• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 26 Тамыз, 2021

Петропавлда Алаш қайраткерлері туралы кітаптар таныстырылды

695 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан қайраткерлердің өмірі мен қызметі туралы «Жас Азамат» және «Жұмағали Тілеулин» атты екі кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz кітапхананың Facebook парақшасына сілтеме жасап.

Өткен жылдың соңынан бастап ел Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді.

Ұсынылған кітаптар комиссия жұмысы аясында орындалған алғашқы еңбектердің бірі болып саналады.

«Жас азамат» газеті өзін жастар басылымы деп жариялап, оның беттерінде Алаш партиясының мүддесі ашық насихатталды. «Жас Азамат» кітабында газеттің 22 нөмірінің материалдары ұсынылған. Зерттеушілер өз уақытында араб графикасында жазылған мақалаларды аудару үшін үлкен жұмыс атқарды.

Сонымен қатар, «Жас Азамат» кітабында Мағжан Жұмабаев, Жұмағали Тілеулин, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Біләл Малдыбай, Әбдірахман Айсарин және т.б. тұлғалардың рөлі көрсетілген.

Ал екінші кітап, «Алаш» қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі - Жұмағали Тілеулиннің қызметтік жолына арналған.

Жұмағали Тілеулиннің Солтүстік Қазақстан мәдениеті мен білімінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор. Ол өңірдегі медициналық білімі бар алғашқы маман, губерниялық денсаулық сақтау және халыққа білім беруді ұйымдастырушы, Петропавл педагогикалық техникумының бірінші директоры, Қазақстанның тарихы мен этнографиясын зерделеу жөніндегі қоғамның облыстық филиалының бірінші төрағасы, өлкетану музейін ұйымдастырушылардың бірі болды.

Таныстырылған кітаптар - саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі өңірлік комиссияның үлкен зерттеу жұмысының нәтижесі болып отыр.