Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өзінің Twitter парақшасы арқылы, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетіп, 19 миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашқаны жайлы мәлімдеп, күллі жұртшылықты осы бір мерейлі қуанышпен құттықтаған болатын.
Қазақ халқының ХІХ ғасырдағы демографиялық ахуалы
Сол сияқты Президент өзінің халыққа кезекті Жолдауында: «Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді» деген еді. Расында еліміз тұрғындары 1991 жылмен салыстырғанда 12% көбейсе, осы аралықта өзбек ағайындар 59%, тәжіктер 68%, қырғыз ағайындар 43%, Әзербайжан халқы 37% өскен екен.
Десек те, жоғарыдағы демографиялық биік меже республика халқының саны 19 миллионға жетуі, соның ішінде байырғы этнос қазақ туғандар мемлекет аумағында саны жағынан басымдыққа ие болуы «мың өліп, мың тірілген» халқымыз үшін зор жетістік. Бұның бәрі бүгінгі тәуелсіздіктің арқасы екені әмбеге аян.
Осы орайда сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлты әрқилы жағдайда, әртүрлі кезеңдерде, санқилы демографиялық толқынды бастан кешірді. Көктей шолып айтар болсақ, 1840 жылы жүргізілген жалпы ресейлік санақта, қазақ даласында барлығы – 311 500 шаңырақ, 1 518 000 адам болғаны жайлы айтылса, 1895 жылы жарық көрген «Брокгауз-Ефрон» энциклопедиясының 29-шы томында жарияланған А.Яновскийдің жазбасында: «Саны жағынан қазақтар Азиядағы көшпелі тайпалар ішінде бірінші орынға ие. Олар Волга жағалауынан, Тарым бассейніне дейін, Әмударияның төменгі ағысынан Ертіс өзенінің солтүстік аңғарына дейінгі ұшы-қиырсыз өлкеде (50 мың шаршы геогр.миль) көшіп-қонып тіршілік етеді.
Жан саны 3 млн адамнан әлдеқайда көп. Тек Ресей қол астындағылардың өзі 3 млн-нан астам деген дерек келтіріпті. Сол сияқты, 1897 жылы Ресейде жүргізілген халық санағының дерегі жарияланған «Гранат» энциклопедиясында әлем бойынша барлық қазақтың саны – 4 084 139 адамды құрап отырғаны айтылыпты.
Одан кейін шығыстанушы П.Г.Галузоның «Отар Түркістан» атты еңбегінде: «1915 жылы Қазақстан халқы 6 млн-ға жетті» деп жазыпты. Дәл осындай деректі алаш ардагері Мұстафа Шоқайдың «Түркістан Советтердің билігінде» атты жазбасынан да кездестіруге болады. Сонымен қатар 1914 жылы жарық көрген «Русская энциклопедия» көптомдығының 10-томында: «Қазақтар 6 миллионға жуық және Азиядағы түркітектес халықтар ішінде осман түркілерінен кейінгі екінші орында тұр», десе, ұлтшыл тұлға Мұхамеджан Тынышпаев 1905 жылы 19 қарашада автономиялардың І съезінде жасаған баяндамасында: 1897 жылғы жалпы санақта Ресей құрамындағы қазақтар саны 4 млн-нан астам болғанын, сондай-ақ империя құрамындағы ұлттар ішінде саны жағынан 6-шы орында (орыстар – 55,7 млн, кішірусьтер – 22, 5 млн, поляктар – 8 млн, белорустар – 5,9 млн, еврейлер – 5 млн) тұрғаны жайлы нақты ақпар бере отырып, Торғай облыстық басқармасының кеңесшісі И.Крафттың ХІХ ғасыр басында Ресей аумағындағы қазақтар саны 6 млн болды деген дерегін және ресейлік статистика маманы Я.Я.Полферовтің қазақтардың нақты саны 5,8 млн-нан асты деген нақты болжамын келтіріпті.
Демографиялық
дағдарыс
Жоғарыда атап өткеніміздей ХХ ғасыр басында 6 млн-ға жеткен қазақ ұлты осы ғасырдың алғашқы ширегінен бастап, демографиялық құлдырау кезеңін бастан өткізді. 1926 жылғы ресми есепте КСРО аумағындағы қазақтар саны 3 млн-ға дейін құлдыраған депті. Яғни ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ топырағынан 1 323 126 қазақ жоғалған. Бұлар 1916 жылғы көтеріліске қатысып, жазалаудан қашып шетел асқандар және 1921-1922 жылғы аштықта қырылып қалғандар болмақ.
Осы тұста Қазақстандағы халықтардың ұлттық құрамы туралы ақпар берген «КСРО атлас құжаттамасы» атты еңбекте: 57,1% қазақ, 19,7% орыс, 13,2% украин, 3,3% өзбек, 1,8% қарақалпақ, 4,9% басқа ұлттар десе, қалада тұратын халықтың 52,7 % орыстар депті.
