Әлемдегі ағаш түрлерінің кем дегенде 30%-ы жойылып кетуі мүмкін. Мұндай қауіп климаттың өзгеруіне байланысты, деп хабарлайды Egemen.kz BBC таратқан мәліметке сілтеме жасап.
Лондондағы Botanic Gardens Conservation International (BGCI) қайырымдылық ұйымының есебіне сенсек, емен, магнолия мен тропикалық ағаштар жойылудың аз-ақ алдында тұр.
Мамандардың айтуынша, қазір 17 500 ағаш түрінің жойылып кету қаупі бар. Бұл көрсеткіш сүтқоректілердің, құстардың, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың санынан екі есе көп.
Сондықтан олар ормандардың жойылуы мен климаттың өзгеруі сияқты қауіп-қатерлер кезінде ағаш түрлерін сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қолдануға шақырады.
«Бізде планетада 60 000-ға жуық ағаш түрі бар және біз олардың қайсысы адамзаттың қамқорлығына мұқтаж екенін, олар үшін ең үлкен қауіп не екенін және қайда орналасқанын алғаш рет біліп отырмыз», дейді BGCI докторы Малин Риверс.