Бас басылымға базынасын айтып, араша сұрайтындар болады. Қайбір жылы редакциямызға сондай ниеттегі бір педагог іздеп келіпті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жазған айыптауға толы арызды оқығанда оның оқушыларын аяп кеттік. Себебі 2,5 беттік жазбада лексикалық жағын былай қойғанда, грамматикалық, пунктуациялық қателері көзге ұрып тұрған еді.
Өз пәнінен төмен балл жинаған мұғалімдер болды
Иә, мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін жалақы жоғары болуы керек, дедік. Педагогтердің еңбекақысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл сайын 25 пайызға артып отыр. Бұған қоса әртүрлі санат бойынша үстемеақы алу мүмкіндіктері тағы бар. Алайда пандемия бізге көп нәрсенің бетін ашып берді, білім саласында біраз «ауруды» жасырып келіппіз. Карантин кезіндегі қашықтан оқытуда ата-аналар немесе үйде жұмыс істеп отырған ересектер мұғалімдердің сабағына балалармен бірдей қатысты. Көзімен көрді. Өзіміз де үйдегі кішкентайлардың сабағына әрі бақылап, әрі еске түсірейік деп қатыстық. Жиеніміздің ағылшын тілі сабағында мұғалімнің құлаққа түрпідей тиетін акцентін айтпағанда, кей сөздерді қате аударғанына куә болдық. Ішіміз ашыды. Міне, осыдан келіп «мұғалімнің мәртебесі» деген мәселенің мәнісі, түп-тамыры тереңде екенін түсіндік. Сөз жоқ, еңбекақыны көтеру бәсекені арттырады, салаға мықты мамандардың келуіне жол ашады. Бірақ жалақыны арттырып қою жеткіліксіз екен. Қайтпек керек?
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы мамырда халыққа берген есебінде мұғалімдердің мектепке бұдан былай конкурс арқылы қабылданатынын айтқан еді.
«Мұғалімдерді қызметке қабылдау тәртібі өзгереді. Бұған дейін мұғалімдерді жұмысқа алу директорлардың құзырында болса, енді бұл конкурстық негізде жүзеге асырылады. Сонымен қатар педагогикалық мамандықта оқып бітірген жас мамандар да ұлттық біліктілік тестін тапсырып, шекті балды жинап, сертификаттаудан өтуі тиіс. Сол арқылы ғана жұмысқа қабылданады», деді министр.
Әлбетте, жаңадан келген мамандардың тек біліктісі, сауаттысы, кәсібиі қызметке кіріседі делік. Сонда бір кездері түрлі жолмен жұмысқа тұрып алып, жөні түзу сабақ бере алмай жүрген мұғалімдерді қайтпекпіз?
Дәл осы сұраққа жауап табу мақсатында мұғалімдердің арасында сауалдама жүргіздік. Атыраулық зейнеттегі педагог Нұрлы Қабдешқызы әңгімені әріден бастады.
2000 жылдары Атырау облыстық білім жетілдіру институтында қызмет атқардым. Сол ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілген уақытта көрсеткіштерді жақсарту бойынша жұмыс жүргізуді қолға алдық. Бұл үшін әлбетте әуелі мұғалімдердің деңгейін көтеру керек. Сөйтіп, біздің институт педагогтерді тестпен жұмыс істеуге шыңдау, тест құрастыру, сауаттылығын арттыру бағытында курстар ұйымдастырып, іріктеп, мұғалімдерден оқу бағдарламасы бойынша тест алуды бастаған болатын. Сол кезде өз пәнінен төмен балл жинаған мұғалімдер шыға бастады. Артынша тестілеуге, курсқа келетіндер қатары кеміді. Кейін олар жиналып, кәсіподаққа арызданды. Кәсіподақ: «Дипломды сендер берген жоқсыңдар, тестілеуді доғарыңдар!», деп Білім басқармасына шағымданды. Біздің институт басқармаға тікелей бағынышты болғандықтан, жоғарыдағының айтқан сөзіне тоқтадық. Осылайша басталған іс аяғына жетпеді», дейді Н.Қабдешқызы.
