МАДРИД. Еуропалық жобаларда әрдайым кемшілік болатын. Бірақ ешқайсысы құрлықты дүр сілкіндірген емес. Бұған себеп – Германия. Аталған ел Еуропалық одақ мүшелері арасында туындаған мәселелерде білікті араағайын бола білді, әсіресе, канцлер Ангела Меркель 16 жылдық билігі тұсында осыны айқын дәлелдеді. Биылғы қыркүйекте Меркельдің қызмет мерзімі аяқталмақ. Ендеше, Еуропалық одақты не күтіп тұр? Дүр сілкіне ме, әлде одан да зор бола ма?
Еуропа тек біртұтас нарықты шоғырландыруға назар аударғанда оның басты кемшілігі экономикалық жағы еді. 2009 жылы басталған еуро дағдарысы кезінде экономикалық шиеленіс тереңдей түсті. Солтүстікте орналасқан көптеген «үнемді» ел өздерінің оңтүстіктегі «ысырапшыл» көршілерімен келіспей қалды.
Коронавирус пандемиясынан кейін ғана, оның өзінде Меркельдің арқасында Еуропалық одақ мүшелері Еуропалық фискалды аудару механизміне ұқсас жобаға келісім берді. Бірақ бірлескен сауықтыру қоры – «Жаңа буын ЕО»-ның мүмкіндігі шектеулі. Бағдарламада қарастырылған ұлттық шығыстар жоспары қызу талқыға түсіп жатыр.
Сонымен қатар Еуропа экономикасына сызат түсуі ұйымда саяси алауыздықтың артуымен тұспа-тұс келді. Бұл кең ауқымды интеграцияға бет бұрған кезеңде болып отыр. Мүше мемлекеттер арасында саяси мәселелер бойынша келіспеушілік жетерлік. Көші-қон дағдарысы – соның жарқын мысалы. Бұған қоса, алауыздыққа әкелгендердің ішінде, біріншіден, Еуропалық одақ туралы шарттың 2-бабы, екіншіден, ЕО сыртқы саясатына қатысты заңдар бар.
2-бапта Еуропалық одақтың басты негізі – «адами қадір-қасиетті құрметтеуді, бостандықты, демократияны, теңдікті, заңдылықты және адам құқықтарын құрметтеу» туралы айтылған. Бірақ оны түсіндіруде көзқарастар қайшылығы туындады. Мәселен, Польша мен Мажарстан соған мысал.
2010 жылы парламенттік сайлауда жеңіске жеткеннен бері Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан азаматтық үстемдікке нұқсан келтіретін және атқарушы билікті едәуір кеңейтетін заң жобаларын қабылдатты. Польшаның либералды емес «Заң және әділеттілік» (PiS) басқарушы партиясы 2015 жылы билікке келгеннен кейін сот жүйесіне нұқсан келтірді.
Әрине, Еуропалық одақ мұның бәрінен хабардар. 2017 жылғы желтоқсанда Еуропалық комиссия шарттың 7-бабына жүгінді. Онда әрекеттері заңның үстемдігіне, адам құқықтарына немесе демократиялық принциптерге қауіп төндіретін мүше мемлекеттердің үкіметтерін жауапкершілікке тарту механизмі қарастырылған. Осылайша, бұл бап алдымен Польшаға қарсы қолданылды. 2018 жылғы қыркүйекте Еуропалық Парламент Мажарстанға қарсы дәл осындай қадамға барды. Бірақ Еуропалық одақ Кеңесі «бұл мәселеге қайта оралатынын» алға тартып, олардың ешқайсысы туралы шешім қабылдаған жоқ.
Осы орайда заң бұзушылық жалғасып жатыр. 2019 жылғы маусымда Еуропалық сот Польша үкіметінің елдегі Жоғарғы сотты реформалау жөніндегі құжаты Еуропалық одақтың заңнамасын бұзды деген шешім қабылдады. Себебі ол судьялардың «өзгермейтіні» туралы қағидаға нұқсан келтірді. Комиссия Польшаға бұл шешімді орындауға 16 тамызға дейін уақыт берді. Бұған көнбегенде қаржылық санкцияларға ұшырауы мүмкін еді.
