Отандық ғалымдар COVID-19-ға қарсы QazCoVac-P деп аталатын жаңа суббірлікті вакцинаны клиникалық зерттеудің алғашқы кезеңін аяқтады. Жаһан жаман індетпен жаға жыртысып жатқанда жарғақ құлағы жастыққа тимеген ғалымдарымыз осындай жақсы жаңалық жеткізіп отыр.
Бұл дегеніңіз, қауіпті вирусқа қарсы қоятын қайратымыз бар екендігінің бірден-бір дәлелі. Осылай жалғаса берсе, әлі-ақ әлем жұртшылығы әлпетімізді ғылыми әлеуетімізден танитын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері туралы айта келе «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін», деген болатын. Кейін ел Президенті коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері жөніндегі кеңес өткізді.
Онда «Халықаралық қоғамдастық ұлттық вакцина әзірлеу жөніндегі жұмыстарымызға қолдау білдіріп отыр. Қазір клиникалық зерттеулер жүргізілуде. Бұл еліміздің ғылым саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді», деген еді.
Жолдауда берілген тапсырмалар жолда қалған жоқ. Отандық фармацевтика саласында сең жүріп, серпіліс пайда болды. Мемлекет басшысы күткен нақты нәтиже көп кешіктірген жоқ. Еліміздегі Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты жедел іске кірісіп, қауіпті вирустың алдын алу үшін аянбай тер төге бастады. «Әрине, заманауи материалдық-техникалық базасыз ілкімді ғылыми жетістіктерге қол жеткізу мүмкін емес еді. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі 2020 жылы ғылыммен айналысатын ұйымдарды ғылыми-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында қомақты қаражат бөлді. Осылайша, министрліктің Ғылым комитетіне бағынысты барлық ұйымдары керек-жарақ аспаптары мен жабдықтарын жаңартты», деді биылғы Тамызиконференциясында сөз алған Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.
Мұндай қадамдар ауыз толтырып айтуға болатын ғылыми жетістіктерге жетелеп, ғалымдардың есіл еңбегі өз жемісін бере бастайтыны белгілі. Соның нәтижесінде, жекелеген бағыттар дамудың даңғыл жолына түсті. «Мәселен, бүгіндеCOVID-19-ға қарсы профилактикалық және диагностикалық препараттарды өндіру бойынша жүргізіліп жатқан зерттеу жұмысы жолға қойылды. Осылайша, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) жасап шығарып, QazVac сауда атауымен өндіріліп жатқан «QazCovid-in» вакцинасы – отандық ғылымның жемісті жетістігі екені анық. Аталған вакцина бүгінде халқымыздың денсаулығын қорғау үшін қолданылып келеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, осы отандық өнім гуманитарлық көмек ретінде Қырғызстанға да жіберілді. Бүгінде айыр қалпақты ағайындардың бауырлас елінде QazVac мемлекеттік тіркеуден сәтті өтіп, медициналық қолданысқа рұқсат берілді», дейді К.Закарья.
Жуырда The Lancet тобына кіретін EClinical Medicine журналына мақала жарияланып, онда COVID-19-ға қарсы QazVac вакцинасының клиникалық сынақтарының 1-ші және 2-ші кезеңдегі нәтижелері ұсынылған-ды. Бұл журнал медицина және денсаулық сақтау саласындағы түпнұсқалық зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ COVID-19-ға қарсы вакциналарды әзірлеу мен зерттеудің соңғы жетістіктерін жариялайды. Бұдан бөлек отандық вакцинаны өндіруге 5 патент берілді.
QazVac-пен қатар, институт ғалымдары QazCoVac-P деп аталатын тағы бір вакцинаның клиникалық зерттеу жұмыстарын бастады. «Күні кеше осы суббірлікті жаңа вакцинаның клиникалық зерттеудің 1-ші кезеңі аяқталды. Қазіргі таңда клиникалық зерттеу жұмыстарының 2-ші кезеңі қолға алынды. Сонымен қатар COVID-19-ға қарсы өзге де вакциналарына лабораториялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бүгінде Қазақстан БҚПҒЗИ қабырғасында COVID-19-ға қарсы 5 түрлі вакцина өндіріп жатқанымен мақтана алады. Әлемде мұндай жемісті жетістік жоқ әзір», деді К.Закарья.
QazCoVac-P суббірлікті вакцинаны клиникалық сынаудың1-ші кезеңі Тараз қаласында орналасқан «Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының қалалық көпбейінді ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кәсіпорынның базасында 44 еріктінің қатысуымен өткізілді. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты «Аса қауіпті індеттік аурулар» зертханасының меңгерушісі, ғылым докторы, қауымдастырылған профессор, «COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинаны әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасының жетекшісі Леспек Кұтымбетов айтып отыр.
