• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 17 Тамыз, 2021

«Өте сирек кездесетін экспонат» - Ботағай қонысынан 7 ғасыр сақталған сұйықтық табылды

859 рет
көрсетілді

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК Ботағай археологиялық-сәулет ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Ә.Марғұлан атындағы археология институты филиалының жетекші ғылыми қызметкері Серғазы Сәкенов мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы «Қолданбалы ғылыми зерттеулер» бюджеттік бағдарламасы бойынша ғылыми зерттеулер байқауына қатысты. Байқауда «Бозоқ көне қонысының археологиялық қазба жұмыстары негізінде ашық аспан астында ұлттық саябақ құру» жобасы ұсынылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ботағай ескерткіші туралы «Ортағасырлық Теңіз-Қорғалжын ойпатындағы тұрғын үй архитектурасының дәстүрлі түрлері: эволюцияның шығу тегі мен ерекшеліктері» тақырыбындағы ғылыми зерттеулерге қолдау танытты.

Министрлік тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеу үшін мұражай-қорықтардың ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларға қатысуына жағдай жасап отыр. Жобалар үш жылға есептелген.

Белгілі археолог Марат Семби және Ә.Марғұлан атындағы археология институты филиалының жетекші ғылыми қызметкері Серғазы Сәкенов бастаған «Бозоқ» музей-қорығының бір топ ғылыми қызметкері археологиялық-сәулет ескерткіші – Ботағай қалашығын зерттеу жұмыстарын жүргізіп келді. Дала жұмыстарына Қорғалжын ауылының жастары да қатысты.

«Біз ортағасырлық Ботағай қонысын зерттедік. Ол туралы орыс дереккөздерінен де белгілі, Әлкей Марғұлан шығармаларында да бар. Бұл қоныс Қорғалжын ауылының маңында орналасқан. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ортағасырлық қонысты зерттеуге гранттық қаржыландыру бөлді. Археологиялық мәліметтерге қарағанда, бұл XIV-XV ғасырларда дамыған ортағасырлық қоныс болған. Ол өндірістік блоктардан тұрды. Керуен сарайы бар. Біз бір өндірістік блокты толық зерттедік, онда кірпіш күйдірілген, глазурь жасалған, яғни шыны кірпіш шығарылған бөлме табылды. Бөлмеде баспалдақтар бар. Барлық кірпіштер осы күнге дейін сақталған. Тіпті еден мен қабырғалар күйдірілген кірпіштен қаланған», дейді археолог.

Осылайша, археологтар бұл жерде шикізат өндірісі басынан бастап соңғы өнімге дейін жеткізілетін толық өндірістік цикл болғанын анықтады. Шикізат дайындалған бөлмеде диірмен тастары да табылды.

«Сонымен қатар бірнеше глазурь пешін таптық. Бір пеш кірпіш күйдіруге арналған. Яғни, мұнда кірпіш өндірудің толық циклы әзірленді. Әртүрлі пішіндегі өрнегі бар терракоталық кірпіштерді тапқанымыз өте маңызды. Жылтыратылған кірпіштің бірнеше мысалы бар. Глазурь археология ғылымында әйгілі Тимур глазурі ретінде белгілі. Ол Самарқанда, Бұхарада өте танымал болды. Мұндай өндіріс орталығы солтүстіктің ең шетінде - Сарыарқада табылды. Бұл XIV-XV ғасырларда қоныстың қала мәдениетінің дамуында үлкен өндірістік, әлеуметтік және саяси рөл атқарғанын көрсетеді. Яғни, бұл жәдігерлер мұнда қала мәдениеті шынымен дамығанын дәлелдейді», дейді Серғазы Сәкенов.

Археологтар осы зерттеулердің арқасында ежелгі дереккөздерде жазылған ортағасырлық қонысты тапқаны туралы сенімді түрде айта алады. Ғалымдар зерттеуді жалғастыруды жоспарлап отыр. Қонысты жоғарыдан бақылау кезінде керуен сарай орналасқан бекініс қабырғалары табылды.

«Ең қызығы - ішінде сұйықтық сақталған ыдыс таптық. Оның биіктігі 40 см және аузы қақпақпен тығыз жабылған. Ішіндегі сұйықтықтың түсі қара және қоймалжың. Мұндай сұйықтықтың табылуы - археологиядағы ең үлкен олжа. Тіпті Самарқандта, Бұхарада, Түркістанда мұндай ыдыс табылмады. Біз қазір бұл сұйықтыққа биохимиялық талдау жүргізуді жоспарлап отырмыз. Егер ескерткішті XIV-XV ғасырларға жатқызсақ, бұл ыдыс 600-700 жыл бойы сақталған деген сөз. Ішіндегі сұйықтықтың осы күнге дейін жеткені таңғаларлық. Менің ойымша, бірнеше айдан кейін біз бұл сұйықтықтың құрамын, не екенін, не үшін қолданылғанын білеміз», деп бөлісті археолог.

Тағы бір маңызды олжа - көне бейіттер. Археологтың айтуынша, өндіріс орталықтарының жанында адамдар жерленген. Осы арқылы ескерткіштің нақты хронологиялық жасын анықтауға болады. 

Археологтың айтуынша, Ботағай қонысы Жібек жолының бойында пайда болған, яғни керуен жолдары осы жерден өткен.

«Мүмкін, қоныс керуен жолында пайда болған шығар, өйткені оның айналасынан керуен сарайының ізін кездестірдік. Археологиялық деректер қаланың кем дегенде осы жерде қалыптасып, дамығанын көрсетеді. Біздің ойымызша, егер ол Жібек жолының бір тармағында орналасқан болса, табылған ыдыстағы сұйықтық импорттық мұнай болуы мүмкін. Бірақ бұл тек болжам. Нақты деректерді биохимиялық сараптамадан кейін аламыз», деп түсіндірді Серғазы Сәкенов.

Ортағасырлық Ботағай қонысы Қазақстан мен Орта Азия аумағында қала мәдениеті жақсы дамығанын дәлелдейді.

Химиялық анализден кейін ғалымдар ыдысты мұражайға қоюды жоспарлап отыр. Серғазы Сәкеновтың айтуынша, бұл өте сирек кездесетін экспонат.