• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Тамыз, 2021

Ішімдіктен бас тартып, ізгілікке бет бұрды

879 рет
көрсетілді

Адамгершілік қағидасына салсақ та, діни тұрғыдан келсек те, арақ-шарап атаулы туралы жақсы айтылмайды. Ішімдіктің адамның өзіне ғана емес, бүкіл ұрпағына да зиянын тигізіп, кесір келтіретіні, абыройдан айыратыны анық. Бұл ретте қоғамда алкогольді ішімдіктерден бас тарту құптарлық жағдай.

Мойынқұм ауданындағы Құмөзек ауылының тұрғындары кейінгі буынға үлгі болсын деген ниетпен ішімдіктен бас тартып отыр. Бұдан былай атал­ған ауылдағы барлық дүкеннің сөрелерінен «арам су» алынып тасталатын болды. Ауыл ақсақалдары арақ-шарапты сырттан әкеліп ішуге де тыйым салу керектігін айтып жатыр. Олар полицейлерді де осы іске белсене араласуға шақырды.

«Алла Тағала арақ ішу­дің харам екенін қасиетті Құран кітабында ескерткен. Ішім­діксіз ауыл – берекелі ауыл. Арақ-шарап ішілмеген жерде дұға қабыл болады. Енді Құмөзек ауылы көркейеді. Жаңа мешіт салынып жатыр. Арақ-шарап ішпей өскен жас­тар рухани тұрғыдан кемел болады. Қылмыс та болмайды. Біз қазір арақтан бас тарту арқылы өзімізді де, отбасымызды да сақтап отырмыз. Енді бұл бастама туралы басқа ауылдарға да барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек», дейді Мойынқұм ауданының бас имамы Рысбай Еспенбетов. Ал спиртті ішімдік сатудан бас тартқан дүкен иелеріне жұрт алғыс білдіріп жатыр. Тіпті кәсіпкер Ерболат Саурықов сол дүкен иелеріне арақ сатудан түскен пайданы өз қалтасынан-ақ беретінін айтты.

«Ауылда ақсақалдар кеңесі­нің жұмысы күшейген. Жастар жағы да өте белсенді. Жыл соңы­на қарай біз арақ ішудің сал­дарынан болатын төбелес пен қылмыс санының өзгеруі бойынша салыстырмалы ста­тис­­тиканы да жасап бермекпіз», дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жам­был облысы бойынша депар­таменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев.

Жалпы, бүгінде Жамбыл облысында 5 аудандағы 12 ауыл арақ-шарап ішуден де, сатудан да бас тартып отыр. Аталған ауылдардағы 126 дүкен иесі арақ-шарап сататын сертификаттарын өз еркімен өткіземіз деп отыр. Мұндай игі бастама енді өңірдің өзге де аудан, ауыл­дарында жалғасады деген үміт бар.

 

Жамбыл облысы