«Суббірлікті вакцинаның клиникалық сынағының 1-ші кезеңі 2021 жылы 16 шілдеде басталды. Жалпы, медициналық мақсаттағы кез келген вакциналық препаратын клиникалық сынаудың 4 кезеңі бар. Вакцина туралы қосымша сынақ нәтижелерін жинақтау үшін 5-ші кезеңді клиникалық сынақтар да жоспарлануы мүмкін. Қазіргі таңда COVID-19 ауруына қарсы вакциналар пандемияға байланысты ДДҰ шешімімен, үшінші кезеңнен кейін жалпы қолданысқа беріледі», деді Л.Кұтымбетов.
Ғалымның айтуынша, жаңа вакцинаны клиникалық сынау барысында Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен клиникалық зерттеу ережелерінің талаптарына сәйкес әдіс-тәсілдер қолданылды. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық зерттеу ережелері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған талаптардың негізінде құрастырылып, қабылданды.
«Жаңа вакцина институт ғалымдарының өнімі саналатын отандық QazVac инактивтендірілген вакциналар қатарына жатады. Бұл препараттың басқаларынан ерекшелігі сол, молекулалық биологияның заманауи технологияларын қолдану арқылы әзірлеушілер SARS-CoV-2 коронавирусының иммундық жүйемен танылатын RBD және N ақуыздарын өндіретін штамдарын алып, соның негізінде суббірлікті вакциналық препарат ретінде дайындалды. Вакцинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алынған ақуыздарды күрделі тазартудың барлық кезеңдері қамтылып, оның сапасы әр кезең бойынша бақылаудан өтті. Вакцинаның құрамында тұтас вирус жоқ», деп отыр зертхана меңгерушісі.
Л.Кұтымбетовтің айтуынша, зертханалық жануарларға (ақтышқандарға, eгeуқұйрықтарға, атжалмандарға, күзендерге, қояндарға, макак-резус маймылдарына) жүргізілген клиникаға дейінгі сынақтың нәтижесінде, суббірлікті вакцинаның екінші дозасын бұлшықетке еккеннен кейінгі14-ші тәулікте егілген тәжірибелік жануарлардың денесінде қажетті деңгейдегі иммунитет қалыптасты.
«Инактивтелген вакциналардың кұрамындағы сияқты, суббірлікті вакциналардың кұрамында да патогеннің тірі компоненттері жоқ. Сондықтан аса қауіпcіз болып саналды. Вакцинаның құрамындағы адъювант иммундық жауаптың пайда болуына себепші болады және вакцина алушының ағзасына кері әсерін тигізбейді. Себебі бұл вакцинаның кұрамында вирустың басқа құрамдас бөлшектері жоқ. Тек қажетті антигендері ғана бар. Тәжірибеде суббірлікті вакцинадан кейінгі жағымсыз әсерлер сирек кездеседі. Вакцинаның бұл түрінің мысалдары рeтінде тұмауға, В гепатитіне, пневмококқа, менингококқа, гемофильді инфекцияларға және тағы басқа ауруларға қарсывакциналарды айтуға болады», дейді Л.Кұтымбетов.
Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты COVID-19-ға қарсы вакцина ойлап табу ісіне дайындықсыз келе салмағаны анық. Бұған 62 жылдықтарихы бар институттың 200-ден астам тәжірибелі ғалымдары мен қызметкерлері жұмылдырылды. Вакциналардың технологияларын іске асыру барысында ғалымдар мен институт қызметкерлерінің ұзақ жылдар бойы жүргізген ғылыми-зерттеулерінің нәтижесінде қол жеткізілген озық тәжірибелері назарға алынды. Мәселен, институт ғалымдары бұған дейін 60-тан астам биологиялық препараттарды әзірлеу технологиясына қол жеткізіп, өз өнімдерін аса қауіпті және қауіпті ayрулармен күресу үшін медицина және ветеринария салаларына, бірқатарын өндіріске берген болатын. Сол биопрепараттар бүгінде адаммен жануарлардың жұқпалы ayруларына қарсы тұру кезінде өз тиімділігін танытып келеді.
«Кез келген вакциналық препаратты қолданысқа берместен бұрын ғалымдар оны жан-жақты тексеруден өткізеді. Бірінші кезекте оның адам ағзасына еккен кездегі зиянсыздығын дәлелдеу үшін бірнеше қайтара тексерістен өткізеді. Вакцинаның зиянсыздығы зертханалық жануарларға жасалатын клиникаға дейінгі және алғашқы кезеңдегі клиникалық тексеріс барысында анықталады. Институт ұсынып отырған COVID-19-ға карсы суббірлікті вакцинаның зиянды тұстары әзір байқалған жоқ», дейді