықтың саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуын дамытқан дұрыс. Спортпен шұғылданатын халықтың санын арттырсақ, одан сапа шығады. Бұл да кезек күттірмей, жедел қолға алатын шаруаның негізгісі, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Салтанатты іс-шара соңында Қазақстан ұлттық құрамасының атынан Елдос Сметов пен Софья Берульцева сөз сөйлеп, панде­мияға қарамастан, тыңғылықты жат­тығу жұмысын жүргізуге бар жағ­дайды жасағаны үшін Мем­лекет басшысына алғыс айтты.