«Қазхромның» құрамындағы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының төртінші балқыту цехында заманауи аспирациялық жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталды. Жаңа жүйе шаң-тозаңды жинап алады. Кейін одан арнайы брикеттер жасалады. Осылайша, қалдықтың өзі кәдеге жаратылып, өндіріске кері қайтарылады.
ERG-дің экологиялық стратегиясы аясында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жаңа 63 аспирациялық-техникалық қондырғы орнату және 4 шаң ұстау жүйесін қайта жасақтау жобасын жүзеге асырып жатыр. Немістің сапалы жаңа жабдығы шаңды барынша тиянақты тазалайтын көрінеді. Яғни жаңа қондырғылар бұрынғыдан әлдеқайда күшті әрі тиімді. Бұған дейінгі шаңды қармау көрсеткіштері жылына 28 мың тоннаны құраса, жаңа сүзгілердің қуаты жылына 40 мың тоннаға дейін жетеді. Жалпы аталған экологиялық жобаға компания 740 млн теңгеден аса қаражат жұмсаған.
– Бұл жоба – зауыттың сүзгі жүйесін жаңғырту, қоршаған ортаны қорғау және өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға бағытталған кезекті қадамы. Біз өндіріске тек үздік технологияларды кезең-кезеңмен енгізіп келеміз. Қала тұрғындары да алаңдаулы. Бәрін түсінеміз. Сондықтан жұмыстың барысы туралы хабарлап отырамыз. Жабдықтар өте тиімді әрі сенімді. Оны пайдалану да қарапайым, – дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабеков.
Оның айтуынша, құрылғы халықаралық сапа сертификатына ие және қоршаған ортаны қорғау мен ауаны ластамау жөніндегі еуропалық талаптарға сай келеді. Жаңа сүзгілер қалдық тозаңы шекті рұқсат етілген концентрацияның 30 пайызынан кем болатын қатты бөлшектерді ұстап қалуға қауқарлы. Бұдан бөлек, қажетсіз материалды сақтау мәселесі де шешіледі. Әзірленген бағдарламаға сәйкес, жаңа жабдық қармап қалған барлық шаң-тозаң брэкс өндіретін арнайы учаскеге жіберіледі. Нәтижесінде, өндіріске жарамды жаңа материал алынбақ. Маңыздысы, енді аспирациялық жабдық цехтағы жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартып, сусымалы материалды тасымалдау кезінде ауаны бүлдірмейтін болды.
Күрделі экономикалық кезеңге қарамастан, «Қазхром» экологиялық іс-шараларға жұмсалатын шығындарды қысқартпағанын білеміз. Керісінше, соманы барынша арттырды. Мәселен, 2020 жылы «Қазхромның» барлық филиалы қоршаған ортаға кері әсерді төмендететін іс-шараларға 20 млрд теңгеден аса қаражат жұмсаған. Компания Еуропа мен Ресейдің тәжірибесіне сүйене отырып, 2030 жылға дейін ең озық қолжетімді технологияларды енгізу бағдарламасын әзірлеген. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 48 млрд теңге жұмсалмақ. Қатты қалдықтардың шығарындылары 40 пайызға азаяды деп күтілуде.
– Компания қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайды. Бұған компанияның экологиялық акциялары мен бағдарламалары дәлел. Қазір Ақтөбе зауытының бірінші және екінші балқыту цехтарын жаңғырту және қайта құру жобасы қолға алынды. Мұның нәтижесінде атмосфераға деген кері ықпал күрт азаяды. Сонымен қатар қалдықтарды өңдеуге баса назар аударамыз. Еуразиялық топтың ішінен ERG Recycling компаниясы құрылды. Ол кәсіпорын өндірісінің қалдықтарын өңдеуге бағдарланған. Былтыр Ақтөбе ферроқорытпа зауытында газ тазалау құрылғысы қармаған шаңнан брикет жасау цехы іске қосылды. Бұдан бөлек, жылына тұрақталған және қабыршық қождың 200 мың тоннасы қайта өңделеді. Зауыт үшінші жыл қатарынан тазартылған феррохромнан бөлінген қожды өңдеп жатыр, – дейді «Қазхром» трансұлттық компаниясының бас экологы Светлана Мащенко.