Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өткенін хабарлайды Egemen.kz.
Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты ВАК карантиндік режимді жеңілдету бойынша бірқатар шешімдерді мақұлдады.
Ағымдағы жылдың 28 тамызынан бастап рұқсат беріледі:
«Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің демалыс күндері сағат 24:00-ге дейін, «ASHYQ» жобасының көшбасшылары – қосымшасы арқылы расталған қызметкерлер мен келушілердің «жасыл мәртебесі» (вакцинацияланғандар, 7 күннен кем емес теріс нәтижесі бар ПТР тестінің болуы) болған жағдайда сағат 02:00-ге дейін;
- сенбі күні - қоғамдық көлік қызметіне.
2. Ағымдағы жылдың 30 тамызынан бастап жұмыс күндері:
- «Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің жұмыс уақыты 22:00-ден 24:00-ге дейін, «Ashyq» жобасы көшбасшыларының жұмыс уақыты 24:00-ден 02:00-ге дейін ұзартылды.
Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Алматы қаласында карантиндік шаралардың жеңілдетілуін 4 қыркүйектен бастап демалыс күндері, ал жұмыс күндері 6 қыркүйектен бастап енгізу жоспарланған.
Сондай-ақ, ВАК-та жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін орындау үшін келесі тапсырмаларды берді:
- медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда, педагогтер мен техникалық персоналды вакцинациялауды аяқтау;
- санитария талаптарына сәйкес мектептердің толық дайындығын қамтамасыз ету;
- педагогтер, қызметкерлер және ата-аналар үшін барлық білім беру ұйымында «Ashyq» жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету;
- білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтамасыз ету;
- мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау.
ВАК отырысында Премьер-Министрдің орынбасары басқа да бірқатар тапсырма берді.