• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Тамыз, 2021

Дарынды жас Даниель

517 рет
көрсетілді

«Бүгінгі шыққан биігіме жетуіме анам Татьяна Артуровна Диль мен жаттықтырушым Сергей  Владимирович Вертянкин зор еңбек сіңірді», деп сыр ақтарады жас кенші және спорттық акробатика шебері Даниель Диль.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған бұл жас жігіт кеншілер әулетінен шыққан. Қазіргі уақытта ол И. Костенко атын­д­ағы шахтада жерасты тау-кен жұ­мыс­шысы болып еңбек етіп жүр. Даниель ауыр жұмыста жүргеніне қарамастан, спортпен тұрақты түрде шұғылдануға да уақыт табады.

Бес жасынан бастап спорттық гимнастикамен айналысып келе жатқан ол осы салада толайым табыстарға қол жеткізген: халықаралық дәреже­дегі спорт шебері, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы және халықара­лық жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері.

Жалпы, Даниель мен оның серік­тесі – еліміздегі спорттық гимнастика бо­йын­ша ерлер арасындағы ең үздік жұп­тың бірі. Осы жылдың өзінде олар Бол­гарияда өткен Әлем кубогы сынының кезеңінде қола жүлдеге қол жеткізген.

«Спорттық гимнастика – өте әдемі және сонымен бірге аса қиын спорт түрінің бірі. Неге десеңіз, жұптасып өнер көрсететіндіктен өзіңе ғана емес, серіктесің үшін де жауап бере­сің. Вадим екеуіміз бір-бірімізді ым­мен түсінеміз, осындай серіктес тап­қаным жолымның болғаны деп есеп­теймін», дейді Даниель.

Спорттық гимнастикадан Қа­­ра­­ғанды облысының аға жаттық­тырушысы Ботагөз Байбаку­шева Даниельдің өте еңбекқор және шыдамды жас екенін мақтанышпен айтады.

«Бізде спортшылардың көбі қиын­дыққа шыдамай, тастап кетіп жатады. Ал Даниель болса, өте төзімді, алдына қойған мақсатына жет­пей тынбайтын  жігіт. Өмірде де ол өте көңілді жүретін, ашық-жарқын адам. Қанша жерден шаршаса да, онысын еш білдірмей, өте сергек жүреді», дейді бапкер.

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауында Даниель Диль «Мәдениет және спорт» аталымында жеңіске жетті. Жас жігіт үшін 2790 үміткер қатысқан конкурста топ жару – өте үлкен жетістік.

«Жасымнан спортпен айна­лыс­­қандықтан, темірдей тәртіпке үй­реніп кеткенмін. Бұл дағды маған өмірде көп көмегін берді. Ерінбей еңбек еткен және қиындыққа шыдамды жан бәрін де жеңіп шығады дегенді айтқым келеді», дейді өзіне-өзі сенімді жігіт.

Аталған байқаудағы жеңіс жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін ашумен бірге өте зор жауапкершілік жүк­тегенін айтады Даниель. Бұдан былай ол жастарға үлгі болуға тиіс тұлға: спорттың адамды мықты, төзімді және мақсаткер етіп шығаратынын жас ұрпақтың санасына сіңіруі керек. Оның алдында осындай мақсат тұр.

Даниельдің кенші болып еңбек етіп жүргеніне биыл төрт жыл болды. Оның жеті қат жер астында жұмыс істейтінін естіген таныстары таңғалыстарын жасыра алмай жатады. Құрметтері де зор, әрине.

Негізінде, Даниель бағдарла­ма­шы­лық оқу бітірген болатын. Бірақ болашақ мамандығын таңдар тұста И.Костенко атындағы шахтада жұмыс істейтін анасының ақы­лына құлақ түрген. Спортпен айналысатын шымыр және өте тәрбиелі жігітті көр­генде шахта басшылығы да бірден келісім берген еді. Сөйтіп ол бір күн­нің ішінде кенші болып шыға келген.

Жас жігіт кейінгі кездері қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді түрде араласа бастады. Былтыр  Nur Otan партиясының мүшесі ретінде прай­меризге қатысып, өзінің бағдар­ламасын жария етті.

«Менің бағдарламам бұқара арасында балалар спортын насихаттауға бағытталды. Аймақтарда талантты балалар өте көп. Бірақ көбіне олардың жолын қаржылық мәселе кеседі – қан­дай да бір үйірмеге ақы төлеуді көп адам­дардың қалтасы көтере бермейді. Менің ойымша, балалар үшін спорт үйірмелері қолжетімді болуы керек», дейді ол.

Даниель Диль болашақта балаларыма жақсы әке бола алсам, мақ­сатыма жеткенім деген ой айтады.

«Анам сияқты баласының табысқа жеткенін көрген адамда арман болушы ма еді?!», дейді дарынды жас Даниель.