Ұлытауға барғандардың көбі таудың биігі мен бөктерінен ұларын іздейтін көрінеді. Ұлытаудың ұлары деген қазақ үшін аса қастерлі болса керек. «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген халықтың ескі сөзі және бар. Нешеме жыл, қаншама ғасырдан бері келе жатқан сөз екен бұл?
Білуімізше, ұлар – тек қия-шыңды мекендейтін қасиетті құс. Бұрын болыпты Ұлытауда. Көргендер де бар деседі. Атақты физик, ғасыр ғұламасы Темірғали Көкетай «жастау кезімде барып, екі-үш күн жатып аралағанда көре алмадық. Бірақ сондағы қариялар арасында көргендері бар екен» дейді... Кейінгі жылдары көбіне Ұлытауды туристік орталыққа айналдыру жағы айтылып кетіп еді. Өткен аптаның көлемінде «Ұлытаудың ұлары оралды» деген әңгіме шыға келді тұтқиылдан. Ел аң-таң. Есіме бірден Жүрсін Ерман ағаның өлеңі түсті.
«Аз отырған қонағың көп сынайды,
Қарт Ұлытау бұл күнде жоқ шырайлы.
Ұлытауға үйіріліп барған халық
«Ұлар бар ма бұл тауда?» деп сұрайды.
Ұлытауда ұлар жоқ. О несі екен?
Көңіл бірден алады неге секем?
Бұл Ұлытау – өзі емес көне таудың,
Бізге жеткен аласа елесі екен.
Көзін тігер өткенге кім оралып,
Бір тау жатыр көрпесін жылы оранып.
Заңғар таудың биігін уақыт ұрлап,
Тау шөккенде, кетіпті ұлар ауып...»
(Жүрсін Ерман. Ұлытауда ұлар жоқ).
Табиғатынан алып тау да аласарады. Тіпті шөгіп кетеді. Адам ше? Аласарған тау емес, Ұлытаудан биіктікті бағамдап, бауырына қонған ұлт шығар мүмкін. Бір кездері Жошы ұлысы аталған ұлы халық! Таумен бірге олар да шөккен болады ғой сонда. Шөккен тау өспегенмен, адам баласы жасампаздықпен байырғы қасиетін қайта табам десе, қабілеті жетеді. Ұлытаудың жанынан Кіші тау жасаған адам өзін іздеп таппақ түгілі, басып озуға қауқарлы. Біздің ұлттың қадір-қасиеті Ұлытаудың айналасында шоғырланғандай әсер қалдырады кейде. Ұлытау аты аталғанда тіл ұшына оралатын ұлар туралы мына жырлардың түп-төркіні соны тектейді.
«Ұлар – дүниедегі азаттық пен еркіндіктің символы. Бір тобы жайыла бастаса, арасынан біреуі тасқа шығып, сақ отыратын ақылды құс. Ат сүрінген жерден ақыл тапқан ақылманды мақтағанда, «адамның Абылайы» дейді қазақ. Ұлытаудың ұлары да сондай құс деп білеміз. Сол ұлар Ұлытауына жақында қайтып оралуы да ғажап емес» деп те жазып едік.
