Биыл Конституция күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі аясында атап өтілді. Әрине, тарихи тұрғыдан алғанда жиырма алты жыл да, отыз жыл да көп уақыт емес. Ал осы кезеңнің әрбір жылына, тоқсанына, айына, күніне зер сала қарасақ, мемлекеттің қалыптасу жолында сан алуан сын сағаттың болғанын көреміз.
Төрткүл дүниеде орын алып жатқан небір қиын оқиғалар мен жаһандану үрдісінің ықпалы біздің елге де тигені белгілі. Соның ішінде кезең-кезеңімен қайталана отырып соққан дүниежүзілік экономикалық дағдарыстардың салдары ерекше болды. Тосыннан туындаған осындай қиындықтарды еңсеру жауапкершілігі, әрине, халық үмітін арқалаған Мемлекет басшысына түсетіні белгілі. Міне, дәл осындай жауапты сәттерде, Қазақстан Республикасының Президенті – Мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға ретінде Қазақстан Конституциясының қуаты мен күшіне жүгіне отырып, қажетті әрі қабілетті ұлттық заңдарды дер кезінде қабылдатып, барлық қиындықты еңсеріп, болашаққа айқын жол ашып бергені ел-жұртқа мәлім.
Осы процесте Президент үшін Конституцияның көмегі мен ықпалы қалай болды? Ата Заңның қандай нормалары қуаттылығын көрсетті? Оның нәтижесі қандай? Осы сұрақтарға құқықтық тұрғыдан жауап қарастырғанымыз орынды болар деп ойлаймын.
Конституцияның 40-бабының 2 және 3-тармақтарында Қазақстан Республикасы Президентінің халық және мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі екендігі және ол мемлекеттік биліктің барлық тармағының (заң шығарушы, атқарушы және сот билігі) келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету мәртебесі мен басшылық құзыры қаралған.
Президенттің осы аталған өте жауапты өкілеттілікті атқару нышаны ретіндегі конституциялық сипаттамасы оның мемлекет пен қоғам арасындағы ілгерілеу құндылықтарын тек қазақстандықтардың мүддесі үшін пайдаға жаратуды қамтамасыз етіп, Конституцияның кіріспесінде қаралған түпкі міндеттерге абыроймен қол жеткізуге адал әрекет жасап, өзінің тікелей үлгі болуында деп түсінгеніміз жөн. Ал Президенттің кепіл ретіндегі конституциялық сипаттамасы оның мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлға мәртебесі мен айрықша заңдық құзыретіне тікелей байланысты болып, әр саланы ұлттық заңнамамен қамтуды ұйымдастыра білуінен айқын көрінеді.
Конституцияда көзделген осы және басқа да мәртебелі міндеттерін іске асыру жолында Президент әрбір іс-әрекетін және шешімін Конституция талаптарына сай мүлтіксіз іске асырады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ретінде өзіне тікелей бағыныстағы және жауапты мемлекеттік құрылымдардан да осыны талап етеді. Нәтижесінде, үйлесімді қарым-қатынас орнап, мемлекеттік басқару жүйесі біркелкі қызмет атқарып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына, жеке өмірлеріне қарсы заңсыз әрекеттер жасалуына жол бермеуге, әркімнің ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына, заң мен сот алдында тең болу құқығы және басқа Конституцияда қаралған кепілдіктердің шынайы орындалуына мүмкіндік туындайды.
Мемлекет басшысының елді демократиялық жолмен өркендетіп, мықты экономика мен бәсекеге қабілетті ұлттық заңнама жүйесін қалыптастыру арқылы ілгерілетудегі көшбасшылық рөлі ерекше. Сонымен қатар Президент елдегі бейбіт өмір мен конституциялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Конституцияға орынды өзгерістер мен толықтырулар енгізудің тәртібін қамтамасыз етуде шешуші тұлға болып табылады.