Қарапайым логикаға салсақ, бұл білім саласын біліксіздерден тазартудың ең жақсы бастамасы секілді. Атырау облысында өз нәтижесін берсе, өзге өңірлерге де енгізуге жарар ма, үлгі болар ма дерсіз. Жарайды, 2000 жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңде сала мамандарын сақтап қалудың өзі оңай болған жоқ. Болмашы жалақыға жұмыс істеп жүрген мұғалімдер де сол уақыттағы ғалымдар секілді ала дорба арқалап кетпес үшін көп нәрсеге түсіністікпен қарап, «маңдайдан сипауға» тура келді. Ал қазір жағдай әлдеқайда жақсарды ғой. Ешкімнің жеке әмиянын ақтарғандай болмайық, дегенмен бұрынғымен салыстырғанда соңғы жылдары мұғалімдердің өз аузынан 350-400 мың теңге еңбекақы алатынын естіп жүрміз. Министрлік те өз тарапынан жылдан-жылға педагогтерді қағазбастылықтан арылту бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Демек, талапты күшейтіп, басқасы басқа, өз пәнінен төмен нәтиже көрсеткен мұғалімдерге шара қолдануды бастауға болады ғой. Бірақ еңбек жолын осы салаға арнаған Н.Қабдешқызы олай ойламайтындай. Мұның себебін зейнеткер-педагог:
«Иә, сауатты ұрпақ тәрбиелеу үшін білім саласын біліксіздерден тазарту керек-ақ. Алайда оған әлі де кедергі бар. Өзге өңірлерді білмеймін, Атырау облысында бүгінге дейін білім саласында кадр тапшылығы жойылған жоқ. Қазір еңбек етіп жүрген мамандарды тестілеуден өткізіп, емтихан алып, өз пәнінің бағдарламасын толық меңгермегендерді жұмыстан шеттетсек, тағы резонанс туады. Өңірдегі оқушылар мұғалімсіз қалады. Жыл сайын министрлік қарастыратын мемлекеттік білім беру грантынан бөлек, әкімдік бөлетін грант бар ғой. Соған өңірде тапшы мамандықтарға грант тағайындалады. Мысалы, сондай грантты алатын, педагог болғысы келетін талапкер таппайсыз. Өйткені біздің өңірде көп ата-ана мұнайшы болғандықтан табысты, отбасылық кәсіпке баласын да үгіттейтіні анық. Бәсеке болмаған соң педагогикалық мамандықтарға үлгерімі нашар оқушылар барады. Зейнетке шығар алдында бірнеше жыл мектеп директоры болып істедім. Сонда жұмысқа кіру туралы өтініш жаза алмайтындарды көрдім. Араға танысын салса да мектебіміздің гимназия екенін негізге алып, ұстанымыма берік болып, мұндай мамандарды жұмысқа алмадым. Ал кейбір қарапайым мектептер амалсыз қабылдайды. Неге? Өйткені басқа педагог жоқ. Бұған сауатсыз маман даярлап, оған жоғары білім туралы диплом беріп отырған жоғары оқу орындары кінәлі. Сол себепті бақылауды сол жақтан күшейту керек. Оқушыларды сауатсыз етіп жүргендерді мектептен аластату жұмыстарын бір орынға бірнешеуі таласатын, кадр тапшылығы жоқ оңтүстік өңірден бастауға болады», деп түсіндірді.
Университетте жауапкершілік болуы керек
Расымен де дипломды университет береді, демек жауапкершілік сол жоғары оқу орнында болуы тиіс. Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, студенттерге, соның ішінде болашақ мұғалімдерге дәріс оқып жүрген педагог Болат Қабдолда осындай пікірде.