Бірақ комиссияның мұндай қатерлерді қадағалау тәжірибесі көңіл көншітпейді. Ақырында, бұл заңдылыққа қатысты алаңдаушылық екі елдің Next Generation EU қорынан өз үлесін алуына кедергі келтіруі мүмкін екені айтылды. Бірақ Еуропалық комиссия Мажарстан туралы шешімін кейінге қалдырды. Польша бойынша да осындай қадамға бармақ. Алайда екі елдің билігі коронавирус дағдарысын сылтау ретінде пайдаланып, өз дегенін одан әрі күшейтіп алды.
Германия канцлері сайлауына дейін шешім қабылдаудың орнына, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Лейен Орбанның Фидес партиясы және PiS партиясы келесі сайлау кезінде саяси бәсекеден түсіп қалатынынан үміттенетін секілді. Бірақ қателеспеңіз. Егер Германия 2-бапты сақтау үшін нақты шара қолданғысы келсе, онда оны орындайтын еді. Шынында да, Германия Еуропаның либералды емес мүшелерін бастау стратегиясын тиімді басқарып келді.
Еуропаның сыртқы саясаттағы көрсеткіштері де көңіл көншітпейді. Мұндай нақты бағыттың жоқтығына Германия да кінәлі. Еуропалық одақтың Түркиямен қарым-қатынасынан бастап, Германияның Еуропалық Кеңес төрағалығының соңғы күнінде қол қойылған Қытаймен арада жасалған инвестициялар туралы кешенді келісімге дейін Одақ бірқатар күмәнді шешімдер қабылдады.
Сонымен қатар Германия енді бұрынғыдай ықпал етпейтін бір аймақ бар, ол – Ресей. Аталған елге қатысты Германияның нақты ұстанымы бар, қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге тырысады. Меркельдің ресейлік газды тікелей Германияға әкелетін «Солтүстік ағын – 2» құбырын салуға рұқсат беру туралы АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігімен жақында жасаған келісімі осының символы.
Франция президенті Эммануэль Макронның қолдауымен Меркель Еуропалық одақты Ресей президенті Владимир Путинді саммитке шақыруға үндеп отыр. Керісінше, таяуда Еуропалық одақ Кеңесі Ресейге қатысты қатаң ұстаным орнататын мәлімдемені мақұлдады. Құжатты талқылау кезіндегі қызу пікірталас Еуропаға түскен сызаттың тереңдегенін көрсетті. Осылайша, мүше мемлекеттер «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегідей екі блокқа бөлінді.
Германияны мұншалықты айыптау қалыпты жағдай емес. Керісінше, әдетте Германия жол ұсынатын, ал еуропалық серіктестері оның артынан еретін. Меркель серіктестері мен қарсыластарын дайындауға, баптауға және жұмылдыруға қабілеті арқылы Еуропалық одақты бірнеше рет қайта қалпына келтірді. Бәлкім, ол араға түскен сызатты толыққанды жоймаған шығар, бірақ онымен қалай жұмыс істеу керектігін біледі.
Бірақ Ресей дауы көрсеткендей, бұл тұрақты модель емес. Енді Меркель отставкаға кетіп бара жатқанда Еуропалық одақ маңызды кезеңге, тағдыры тек неміс сайлаушыларына байланысты кезеңге тап келді. ЕО басты жол көрсетушісін жоғалтпақ. Енді, келесі неміс канцлері бұл рөлді қабылдауға дайын ба, жоқ па? Ол жағы белгісіз.
Неміс бастаған шарасыз кезеңге дейін күту стратегиясы Одақты сақтап қалды. Бірақ бұл сонымен қатар ЕО-ға маңызды мәселелерде нақты ұстанымнан аулақ болуға мүмкіндік берді. Мұның өзі ереже бұзушылар мен автократ үшін тиімді еді. Меркельдің орнына кім келгеніне қарамастан, ЕО басшылары ұйым аумағында да, одан тыс жерлерде де атқаратын жұмыстары туралы қатаң шешімдер қабылдауға кірісуі керек.
Ана ПАЛАСИО,
Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі, Дүниежүзілік банк тобының экс-бас кеңесшісі, бұрынғы аға вице-президенті, Джорджтаун университетінің дәріс оқушысы
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org