• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Президент 30 Тамыз, 2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституция күнімен құттықтауы

249 рет
көрсетілді

 

 Құрметті отандастар!

Сіздерді Конституция күнімен құттықтаймын!

Ата Заңымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі.       

Конституция мемлекетіміздің заң жүзінде және саяси тұрғыдан демократия қағидаттары мен заң үстемдігін ұстанатынын айғақтайды. Сондай-ақ ұзақ мерзімді даму бағдарымызды айқындайды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей атсалысуымен әзірленген еліміздің бас құжаты әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріміздің және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы ауқымды реформаларымыздың берік тұғыры болып саналады.

Конституциямыздың ұлағатты ұстанымдары экономикалық дағдарыс­тарды батыл еңсеріп, болашаққа сеніммен қадам басуымызға жол ашады.       

Біз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін мызғымас құндылықтарға сүйене отырып, әділ  мемлекет құрамыз. Басты мақсатымыз – халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру.

Ата Заңымыз ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ұйыстырады. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Тәуелсіздік рухы әрбір жолында көрініс тапқан Конституциямызға құрмет халқымызға тән отаншылдықтың арқауына айналып отыр.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол игілік тілеймін!