«Қазіргі жоғары оқу орындары қандай мамандыққа көп грант бөлінгенін, талапкерлердің қай салаға көп түсетінін біліп алады да, сондай мамандықтарды университеттің бағытына келсін-келмесін оқыта береді. Байқасаңыз, көп ЖОО көпбейінді, көпсалалы, көпбағытты болып кеткен. Экономика немесе заң университеті деген атауына қарамастан ішінен педагогика кафедрасын аша салып, санаулы профессорларды тіркеп, маман даярлап шығады. Бұдан қандай маман даярланады? Мен ондай «мамандардан» қорқамын. Сол себепті профильдік бағытына жатпайтын университеттерден педагогикалық мамандықтарды алып тастау керек. Екіншіден, қазіргі талап жақсы ғой, жас түлек педагог болып шыққаннан кейін тест тапсырады. Өзінің мамандығы, сабақ беретін пәні бойынша шекті балл жинай алмай қалса, қайтпек? Сол студентті 4 жыл бойы мемлекеттен немесе жеке тұлғадан қаржы алып оқытқан университетке қандай да бір жауапкершілік артыла ма? Қайта даярлауды жүктей алатындай құзырет тестілеуден өткізетін орталықта бар ма? Жоқ! Сол секілді қазіргі таңда мұғалімдер біліктілік алу мақсатында тестілеуден өтеді. Соның ішінде өз мамандығы бойынша тестіні бір емес, бірнеше рет тапсыра алмай жатқан педагогтер бар. Ал сол мұғалімдерге қандай да бір жауапкершілік жүктеле ме? Тапсыра алмаса, категориясын алмайды, бірақ сабағын беріп жүре береді. Сондықтан педагог қауымның біліктілігін анықтайтын, тестілеуден өткізетін Ұлттық тестілеу орталығына өз мамандығы бойынша төмен көрсеткіш көрсеткендерге, болмаса сондай маманды даярлаған университетке бір шара қолдана алатындай құзыр берілуі тиіс», дейді Б.Қабдолда.
«Өрлеу» сертификат таратумен айналыспайды
Біліктілік дегеннен шығады. 2012 жылға дейін Білім жетілдіру институттары жұмыс істеді. Толық мемлекеттік мекеме саналатын ұйым педагогтерді кәсіби түрде шыңдап отыруға міндетті болды. Ал содан кейін институт жүйесі жойылып, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ құрылды. Акционерлік қоғам болғандықтан өзін өзі қаржыландыру мүмкіндігіне ие. Осы мүмкіндіктің нәтижесінде аталған орталық мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған курстарды ақылы ете бастады. Әрине мемлекеттен тапсырыс алып курс әзірлейтіндіктен «Өрлеу» орталығы барлық курс түрлерін бірдей сата алмайды. Қайткенде де сатылатын курстар бар. Міне, осы жағдай мұғалімдердің біліктілігін шынайы арттыруға кедергі болып тұрған жоқ па? Себебі педагогтер қауымының арасында жүргізген сауалдамадағы жауаптардан көпшілігінің курстарға көңілі толмайтыны көрінді. Алайда «Өрлеу» орталығындағы «Оқу-әдістемелік жұмыстар» департаментінің директоры Ержан Болсынбекұлы курстарды әзірлеу бірнеше кезеңнен тұратынын, сапалы екенін жеткізді.
