«Дельта» штамы әлемнің түкпір-түкпірінде жоғары қарқынмен тарап жатыр. Соның салдарынан бірқатар елде коронавирусқа шалдыққандардың саны бойынша антирекорд тіркелді.
Мәселен, Филиппинде бір тәулікте 17 231 адамның науқастанғаны анықталған. Ал Вьетнамда 11 321 жағдай тіркелген. Аустралияда да ахуал мәз емес. Құрлықта індет жұқтырғандар саны артып, бүгінде мыңнан асып жығылды.
Сиднейде Covid-19 науқастары санының өсуіне байланысты карантин тағы бір айға ұзартылды. Дүйсенбі, 23 тамыздан бастап күшіне енетін жаңа шектеулердің ішінде мегаполистің 12 ауданында 21.00-ден 05.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Сондай-ақ үйден тыс жерде маска тағу талап етіледі.
Осыған байланысты Аустралияда карантинге қарсы наразылық акциялары өтті. Сиднейде 47 адам қамауға алынды, тағы 260 адамға айыппұл салынды. Штаттың полиция және төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, наразылар саны көп емес екеніне қарамастан, олар инфекцияның таралуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан шеруге шыққандарға осындай жаза қолданылып отыр.
АҚШ-та жалған вакцина салдырумен күрес басталды. Кедендік және шекаралық бақылау қызметкерлері 3 мыңнан астам жалған Covid-19 сертификатын тәркіледі. Вакцина паспорттары Анкоридж портына келген. Жіберушінің мекенжайы – Қытай. Жалған құжаттар АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының анықтамаларынан көшірілген. Бірақ оның сапасы төмен.
Жалпы, мұхиттың арғы бетінде де жалған паспорт жасататындар тыйылмай тұр. Бұған дейін Теннеси штатындағы кеденшілер осыған ұқсас 3 мың құжатты тәркілеген болатын.
Вакцина қабылдамаудың салдары денсаулыққа теріс әсерін береді. АҚШ-тың Оңтүстік Миссисипи штатында Covid-19 жұқтырғандар саны көбейіп кетті. Ауыр жағдайдағы науқастарға арналған ауруханалардағы орындар толып қалды. Қарқынды терапия палаталары пациенттерге лық толы. Ауруға шалдыққандар күту залдарына және медициналық мекемелердің дәліздеріне орналастырылып жатыр.
Университеттің медициналық орталығының гараждарына екі далалық аурухана орналастырылған. Өйткені штат билігі халықтан вакцина салдыруды талап етпейді. Сондықтан қазіргі таңда Миссисипи штаты ұжымдық иммунитетті қалыптастыруда ең соңғы орында тұр. Соның салдарынан «Дельта» штамы тез таралып, науқастар саны көбейіп барады.
Елде коронавирус жұқтырғандар саны артуына байланысты Федералды денсаулық сақтау органдары Pfizer немесе Moderna вакциналарының толық компонентін алғандарға үшінші мәрте екпе салдыруды ұсынды. Өйткені АҚШ-та індеттің кезекті толқыны басталды. Қазіргі таңда науқастар саны күн санап артып барады.
Әйтсе де кей ғалымдар мұны қолдамайды. Олардың пайымдауынша, үшінші дозаның тиімділігі туралы мәлімет жеткіліксіз. Сондықтан бар деректер нақтыланбайынша асықпауға шақырды.
АҚШ-тың бұл қадамын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қатаң сынға алды. Өйткені Африка секілді әлемнің келесі бір бөлігінде мүлдем вакцина салдырмағандар өте көп. Сондықтан ұйым АҚШ билігінен тек өздерін ғана ойламай, басқаларға да вакцина беруді сұрап отыр.
Айта кетерлігі, АҚШ-тағы індеттің қазіргі жойқын толқыны «вакцинасыз пандемия» деп аталады. Өйткені науқастардың дені – вакцина салдырмағандар. Сондай-ақ екпе алған адамдардың өлімі өте сирек кездеседі.
Ресейдің жоғары оқу орындары шетелдік студенттерді де вакцинамен қамтамасыз етпек. Университеттер мен институттардың шетелден келген студенттері екпе алуға ұсыныс білдіруі қажет. Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігінің басшысы Валерий Фальков барлық шетелдік студент Ресейге оқуға келіп, вакцина салдыра алады деп мәлімдеді.
Таллинде оқушыларға коронавирусқа қарсы екпе салу басталды. Вакциналау 21 және 22 тамыз күндері Таллиннің алты мектебінде алдын ала тіркеусіз өтті. Екпеге бірінші кезекте 12-18 жастағы оқушылар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері шақырылды.