Қарқынды дамып жатқан қоғам мен мемлекет өміріндегі әрқилы аса маңызды қоғамдық қатынастар ұлттық заңнаманың да жағдайына тікелей әсер етеді. Өзінің тарихи міндетін атқарғанымен, жаңа талаптарға бейімсіз болған жағдайда, қандай салаға қатысты болсын, қолданыстағы заңдардың өзгеріске ұшырап отыруы қажетті құбылыс. Заң қатып қалған құжат болмауы керек. Халықтың мүддесін шешу қажет болған уақытта ол өзгеріске ұшырайды. Дәл осындай жағдай Конституцияға да қатысты. Сондықтан да елдегі қарқынды өзгерістердің ықпалымен ел Конституциясына төрт рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Алғашқы Конституциялық реформа 1998 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның аясында іске асты. Онда Парламент Палаталарының өкілеттік мерзімдері өзгертілді, 77 депутаттан тұратын Мәжіліске 10 орын қосылды. Парламенттің өкілеттілігі кеңейтіліп, Үкімет мүшелерінің Парламент алдындағы жауапкершілігі бекітілді. Сот төрелігін жетілдіру бағытында алқабилер жүйесі енгізілді.
Екінші конституциялық реформа 2007 жылы ел ішіндегі терең экономикалық, саяси, әлеуметтік-мәдени өзгерістерге байланысты өтті. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісінің сайлауы кезінде пропорциялық сайлау жүйесі толық бекітілді. Парламенттің өкілеттілігі кеңейтіліп, Үкіметті жасақтаудың жаңа рәсімін енгізу және биліктің атқарушы тармағына қатысты заң шығарушы тармақтың бақылау тетіктерін оңайлату есебінен Парламент мәртебесі нығайтылды. Премьер-Министрді парламенттік көпшіліктің бекітуі туралы норма және Президенттің Үкімет басшысын тағайындау кезінде партиялық фракциялармен кеңесу рәсімі енгізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді. Сондай-ақ өлім жазасын қолдану шектері, тек соттың қамауға алуға және қамауда ұстауға санкция беруі айқындалды. Мемлекеттік басқару процесіне кеңінен қатысу құқығын қамтамасыз ететін және үйлестіретін мемлекеттік жүйе негіздерін қалыптастыру процесі аяқталды.
Үшінші Конституциялық реформа 2011 жылы жүргізіліп, ел Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздерін белгілеуге бағытталған өзгерістер енгізілді.
Төртінші конституциялық реформа 2017 жылы өткізіліп, онда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді ауқымды қайта бөлу, Парламент пен Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға қатысты нормалар қабылданды.
Тұтастай алғанда, бұл реформалар көздеген тарихи міндеттерін жүзеге асырып, нәтижесінде елдің алға қарай дамудағы бағыт-бағдарын айқындауға сүбелі үлес қосып отыр деуге толық негіз бар. Оған дәлел, құқықтық бағытта қызмет атқаратын белсенді халықаралық ұйымдардың арасында беделі жоғары, пікірі өтімді Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы (Венеция комиссиясы) бұл реформаларға оң бағасын бергеніне төрткүл дүние куә болды. Бұл жөнінде осы Комиссияның Президенті, әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткері, доктор Джанни Букиккионың: «Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен әзірленген Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы Қазақстан табысының аса маңызды факторы болды деп сеніммен айтуға болады. Конституция экономикалық, саяси, әлеуметтік өзгерістер үшін берік іргетас бола отырып, мемлекет пен қоғамда болып жатқан барлық процесті жандандырды. Қазақстанның демократия жолында жасауға тиіс маңызды қадамдары әлі де бар. Демократия жағдайында тұрақтылық қоғамды ілгері жылжыту мақсатында ашық пікірталастар, саяси диалогтар және идеялармен алмасу арқылы қамтамасыз етілуге тиіс. Қазақстан осы жолда одан әрі прогреске қол жеткізетініне сенемін», деген пікір айтқаны белгілі.
Конституция – ел дамуының арқауы, мықты қозғаушы күші. Конституцияны құрметтеп, оның әлеуетін түсіне білу өте пайдалы болмақ. Себебі халықтың басым көпшілігінің құқықтық сауаттылығы көтеріліп, әркім өз мүддесін қорғауда тек заңның күшіне жүгінудің, оның ішінде Конституцияға басымдық танытудың тиімді әрі пайдалы екендігіне көздері жетіп келеді. Бұл кеңінен орын алып келе жатқан құбылыс екендігі белгілі. Өйткені Конституцияның қағидаттарын жақсы түсініп, меңгерудің арқасында елімізде өмір сүріп жатқан кім болса да өзінің құқығы мен бостандығына нұқсан келтіруге жол бермейді. Заң талаптарын түсіне білген адам өзіне қиянат жасатпайды, әрі өзі де басқаны сыйлап, қоғам тәртібін сақтауға бейім болады.
Рамазан СӘРПЕКОВ,
Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты, профессор