«Орталығымызда 300-ден аса ғылыми дәрежелі мамандардан құралған профессорлық-оқытушылық құрам бар. Сол қызметкерлеріміздің дерлігінде білім беру саласындағы еңбек өтілі 5 жылдан кем емес. Бұл курстарды зерттеу жүргізе алатын және соның негізінде жасалған бағдарламаны іс жүзінде қолдануды білетін, теория мен практиканы ұштастырудан хабардар мамандардың әзірлейтінін білдіреді. Курстарды дайындау бірнеше кезеңнен тұрады және әр деңгейде сапаға ерекше мән береміз. Бізде әзірленген курстарды Білім және ғылым министрлігіне жолдаймыз. Онда тағы қаралады. Содан кейін барып өз тренерлеріміз арасында сол курсты жүргізуге ең үздігін таңдап іріктейміз. Ал курсты бастамас бұрын оған қатысушылардың қажеттіліктері, не күтетіні жайлы сауалдама алып, оның нәтижесін тренерге береміз. Қазір көп курс онлайн өткізіледі, біз осы мүмкіндікті пайдаланып тренерлердің сабағына қатысамыз. Курс біткенде олардан курстың күткендей болған-болмағаны, қажетін қаншалықты қанағаттандырғаны туралы сауалдама аламыз. Курсты аяқтаған тыңдармандарға пост-курстық қолдау жұмыстарын жүргіземіз. Курстан үйренгенін практикада қолдануға кеңес беріледі. «Өрлеу» құрылған 2012 жылдан бері 600 мыңнан аса маманды оқыттық. Олардың сауалдамасын талдадық, сонда қатысушылардың 95 пайызы курстардың жақсы екенін айтады», дейді Е.Болсынбекұлы.
«Өрлеу» өкілінің айтуынша, қалған 5 пайызының орталық курстарына көңілі толмайды. Олардың ұсыныс-пікірлері курсты қайта өңдеп жазуға, қайта қарауға себеп болады.
Басы ашық сұрақ
Ал енді қараңыз, 600 мыңның 5 пайызы – 30 мың маман. Аз ба, көп пе – бәрібір, бірақ осыншама мұғалім курсқа көңілі толмаса да, біліктілігін арттырғаны жөнінде сертификат алып, соның көмегімен жұмысын жалғастырады. Дегенмен Е.Болсынбекұлының жауабына қарағанда, «Өрлеу» сертификат таратумен айналыспайды, оны оқып, еңбектеніп алу керек. Өйткені белгілі бір нәтиже көрсете алмай, сертификаттан қағылғандар да бар.
Шыны керек, мемлекеттік тапсырысты орындап, мұғалімдердің біліктілігін арттырумен «Өрлеуден» өзге жеке орталықтар, ұйымдар да айналысады. Десек те негізгісін осы орталық алатыны белгілі. Мемлекеттің тапсырысымен әзірленген курстар негізінен мұғалімдерге тегін. Бірақ мұның барлығы бірдей педагогтердің кәсіби сауатын арттыра ала ма?
«Дәл осы мәселені курстардың сапасын талдағанда, әзірлегенде күнделікті талқылаймыз. Ұстаз деген ұлы атты алып жүріп, өзінің кәсібіне, сабақ беретін пәніне қатысты қарапайым дүниені білмейтін немесе қате жазатын, ойын дұрыс жеткізе алмайтын тыңдармандарды курстарымыздан кездестіріп жүрміз, бұл мәселе бізді де ойландырады. Алайда оларды кеудеден итермейміз, деңгейіне қарай барынша көмектесуге тырысамыз», дейді Е.Болсынбекұлы.
Мақаламыздың басында мысалға келтірген кейіпкерімізге қайта оралсақ, арызын айтып келген жас шамасы елулердегі мұғалімнің бетін қайтармай директорына хабарластық. Мектеп басшысы оны жұмыстан себепсіз шығармағанын, шешім қабылдау кәсібилігіне қатысты болғанын жеткізді. «Білім туралы» заңға сәйкес педагог әр 5 жыл сайын кем дегенде 1 рет біліктілігін арттыру курсынан өтуі тиіс. Ал директорының үстінен шағым жасап редакциямызға келген сол мұғалім осыған дейін кемі 5 рет біліктілігін арттыру курсынан өтті, оның алдында 4 жыл кәсіби тұрғыдан ЖОО-да даярланды. Сол сауаттың бәрі, сол білімнің нәрі қайда?.. Бұл – кешенді зерттеу мен жүйелі жұмысты қажет ететін басы ашық сұрақ.