• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Әлем 30 Тамыз, 2021

Кабул әуежайына террористік шабуыл жасалды

116 рет
көрсетілді

Ауғанстан астанасы – Кабулда екі рет жарылыс болып, екі жүзге жуық адам қаза тапты. Бомба шаһар маңындағы әуежайда жарылған. Жанкешті «Талибан» билікті жаулап алғаннан кейін елден кету үшін жиналған халықтың арасына барып, детонаторды іске қосқан.

Шабуылды ДАИШ (Қазақ­стан­да тыйым салынған терро­ристік ұйым) өз мойнына алды. Пентагон 26 тамыз­дағы жары­лыстың бірі – Кабул әуе­жайының аумағына кіреберісте, екінші жарылыс әуежай маңындағы Варон қонақүйінің жанында болғанын мәлімдеді.

Қаза тапқандар мен жара­ланғандар саны өте көп. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, 92 адам қаза болған. Ауғанстанда денсаулық сақтау саласында жүргендердің айтуынша, кемінде 170 адам мерт болған. Олардың арасында АҚШ-тың 13 сарбазы мен «Талибан» мүшелері де бар.

The Guardian басылымының мәліметіне сүйенсек, шабуылды екі жанкешті жасаған. Оған дейін Батыс барлаушылары Кабул әуе­жайына қауіп төніп тұрғанын, оны террористер нысанаға алып отыр­ғанын хабарлаған еді. Көп ұза­май-ақ олардың айтқаны дәл келді.

Бұл оқиға АҚШ-қа оңай тиген жоқ. Он жыл ішінде амери­калық сарбаздар бір күн ішінде мұншалықты қырылып қалмаған еді. Соңғы рет 2011 жылы тік­ұшақ құлап, 30 жауынгер мерт болған-ды.

Ақ үй басшысы Джо Байден шабуылға кінәлі адамдарды із­деуге уәде беріп, Пентагонға қа­р­сы соққы беру жоспарын құру­ды бұйырғанын мәлімдеді. Жұма күні АҚШ Ауғанстанның шығысында орналасқан ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) мүшелеріне дронмен шабуыл жасаған. АҚШ Орталық қолбасшылығының мәлімдеуінше, соққы Кабулдың шығысында және Пәкістанмен шектесетін Нангархар провинциясында жасалған.

АҚШ-тың Кабулдағы елші­лігі ел азаматтарын әуежай қақпа­ларынан алыс жүруді ескертті. Сондай-ақ елшілік мүмкін болса әуежайға бармауға кеңес берді. Рейтерс агенттігінің хабарла­уынша, жарылыстан кейін эвакуация өте жоғары қарқынмен жалғ­асқан. Осы орайда «Тали­бан» әр шетелдікке алдағы 48 сағат ішінде Ауғанстаннан кетуге мүмкіндік бермек.

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігіне Ауғанстаннан келген тұрғындарды жайғастыру қиындап кеткен. Соған байланысты дипломаттар мен қызмет көрсетуші персоналды елден шығаруға басты назар аударып отыр. Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Доминик Раабтың айтуынша, қаза болғандардың арасында екі ағылшын азаматы мен бала бар. Тағы екі бри­та­ниялық зардап шеккен.

Франция Сыртқы істер ми­нистрі Жан-Ив Ле Дрианның ай­туын­ша, Ауғанстандағы «Тали­­бан» шенеуніктерімен бай­­ла­ныс жасалмақ. Сөйтіп Фран­­цияның эвакуациялық опе­ра­ция­сы аяқталғаннан кейін елде қал­­ған азаматтарын шыға­рып алу­ға келісім жасауды көздеп отыр.

АҚШ мемлекеттік департа­менті­нің мәлімдеуінше, «Тали­бан» АҚШ дипломатиялық қыз­меті­нің Ауғанстанда қалуын сұраған.

НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг оқиғаға қатысты пікір білдірді. «Мен Кабул әуежайының жанындағы жан түр­шігерлік шабуылды қатаң айып­таймын. Зардап шеккендердің жақындарына көңіл айтамын. Ендігі міндет – мүмкіндігінше көп адамды қауіпсіз жерге көшіру», деді ол Twitter-дегі па­рақ­шасында.

Ұлыбритания Премьер-ми­нистрі Борис Джонсон жұма күні шұғыл жиналыс өткізіп, бри­та­­ния­лықтарды эвакуациялау «вар­варлық» шабуылдарға қарамастан жалғасатынын айтты. «Бұл шабуыл жұмысты мүмкіндігінше тез және тиімді түрде жалғастырудың маңызын көрсетеді», деді ол.

«Бұл қатыгез шабуылға қай­ғырып, қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтамыз және жараланғандардың тез сауығып кетуін тілейміз», деп мәлімдеді Түркия сыртқы істер министрлігі.

Еуропалық Комиссияның төр­ағасы Урсула фон дер Лейен ша­б­уылды қорқақтардың әрекетіне теңеп, оны адамгершілікке жат­пайды деп мәлімдеді. Ол әуе­жай­дағы адамдардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету үшін бәрін жасау қажет екенін жеткізді. «Ха­лық­аралық қоғамдастық Ауған­стан­да және одан тыс жерлерде тер­ро­ризмнің қайта өршуіне жол бермеу үшін тығыз жұмыс істеуі керек», деді Урсула фон дер Лейен.

Кабул әуежайына жасалған шабуылдан кейін Ақ үй басшысы Джо Байден сынның астында қалды. Әсіресе, Конгрестегі республикашылар қатты айтып жатыр. Сондай-ақ Пентагонның жарылыстар болған халықаралық әуежайды қорғауына күмән келтірген демократтар да бар.

Кей республикашылар Байден отставкаға кетуі керек екенін алға тартады. Дегенмен көпшілік жарылыстарды мойнына алған ДАИШ-қа (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) қарсы шабуыл жасау керек дейді.

Сенаттың сыртқы байланыс­тар комитетінің төрағасы, сенатор Роберт Менендес демо­к­рат­тар сапынан бірінші болып Бай­денді сынға алды. Ол нелік­тен «Талибан» күзетшілері ДАИШ бомбалаушыларын Кабул әуежайына соншалықты жақын­датқанын түсіне алмай дал.

«Мен құрбандар арасында америкалықтар болғанын түсі­немін. Шабуылдың құрбан­дарына дұға етіп, олардың отбасыларына көңіл айтамын. Әлі де толығырақ мәліметті күтіп отырмыз. Бірақ бір нәрсе анық – біз америкалықтардың қауіпсіздігін «Талибанға» сеніп тапсыра алмаймыз», деді ол.