Соңғы кезде Венгрия шекараcынан заңсыз өтпек болған мигранттардың саны күрт өсті, деп жазады Egemen.kz.
Euronews жазуынша, Венгрия Ішкі істер министрлігі тек демалыс күндері полиция мен әскерилер 860-қа жуық тәртіп бұзушыны ұстағанын мәлімдеген. Құқық қорғау органы қызметкерлері Венгрия-Сербия шекарасында бекінген тосқауылдарды бұзуға тырысқан 20 мигрантты ұстады. Олардың бірі қарсылық ретінде көзден жас ағызатын газ қолданған.
Сонымен қатар, Тиса өзенінің бойындағы Гара ауылының маңында ешқандай құжаты жоқ 65 сириялық пен 14 ауғандық топ анықталды.
Өткен аптада шекарашылар 2000-нан астам заңсыз мигрантты ұстады, бұл жаз айларында тіркелген рекордтық көрсеткіш.
Румыния, Хорватия, Украина шекарасында және ел ішінде адам контрабандасына қатысы бар ондаған күдікті құрықталды. Бақылаушылар босқындар санының көбеюін Ауғанстандағы қиын жағдаймен байланыстырады.