• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Коронавирус 25 Тамыз, 2021

Дін екпеге қатысты не дейді?

1270 рет
көрсетілді

Індет әлі де болса айылын жимай отырғанда, жұртты адастырып, инфекцияның өршуіне септесіп жатқандар жеткілікті. Кез келген діннің өкілі микробиология, эпидемиология, вирусология саласының маманы емес, сол сияқты антиваксерлер де нақты ғылымға маңайлай алмайды.

Өкінішке қарай, интернет пен әлеуметтік желілер бар­лық адамдарға, соның ішінде диле­танттарға да кез келген мәсе­леге килігуге, үйретуге және ақыл айтуға жол ашып қой­ған. Адасқандары және адас­тыр­ғандары үшін олар жауапкершілікке тартылмайды. Осы мәселеге байланысты Алматы қаласы Дін істері басқармасы ақпараттық-түсіндіру тобы­ның мүшесі, философия ғылымдарының докторы Гүлнар Жұ­манова Өңірлік коммуникация­лар қызметінің брифингінде ислам, православие, католицизм және буддизмнің руха­ни көшбасшыларының вакцина­лануға қатысты көзқарастарын түсіндірді. Спикер атап өт­кен­дей, барлық діндер мен дін­басылары Жаратушының берген өмірі мен денсаулығын басты құндылық деп таниды. Денсаулықты нығайтуға, адам өмірін ұзартуға көмектесетін білімге, ғылымға, оның ішінде медицинаға құрмет көрсетіледі. Тиісінше, бүгінде ешбір дін вакциналануға қарсы емес.

«Исламда пәтуалар жарияланды. Білімді, беделді ислам­танушылар әртүрлі елдер­дің ғылыми негізделген ақпарат­тарын зерттей келе, коронавирус вакцинасының халал екенін, яғни рұқсат етілгенін мойындады. Католицизм де сенім мен білімнің, дін мен ғылымның үйлесімділік қағидатына қар­сы емес. Медицина мен дін­нің басты мақсаты – адам өмі­рін сақтау. Қазіргі Рим Папа­сы Фран­циск пен оның құрмет­ті Папасы Бенедикт XVI коро­на­ви­русқа қарсы вакцина алды», деді теолог.

Орыс православие шіркеуіне келетін болсақ, дінтанушы оның өкілдері вакциналауды өлмейтін жан үшін қауіпсіз деп танығанын атап өтті. Танымал буддистер де вакцинаға қолдау білдіруде, мысалы 85 жастағы Тибеттің рухани және зайырлы көшбасшысы Далай Лама XIV Үндістанның Дхарамсала қаласында коронавирусқа қарсы егілді.

«Дін саласындағы ғалым­дардың, адамдардың шешімі­не әсер ететіні белгілі. Олар пікір­лерін білдіріп қана қоймайды, алдымен дәрігерлерге жүгінеді, мәселені медициналық тұрғы­дан түсінеді, содан кейін ғана шешімдерін қабылдайды», деді Гүлнар Жұманова.

Айта кетерлігі, Құран мен Сүннетте жазылған уағыздар мен нұсқаулар өмір мен денсау­лықтың құндылығы туралы айтады. Мұхаммед Пайғамбар: «Көптеген адамда немкетті қарайтын екі құндылық бар: денсаулық пен бос уақыт», деген. Пайғамбар саламатты өмір салтын ұстануға, түр­лі дерттің алдын алуға шақыр­ды, қандай дерт кезінде қай дәріні ішу керектігін түсін­дірді. Хадистердің бірінде: «Емдел­мейтін ауру жоқ, тек қарттық­тың ғана емі жоқ» делінген. Сондықтан дертті емдейтін, қарт­тың жасын ұзартатын ек­пені салдырған абзал.

Алайда антиваксерлер өз әрекеттерінде діннің атын жиі жамылады.

«Халықтың көпшілігі өз­дерін діндарлар деп санайды, олар үшін діни сенімдер шынайы. Антиваксерлер мұны өз іс­теріне пайдаланады. Олар діни сенімдер арқылы өздерінің мә­лімдемелерін, жорамалдарын, күмәндарын, үрейлерін күшейтеді, дәлелдейді, ақтайды. Басқаша айтқанда, олар діннің беделін өз істеріне пайдаланады», деді теолог.