Черногория эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты шетелдіктердің елге кіру шарттарын қатаңдатты. Сондай-ақ елде ашық аспан астында 50-ден астам ересек адамның жиналуына тыйым салынды. Бұдан бөлек, ПТР тесті және вакциналау сертификатынсыз туристерді демалыс орындарына кіргізбейді. Елге кіру ережелерін қатаңдату коронавирустың «Дельта» штамының таралуына байланысты. 10 қыркүйектен бастап күшіне енетін талапқа сәйкес туристер Covid-19 тестінің теріс нәтижесі, вакцина алғанын немесе коронавируспен ауырғанын растауға тиіс. Қазіргі уақытта Ресейден және бірқатар басқа мемлекеттен келген туристер Черногорияға ешқандай шектеусіз кіре алады.
Джакарта коронавирусқа қарсы вакцинаның 7,5 млн дозасын алды. Нидерланд 450 мың доза AstraZeneca вакцинасын жіберсе, Pfizer компаниясы 1,5 млн доза бөлген. Индонезия сонымен қатар Sinovac және AstraZeneca компанияларынан коронавирусқа қарсы вакцина сатып алады. Sinovac 5 млн доза жіберсе, ал AstraZeneca – 567 мың доза жөнелткен. Тамыз айының басынан бері елге 22 792 480 доза вакцина келіп түсті. Ел билігі экономикалық өсудің кілті вакциналау және коронавирусты жұқтыру жағдайларын болдырмау екенін айтып отыр.
Косово жұқпалы ауруларға қарсы ауруханалары енді науқастарды қабылдай алмайды. Күн сайын коронавирус тасымалдаушыларының саны жүздеген есеге көбейді. Өткен тәулікте облыста Covid-19 жұқтырған 2 236 жағдай тіркелді. Бұл – антирекорд. Бір айдың ішінде вирус тасымалдаушылар саны бірнеше жүзден 10 мыңға дейін көтеріліп, өсу көрсеткіші ұлғайды. Ауруханаға түскен пациенттердің 90 пайызы оттегі баллонымен демалып жатыр. Олардың барлығы вакциналанбаған. Қазіргі уақытта 221 мың тұрғын екпенің толық компонентін алды. Осыған байланысты жағдайды бақылау үшін билік жаңа шектеулер енгізді.
Вьетнамда коронавирустың жаңа толқыны басталды. Бір күн бұрын елде Covid-19-дың жаңа тәуліктік ең жоғары көрсеткіші тіркелді – 10 654 жағдай. Алдыңғы рекордтық өсім 14 тамызда тіркелген еді. Ол кезде 9 716 адам науқастанған-ды. Инфекцияның жаңа фактілерінің ішінде 15 жағдай сырттан тасымалданған. Бүгінгі таңда коронавирус жұқтырған вьетнамдықтардың жалпы саны 312 611-ге жетті, олардың 7150-і қайтыс болды. Сонымен қатар осы уақытқа дейін елдің 94,5 млн-нан астам тұрғынының тек 15,9 млн вирусқа қарсы вакцина алған.
Әзербайжанда ковид-паспорты болмаған жағдайда қоғамдық орындарға барған адамдарға айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл 235 дейін, заңды тұлғалар үшін 2 950 долларға дейін жетеді. Осылайша, 1 қыркүйектен бастап сауда орталықтарында, қонақүйлерде, дәмханалар мен мейрамханаларда тек ковид-паспорты бар адамдарға ғана қызмет көрсетіледі. Құжат 18 жастан асқан барлық адамнан, соның ішінде студенттерден де талап етіледі. Вакциналануды растамай, тек қарапайым дүкендерге баруға болады.
Бельгияда вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Осылайша, коронавирусқа байланысты жарияланған карантин талаптарын жеңілдетуге мүмкіндік туды. Осы уақытта 7 млн 796 мың бельгиялық коронавирусқа қарсы вакцина алды. Бұл – ел халқының жасы 18-ден асқан тұрғындарының 80 пайызы.
«Бүгінгі таңда ересек 10 адамның сегізі вакцина алған. Осылайша, біз «жазғы жоспарды» асыра орындадық және биылғы 1 қыркүйектен бастап бостандыққа маңызды қадам жасаймыз», деді Бельгияның премьер-министрі Александр Де Кроо.
Бразилияда соңғы 24 сағат ішінде 28 388 жаңа коронавирустың расталған жағдайы тіркелді, 698 адам қайтыс болды. Пандемия басталғаннан бері Бразилияда 20 млн астам адам қатерлі дерттің тырнағына ілікті. Өлім саны 574 209-ға жетті.
Францияның ішкі істер министрлігі сенбіде шамамен 175 500 адам демонстрацияға шыққанын хабарлады. Бірақ адамдар жазғы демалыстан оралған кезде олардың саны артуы мүмкін.