Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84 пайызға дейін көтерді. Бұл – әлемдік орташа көрсеткіштен 15 пайызға жоғары.
Елбасы бекіткен Ұлт жоспарының 68-қадамында азаматтық авиация саласын басқарудың жаңа моделіне көшу көзделген. Оған қол жеткізу үшін Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен тізе қосып, бірлескен шараларды жүзеге асырды. Бірлескен жұмыстардың нәтижесі Халықаралық азаматтық авиация ұйымы тарапынан жоғары бағаланды.
Дәлірек айтсақ, ICAO осы жылдың 2-11 тамызы аралығында ұшу қауіпсіздігі бойынша тексеру жүргізді. Оның алдын ала белгілі болған қорытындыларына сәйкес, Қазақстанның ICAO стандарттарына сәйкес келетіні нақтыланып қоймай, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84 пайызға дейін көтерді.
Атап айтқанда, келесідей бағыттар айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетті. Негізгі авиациялық заңнама (LEG) стандарты 61 пайыздан 81 пайызға дейін өсті. Азаматтық авиация ұйымы (ORG) стандарты 37 пайыздан 75 пайызға дейін жоғарылады. Аэронавигациялық қызмет көрсету (ANS) деңгейі 87 пайыздан 95 пайызға көтерілді. Әуеайлақтар және жердегі қызмет көрсету (AGA) бағыты да жақсы өсім көрсетті – 56 пайыздан 90 пайызға жоғарылады. Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру (AIG) стандарты 47 пайыздан 53 пайызға жетті.
Осылайша, Қазақстан Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігіне (EASA) мүше елдер арасындағы ICAO стандарттарына сәйкестіктің орташа деңгейіне қол жеткізді (84 пайыз). Аталған көрсеткіш бойынша Қазақстан Еуропаның көптеген елінен жоғары тұр. Дәлірек айтсақ, біздің ел Нидерланд (87 пайыз), Бельгия (87 пайыз), Португалия (87 пайыз), Чехия (87 пайыз), Латвия (86 пайыз), Дания (85 пайыз), Исландия (84 пайыз), Польша (84 пайыз), Словения (82 пайыз), Кипр (82 пайыз) сияқты Еуропа мемлекеттерімен бір деңгейде орналасқан.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының бұл жолғы тексеруі Қазақстанның азаматтық авиация саласын басқарудағы жаңа тәсілді және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау кезінде бұрын анықталған ескертулерді жоюын, сондай-ақ сыннан нәтиже шығарып, жаңашылдықтарды енгізуін нақты бағалауға бағытталған.
Жалпы, ICAO саланы реттеуде айтарлықтай өзгерістер болған жағдайда ғана тексеруді бастайды. Қазақстанның Ұлт жоспарына сәйкес, елдегі ұшу қауіпсіздігін бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру моделін трансформациялау жөніндегі бастамасы ICAO-ның штаб-пәтері мен еуропалық өңірлік кеңсесі тарапынан жоғары бағаланды.
ICAO-ға мүше мемлекет аудиторлары жүргізген тәуелсіз бағалау да оң нәтиже көрсетті. Аудиторлар Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің жүргізген жемісті жұмысын жоғары бағалап, басқарудың жаңа тәсілі іске қосылған сәттен бастап қол жеткізілген елеулі прогресті атап өтті.
Қазақстанда ұшу қауіпсіздігіне қатысты айтарлықтай ескертулердің болмауы үшінші елдердің пайдаланушысы авторизациялағаннан кейін әуе компанияларына Еуропалық Одақ елдеріне рейстерді еркін орындауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда отандық әуе компанияларын Еуропалық комиссияның «қара тізіміне» енгізерліктей қауіп жоқ. Сондай-ақ шетелдерге ұшуға санкциялар немесе шектеулер енгізуге де ешқандай негіз жоқ.