Ұлттың көзінен жас ақпасын. Егер аға қалса, әуелі Ұлытауға таматындай болады да тұрады. Алаш күңіренсе, Ұлытаудың ұлары шулайтындай сезіледі. Біле білгенге, Ұлытаудың киесі мен символы ұлары мен ұлтының қасиеті емес пе? Кие мен қасиетті кім ұстап көріпті?! Сөйтсе де, жоқ деп ешкім де айта алмайды. Сезінуге ғана болады. Тек қана биік шыңдарды мекендейтін ұлар да пенде баласының көзіне түсе бермейтін аса қасиетті құс деседі. «Ұлытауға шықтың ба, Ұлар етін жедің бе?» сөзін індете жүріп мынадай мәліметтер кезіктірдік: «Қысы-жазы тау басын мекен ететін отырықшы, дене тұрқы кекілікке ұқсас келетін шағын ғана ұлар ешкімнің мазалағанын, тыныштығын бұзғанын қаламайды. Сондықтан да көзден жырақта, адамнан тасада тіршілік етеді. Ұлар құс торға түссе, дереу өліп қалады. Әлемнің бірде-бір зообағынан ұлар көрмейтініміз содан болар. Тауда ойнаған кекіліктің, қалыңда жүрер бөдененің, тіпті қырғауылдың жұмыртқаларын үй тауығына бастырып, балапандарын қолға үйретуге болады. Шөжелері тегім, нәсілім, басқа демей, телмеңдеп, тауықтың соңынан жүгіріп жүреді. Ал ұлар қолға үйренбейді. Жұмыртқасын тауық басып та шығара алмайды, балапанына адам қолы тисе болды – өледі. Қолға түспестігін меңзегені болар. Елімізде Алтай және Гималай ұлары кездеседі. Көбіне бес-оннан топтасып жүріп, тек көктемде ғана жұптасатын олар өте сақ келеді. Тау бөктерінде жайылып жатқанда, біреуі биік құзға шығып, жан-жағын бағдарлап тұрады екен. Егер қауіпті сезсе, айрықша үн шығарып, хабар беретін көрінеді. Қалған құстар мұны естіп, әбігерленіп, шулайтын көрінеді. Сондықтан қазақ халқында «ұларды шулатпа» деген тыйым сөз бар. Отбасы өзінің отағасынан немесе отанасынан айрылғанда артында қалған перзенттері «ұлардай шулап қалды» дейді. Қыстың аязды күндерінде тас қуыстарынан пана тауып, топтасып, бірін-бірі жылытады». Мынадай сөздерден кейін ұларды атып, етін жеп көр?! «Аққуды атпа» деуші еді, «Ұларды шулатпа» дегенге қарағанда, бұл одан да киелі болды ғой.
Қазақстанда Алтай, Гималай ұларларын арнайы бақтарда асырап, кәсіп қылады екен. Жоғарыдағы әлгіндей ақпараттарды оқып алған менің далалық ойым «Ұлытаудың ұларын ше?» дейді...
«Ұлытаудың ұраны – ұлар, ұлар,
Ұлары жоқ. Бұл таудың мұнары бар.
Ұлы тастың алдында ұяттымыз,
Кім ауырар ұяттан, кім арылар?!
Ұлытауға бардың ба? Ұлар қайда?
Ұлы қайғың уылжып тұнар бойда.
Ұры тісің секілді у сезімің
Уын жайып уілдеп тұрар ма ойда...
Арқар ауып кеткен соң, ұлар ұшып,
Қолға түспей қасқыр да қылар ішік,
Кілең темір құрсанған құрбыларым
Киігімен даланың жүр алысып.
Ұлытаудың ұлары-ау, Ұлытаудың,
Құлағыңа жете ме үні таудың?
Ұлар қашқан күндерді ұмыт, аулым,
Ұнжырғасы түспесін ұлы таудың!
Ұлытауым, Ұлығым, Ұлтым менің,
Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін.
Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла,
Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім?
Ұлытауым, Ұлығым, Ұлтым менің!»
(Жүрсін Ерман. «Ұлытауға бардың ба...»)
Ұлары оралсын, оралмасын бұдан кейін Ұлытауға тау деп әсте қарауға бола ма? Ұлттың қасиеті, елдің құты, халықтың рухы деп қараса жөн шығар. Рухтан биік, қасиеттен үлкен нәрсе жоқ қазақ үшін. Аты айтып тұрғандай, Ұлытау – онсыз да ұлы, онсыз да тау. Қазақ жер атауын қоюда өмірі қателеспейді. Осындай ұлы рухтың мекені Ұлытаудың өзін ұмытуға шақ қалған жоқ па едік бертінге дейін... Ұлытауын ұмытқан күні қазақ та ұмытыла бастауы мүмкін еді ғой. Қазақстанды айналып ұшып жүрген ұлар құсы Ұлытаудан бір көрініп, жұрттың есіне соны салып қояйын деді ме екен, кім біліпті?!.
Жәнібек ӘЛИМАН