Ол сондай-ақ жаһандық пандемия кезінде мәселенің мәнін түсіну үшін мамандарға жүгі­ну қажеттігін, дін ісінде де осы үрдіс адастырмайтынын алға тарта келе, Құран мен Інжілден үзінділер келтірді: «Егер сізге біреу суыт хабар жеткізсе, онда ешкімге зиян келтірмеу және жасаған ісіңізге өкінбеу үшін оның шынайылығын білуге тырысыңыз». (Құран 49: 6 (Бөл­мелер). «Білмегеніңізді білетін білім иелерінен сұраңыз» (Құран. ан-Нахл / Аралар 16:43). «Расында, білімсіздер өз әре­кеттерімен өзгелерді адастырады» (Құран. Әл-Ан’ам / Тамақ 5:119).

«Біздің теологтер – ақыл­ды, сауатты, білімді адамдар. Олар мәселенің мәнін түсі­неді. Өздерінің денсаулығы мен әл-ауқатын, сондай-ақ жақын­дарының амандығын сақтауға мүдделі. Олар қалыптасқан жағ­дайды дұрыс түсінеді әрі адам­дардың дендерінің сау, толық­қанды өмір сүрулері үшін екпе алуға шақырады. Тео­лог­тер мамандарға, дәрігер­лерге сенеді. Біз – зайырлы мем­лекетпіз, яғни мемлекет діннен бөлінген. Сондықтан олар бірінің ісіне бірі араласпайды. Бірақ мемлекеттің де, діннің де мүддесі ортақ. Ол – халықтың өмірі мен денсаулығы», дейді дінтанушы.

Спикер Мұхаммед Пайғамбар кезінде вакцина бол­маған, сондықтан Құранда және Сүннетте вакцинала­ну­ға нақты тыйым немесе қол­дау айтылмаған дейді. Осы бри­фингті пайдалана отырып, алматылық дінтанушы вак­циналануға қатысты шариғат ережелері, исламдық пәтуа туралы баяндады.

«20 276 пәтуасы бар Сауд шейхы Абдуль-Азиз Ибн Бааздың иммундау мен вакциналану туралы қаулысы бар. Жалпы мағынасына келсек, вакциналану – бұл аурулардан қорғанудың бір түрі. Сондықтан дерттің немесе кез келген эпидемияның алдын алудың пай­дасы зор», деп түсіндірді дін­танушы. Яғни шариғат ере­желерінің бірі – қауіптің алдын алу қажет. Сондықтан им­мундауды жүргізген жөн, өйт­кені вакциналанудың пайдасы көп. Демек екпе салдыру өте қажет. Дінтанушы БАӘ, Түркия, Малайзия сияқты мұсылман елдерінде коронавирусқа қарсы вакцина улема пәтуасының рұқсатымен жүргізілетінін атап өтті. Мысалы, Сауд Арабиясы вакциналаумен қамту бойынша әлемдегі ең жоғары елдердің бірі және аталған ел үкіметінің өтініші бойынша Меккеге қажылыққа қатысушылардың барлығына COVID-19 вакцинасы міндетті болып саналады.

«Біздің елімізде көп жылдар бойы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуа­сы қолданыста. Оның өкіл­дері исламда адам өмірі мен ден­саулығынан артық құндылық жоқ, сондықтан әркім өз денсау­лығына ерекше назар аударуы керек дейді. Алла тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өз қолыңмен өлімге ұшы­рама», дейді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, Алла қандай ауруды жіберсе де, шындығында, емін де бірге  жіберді» делінген, деді дінтанушы.

Г.Жұманова «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» дегенді баса айтты. Сон­дық­тан әр адам дертті емдеу мен оның алдын алу жолдары туралы ойлануы тиіс.

«Шариғат заңы вакцинаға рұқсат береді. Біздің елде және әлемде эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты иммундау шұғыл түрде қажет. Сондықтан ҚМДБ тұрғындарды денсаулықтары мен өмірлерін сақтап қалу үшін вакциналануға шақырады. Исламда, басқа діндердегідей, мәселенің мәнін түсіну үшін мамандарға жүгіну әдетке айналған. Ислам діні меди­цинаға үнемі қолдау білді­реді. Алла тағала өмір сүру мен денсаулықты бағалауды және қорғауды бұйырды, әрекетсіз қалмай және Алланың қалауына сену керек. Алланың қалауы – адамдардың денінің сау болуы, ал басты әрекет – екпе салдыру. Сонда ғана өзіміз де, еліміз де қауіпсіз болады», дейді теолог.

Дінтанушы дін мәселесінде адамдар арасында вакциналау тақырыбына қатысты ешқандай алалаушылық болмауы тиіс деп санайды.