Одан кейін 1931-1932 аштық жылдары 1,3 млн қазақтан айырылдық. Сөйтіп 1933 жылдың аяғында Қазақстанда бар-жоғы 2 млн 493 мың қазақ қалды. 1915 жылғы межеге арада 75 жыл өткенде 1990 жылы ғана зорға жетіппіз. Яғни 1916 жылы қазақтар саны 6 млн болса, 1939 жылы халық санағында 3 099 000 адамға кеміп кеткен. Әдебиетші-ғалым М.Мырзахметовтің еңбегінде 1944 жылы қазақтар саны өз елінде 21,9% үлеске ие болды десе, Мақаш Тәтімовтің «Демографиялық кескін» мақаласында: 1916 жылы 5 млн 650 мың болған қазақ халқы 1916-1945 жылдары 3 млн 150 мың адамға немесе 45 пайызға кемігенін айтады.
Осы аралықта өзбектер 12,36 есеге, түрікмендер 5,6 есеге, қырғыздар 5,7 есеге, тәжіктер 0,5 есеге, ұйғырлар 6 есеге өссе, сырттан келіп қоныстанушылар тасқыны бір сәт толастаған жоқ. Атап айтқанда, 1930-1935 жылдары «өндірістендіру науқаны» деген желеумен 1,2 млн адам, 1930-1945 жылдары күшпен жер аударылған 1,3 млн адам, 1954-1959 жылдары тың игеру ісіне 1,9 млн адам қазақ даласына сырттан келіп қосылған. Белгілі ғалым-демограф Мақаш Тәтімовтің дерегінде соңғы үш ғасырда Қазақстанға сырттан 8,5 млн қоныс аударушы қоныстандырылған.
Мұндағы диаграммаларда (№1, 2, 3, 4, 5, 6) көрсетілгендей, 1970 жылы республика бойынша 13 млн тұрғын болса, оның 4,2 млн-ы, 1979 жылы еліміз бойынша 14, 6 млн халық болса, оның 5,2 млн-ы, 1989 жылы елімізде 16,4 млн адам болса, оның 6,5 млн-ы, 1999 жылы барлық халық саны 14,9 млн болса, оның 7,9 млн-ы қазақ ұлтының өкілдері болған екен.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 31 мамырда жолдаған үндеуінде: «Әлемдегі бірде-бір ел, бірде-бір халық демографиялық ахуалда өз елінде осындай сынаққа ұшыраған жоқ және қазақ халқы ретінде толық жойылу алдында тұрған жоқ. Біз өмір сүрдік, ұлт ретінде біріге алдық, біз қатыгезденбедік, өшікпедік, ешқашан ешкімді ХХ ғасырдың қатыгез трагедиясына кінәлаған емеспіз», дегені жоғарыдағы деректерді растай түсері анық.
Демографиялық толқын
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары күн тәртібіне қойылған аса маңызды мәселенің бірі – этнодемографиялық ахуалды жақсарту болды. Осы жылдары Ақмола облысында – 24%, Көкшетау облысында – 33%, Қостанайда – 18%, Солтүстік Қазақстанда – 19%, Қарағанды облысында – 20%, Павлодар облысында – 32% ғана қазақ болса, егемендіктің алғашқы жылдары еліміз көлемінде демографиялық дағдарыс орын алды. Яғни Қазақстан халқы 1989-1999 жылдары 1,5 млн-нан астам адамға, яғни 8,2% азайды. Сыртқа кеткендердің басым көпшілігі өздерінің байырғы тарихи отандарына оралып жатты. Тек 1993-1998 жылдары 1 млн-нан астам шығыс славяндар (орыс, украин, беларусь), 400 мыңға жуық неміс көшіп кетті.
Мұндай көші-қон толқыны Қазақстан халқының ұлттық құрамына әсер етіп, байырғы халықтың үлес салмағын өзгертті. Мысалы, қазақ халқы 50 жылдан кейін алғашқы рет (1999 жыл) өз жерінде көпшілікке айналып, үлесі 53,4% жетті. Осы үрдіс жалғаса келе 2007 жылдың басында қазақтар 9,1 млн-нан асып, үлесі 58,6%-ға жетті. Яғни 1989-2007 жылдары аралығында қазақтар үлесі 18,5%-ға өссе, орыстар үлесі – 11,8%, украиндар – 2,6%, немістер – 4,4% төмендеді.
