«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес мекемесі – «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ мемлекетке 5,9 млрд. теңгені қайтарды. Бұл қаржы – «Paragon Development» ЖШС мен «Астана-Контракт» АҚ-қа Астана және Алматы қалаларында көліктік-логистикалық орталықтар құрып, жасақтауға Қазақстанның Даму банкі тарапынан берілген ақшаның бір бөлігі.

2008 жылы Қазақстанның Даму банкі Алматы және Астана қалаларында көліктік-логистикалық орталықтар құруға бағытталған инвестициялық жобаны қаржыландырған болатын. Бұл жоба бойынша несие алған «Paragon Development» ЖШС, «Астана-Контракт» ЖШС, «Астана-Контракт» АҚ және «PD Logistics» ЖШС 2008-2013 жылдар аралығында толыққанды кәсіпкерлікпен айналысып, табыс тапқан. Алайда, несиені қайтаруға байланысты міндеттемелерін орындамаған.
Осыған орай, өткен жылдың тамыз айында «Бәйтерек» холдингі түйінді мәселелері бар 212 млрд. теңгелік активтерді Қазақстан Даму банкінен алып, оны Қазақстан инвестициялық қорының ықтиярына берді. Оның ішінде «Paragon Development» ЖШС мен «Астана-Контракт» АҚ-тан 12,5 млрд. теңге болатын борышты талап ету құқығы да бар еді.
Қордың сотқа жолданған талап-шағымы қанағаттандырылды. Сөйтіп, Астана-контракт компаниялар тобының мемлекет алдындағы борышын өтеу мақсатымен оның құзырындағы Алматы көліктік-логистикалық орталығы Қазақстан инвестициялық қорының меншігіне берілді. Осылайша, мемлекетке 5,9 млрд. теңге қайтарылды. Қазақстан Даму банкінің борышкерлерінің қарызын талап ету құқы Қазақстан инвестициялық қорына берілгенін айттық. Ендігі демегіміз, атқарылған жұмыс – қор тарапынан мемлекет меншігін қайтару бағытында жасалған жұмыстардың алғашқы нәтижесі.
Меншіктің жаңа иесі көліктік-логистикалық орталықтың қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын толық сақтап қалуды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ, Инвестициялық қор борышкердің қалған 6 қарызын қайтарып алуға арналған шараларды жалғастыра бермек.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».