Аталмыш жоба Қазақстандағы әйелдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді, деп жазады Egemen.kz ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Жергілікті бірлестіктерді тұрақты дамыту» қоғамдық қоры Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мұрындық болуымен «Гендерлік мұқтаждық пен қажеттіліктер картасы: этностық сипаттың, аймақ пен дәреженің ықпалы» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда.
Жоба дәрежелік, этникалық және жас бойынша факторларды есепке ала отырып, әйелдердің гендерлік мұқтаждығын зерттеуді көздейді.
«Жобаның болжамды нәтижелері: өңірлер, қалалар мен аудандарда қажеттіліктерді бірлесіп бағалау әдістерін (ББӘ) пайдалана отырып, жұмыспен қамту, негізгі әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік, мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларына қол жеткізу бойынша екі тілде сарапшылармен жасалған гендерлік мұқтаждық пен қажеттіліктерді зерттеудің әдістемесі, талдамалық материал әзірлеу, гендерлік мұқтаждық пен қажеттіліктердің интерактивті картасын әзірлеу, халықты хабардар ету», делінген министрлік таратқан хабарламада.
Жоба шеңберінде 17 мың әйелді қамтып, 20 сарапшыдан сұхбат алу көзделген, және аймақтар бойынша 17 үйлестіруші жұмыс істейді.