Тәуелсіздік жылдарындағы демографиялық дағдарыстың бір көрінісі – 1989 жылмен салыстырғанда 1999 жылы халықтың жалпы саны 9,2%-ға қысқарып, қазақтар саны 22,2% өсті. Бірақ қазақтардың бұл өсу қарқыны басқа халықтар келтірген шығынды өтей алмады, нәтижесінде халықтың жалпы саны азайып кетті. Нәтижесінде, сыртқы көші-қонның теріс сальдосы 1933,8 мың адамды құрады. Халықтың ең көп шығыны 1993-1995 жылдары байқалды, ол 1990 жылдардағы теріс сальдоның 44,7%-ын құрады.
Этнодемографиялық басымдық
Тәуелсіздік жылдары Елбасы жүргізген сындарлы саясаттың нәтижесінде, жергілікті халықтың саны өсті. Бұл өсім, біріншіден, жергілікті халықтың өсімі арқасында, екіншіден, басқа ұлттардың этностық отандарына қоныс аударуына, үшіншіден, шетелде өмір сүріп жатқан қазақтардың атамекеніне оралуына байланысты болып, елдегі этнодемографиялық ахуал жақсарды.
Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдың 18 қарашасында «Ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ниет білдірген байырғы ұлттың адамдарын басқа республикалардан және шетелдерден Қазақ КСР-іне қоныс аударудың тәртібі мен шарттары туралы» қаулы қабылданып, нәтижесінде, сырттағы қандастарымыз атажұртына оралды. 1991 жылдан 1995 жылға дейінгі аралықта республикаға 137 919 қазақ көшіп келді. Өз тарихи отанына оралушылар үшін Үкімет тарапынан 1993 жылы 10 мың отбасына, 1994 жылы 7 мың отбасына, 1995 жылы 5 мың отбасына, 1996 жылы 4 мың отбасына, 1997 және 1998 жылдары 3 мың отбасына, 1999 жылы 500 отбасына, 2000 жылы 600 отбасына квота бөлді. Ресми дерекке жүгінсек, Тәуелсіздіктің 30 жылында шеттен 1 079 192 қандасымыз оралған екен. Бұл еліміздегі қазақтардың 12% құрап отыр.
Мұның сыртында елімізде жүргізілген демографиялық саясаттың оң ықпалының арқасында, әсіресе, халықтың денсаулығын жақсарту және ана мен балаға көрсетілуі тиіс қамқорлық пен әлеуметтік жәрдемақының өсуі этнодемографияның шешуші рөлге ие болуына үлкен әсер етті. Нәтижесінде, 1999-2009 жылдары бала туудың жалпы коэффиценті 63,3%-ға өсті. Өлім- жітім 2,7%-ға төмендеп, табиғи өсім 10 жыл ішінде үш есе артты. Осындай қарқынды өсудің арқасында көбею көрсеткіштері 1990 жылғы деңгейге жетіп, елдегі демографиялық дағдарыс тез еңсерілді. Табиғи өсім Қазақстанның демографиялық дамуының басты құрамдас бөлігіне айналды. Мысалы, 2008-2009 жылдары халық санының 98%-ға өсуі тек табиғи өсім есебінен болды.
Одан кейін 2012-2019 жылдары эмиграция 1990-2003 жылдарға қарағанда 7,0 есе, иммигранттар саны 4,7 есе қысқарды. Сонымен бірге табиғи өсімнің орташа жылдық көрсеткіштері 2012-2019 жылдары 1990-2003 жылдарға қарағанда 2,9 есе, 2004-2011 жылдарға қарағанда 1,9 есе көп болды. Республикада денсаулық сақтау жүйесі жақсарып, 2009-2019 жылдары Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 4,58 жылға ұзарды. 2000-2019 жылдары табиғи өсім коэффициенті 3,0 есе көбейді.
Бұл ретте қалаларда өсу қарқыны ауылдық жерлерге қарағанда 3,5 есе жоғары көрсеткішке ие болды. Ең үлкен өсім ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығында байқалды. «Бұл бірінші демографиялық толқынның ұрпағы бала туу жасына енгендігімен түсіндіріледі және ең жоғарғы репродуктивті белсенділігі әлеуметтік-экономикалық тұрақтандыру кезеңімен сәйкес келді» дейді мамандар.
Сөйтіп 2010-2019 жылдары халықтың демографиялық көрсеткіші тұрақталып, Қазақстан халқының өсу қарқыны 14,9%-ды құрады. Осы орайда, Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сенсек, өткен жылы ел халқының жан саны 241,7 мың адамға немесе 1,3 пайызға өскен. Біле білсек, бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең айтулы нәтиже. Сонымен қатар 2020 жылы Қазақстанда 425,6 мың сәби дүниеге келіп, 34 жыл (1987 жылы 417 мың сәби дүниеге келген) мызғымай тұрған рекорд жаңарды.
Болашақта еліміз аман, жұртымыз тыныш, бүгінгі тәуелсіздігіміз баянды болса, қазақ халқы өсіп, өнері хақ. Ең бастысы, Тәңір жұртымызға береке берсін!