Nur Otan партиясы орталық мемлекеттік органдар басшыларының қыркүйек айында азаматтарды қабылдау кестесін жариялады. Карантиндік шектеулер ескеріле отырып, олар Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі алаңында онлайн-форматта өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен, 1 қыркүйекте азаматтарды қабылдауды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіраманов, 3 қыркүйекте – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Марат Омаров, 8 қыркүйекте – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір өткізеді. Азаматтарды партия алаңында 10 қыркүйекте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, 15 қыркүйекте – Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. Ербол Қарашөкеев, 22 қыркүйекте – Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев, 24 қыркүйекте – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, 29 қыркүйекте – Әділет министрі Марат Бекетаев, 30 қыркүйекте – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қабылдайды.Қабылдауға жазылу үшін:1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);2. WhatsApp: 8 700 800 4441;3. komek@nurotan.kzАйта кету керек, жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 103 мың азамат өтініш білдіріп, партия мүшесі болып табылатын мемлекеттік органдардың басшылары 20 мыңға жуық қабылдау өткізді.
Талдау көрсеткендей, өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерімен байланысты. Бүгінде 103 мың өтініштің 43%-ы жедел шешіліп, 54%-ы бойынша консультативтік, құқықтық және басқа да көмек көрсетілді, қалған 3%-ы орындалу үстінде.
Сондай-ақ Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі алаңында заңгерлермен, адвокаттармен, медиаторлармен және нотариустармен ақысыз консультативті онлайн кездесулер ұйымдастырылды. Оған жоғарыда көрсетілген байланыстар арқылы жазылуға болады.