Адамзат тарихында мемлекет болу процесіндегі ең басты екі мәселе өз маңызын ешқашан жоғалтқан емес. Бұлар – қауіпсіздік және азық-түлік мәселесі. Соның ішінде азық-түлік мәселесі қазіргі терминологиямен айтар болсақ, «азық-түлік қауіпсіздігі» тұрғысынан да адамзат баласының өмір сүру және өмір үшін күресінің ажырамас бір бөлшегі ретінде қабылданады. Бұған уақыт өте келе өнеркәсіп төңкерісі ықпал еткен қарқынды даму нәтижесінде туындаған «энергетикалық қауіпсіздік» мәселесі де қосылды. Бұл тұрғыда ХХ ғасыр мұнай секілді ресурстар мен олар тасымалданатын бағыттарды бақылауда ұстауға ұмтылған күрес алаңына айналды деуге болады.
ХХ ғасырды өткеріп, ХХІ ғасырға аяқ басқанда қырғи қабақ соғыстан кейінгі «жаңа әлем жүйесін» құруға ұмтылыстардың негізінде де осы екі мәселенің жатқанын айқын көруге болады. Бұл ресурстар мен бағыттарға билік ететін мемлекет немесе мемлекеттер «жаңа әлем жүйесінің» атауын айқындап, сол жердегі өз орнын алады. Халықаралық жүйе қазіргі таңда дәл ХІХ ғасырдың соңындағыдай ресурстарды бөлісіп, бақылауда ұстауға ұмтылған билік күресі мен бейберекет хаос кезеңінің аз-ақ алдында тұр. Сондықтан қазіргі кезеңді екі соғыс арасындағы өлара кезең деп көрсетуге тырысқанмен, негізінде бұл жердегі басты мәселе «аяқталмай қалған есеп айырысу», сондай-ақ «жаңа билік орталықтары» мен солар жүргізіп отырған «өзара үлес бөлісу күресі» болып табылады.
Тағы бір маңызды мәселе – бұл ХІХ ғасырға тән әрі мемлекеттер мен адамдардың еркінен тыс бой көрсеткен «климаттық қауіпсіздік» проблемасы. Бұл проблема, әлемдік деңгейдегі билік күресінің маңызды бір дәйегі болып қана қоймай, сонымен қатар өзгенің ісіне араласушылықтың заңды негізіне айналып келе жатыр. Сондықтан да мемлекеттердің алдында «азайған энергия ресурстары», құнарынан айырылған егіс алқаптарымен қатар, «азық-түлік қауіпсіздігі» және одан да маңызды «тартылып бара жатқан су көздері» проблемасы тұр. Енді бір жағынан бұл «үш проблеманы» жаңа динамикалық «ұлттық билік элементтерін» ескере отырып, дұрыс саясат жүргізе алатын елдер үшін бір мүмкіншілік ретінде де қарастыруға болады. Бұл тұрғыда Қазақстан – осынау күрделі аймақта «географиялық құрылымы», сондай-ақ шешім табушы «практикалық ақыл-ойы» және «күшті көшбасшылық ерік-жігері» арқылы ерекшеленіп тұратын елдердің бірі. Бұл жолы да кең байтақ қазақ даласын аталған аймақ пен бүкіл адамзат келешегіне қатысты үлкен жауапкершілік күтіп тұр.
Экологиялық апаттың тағы екі түрі: «құрғақшылық» және «су тапшылығы»
Қазақстан мен Орталық Азия аймағы өзіне тән географиялық ерекшеліктері мен климаттық жағдайы арқылы әлемнің өндіруші орталығы болуға үміткер. Кеңес кезеңінде жүргізілген солақай саясат бірқатар экологиялық проблемаларға себеп болса да, нәтижеде аймақтың өз әлеуетін арттыру ізденісіне жол ашты. Бұл тұрғыда аталған тәжірибеге сүйене отырып дұрыс қадам жасалар болса, аймақ маңызды күш орталығына айнала алады. Бірақ бұл үшін ұжымдық ерік-жігер, өзара ықпалдастық аса маңызды. Өйткені аймақтағы экологиялық апаттармен бір ғана мемлекеттің жеке күрес жүргізуі мүмкін емес.
Ашық түрде нақты айтар болсақ, Орталық Азия елдері үшін құрғақшылық проблемасының ауылы алыс емес. Шынында да осы проблемаға байланысты аймақта шөлейттену, топырақ эрозиясы деңгейі артуда, ал шаңды дауылдар ауаны ластап, лас ауаның кең аймаққа жайылуына, сондай-ақ су тапшылығына себеп болуда. Ал бұл өз кезегінде егін және мал шаруашылығына үлкен соққы болып отыр.
Орталық Азияда жыл өткен сайын ауа райы ысып келеді. Мәселен, 2021 жылғы маусым айының алғашқы аптасында Ташкентте +42,60 С, Душанбе мен Ашхабадта +450 С ыстық болған. Бұл тұрғыда Қырғызстанға да қауіп төніп келеді. 2021 жылдың наурыз айында елдің электр энергиясы қажеттілігінің 40%-ын қамтамасыз ететін Тоқтағұл су қоймасындағы су көлемі 8,7 миллиард текше метрге төмендеген, ал негізінде 19,5 миллиард текше метр болуы тиіс еді. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, Қазақстанда ауа райы 2090 жылға қарай 5,3 дәреже көтеріліп, Азияның өзге елдерімен салыстырғанда қатты ыси түседі.
Орталық Азиядағы құрғақшылық Қазақстанға жағымсыз әсер етуде. Ақтөбе, Қостанай және Қызылорда секілді кейбір облыстарда құрғақшылық болады деп күтілуде. Қазақстанда жауын-шашынның азаюы салдарынан су деңгейі түсіп, күріш алқаптары азайтылды, ал елдің батыс және оңтүстік өңірлерінде құрғақшылық болып, жүздеген мал қырылды. Сондай-ақ елдегі азық-түлік және көкөніс бағалары шарықтап кетті. Арал теңізінің жағдайы да барған сайын нашарлап, аймақтағы экологиялық проблемаларға климаттық өзгерістер де барынша жағымсыз әсер етуде. Сондықтан да жеке алғанда Қазақстан, ал жалпы алғанда бүкіл Орталық Азия елдері үшін жаңа аграрлық
саясат қажет. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық құрылымы мен одан туындауы мүмкін бірқатар саяси факторлар да осыны талап етеді.
Жаңа аграрлық саясат
Қазақстан халқының үштен бірінен астамы ауыл шаруашылығына тәуелді. Егістік алқаптардың шамамен 75%-ы жайылымдық жер ретінде қолданылады. 2019 жылдың мәліметтері бойынша ауыл шаруашылығы саласы ел экономикасының 4,5%-ын құрайды. Алайда халықтың 45%-ы ауылдық жерлерде тұрады және 30%-ы ауыл шаруашылығы арқылы күнелтіп отыр. Өнім экспорттаушы ел болуына қарамастан (әсіресе, бидай маңызды экспорттық өнім болып табылады. Қазақстан 70-тен астам елге өнім экспорттайтын әрі әлемдегі астық экспорттаушы ең ірі он елдің бірі), импорттық азық-түлік өнімдеріне сұраныстың арта түсуі 2004 жылдан бастап Қазақстанды ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттаушы елге айналдырды.
Қазақстан 2021 жылы ауыл шаруашылығы саласында импортты алмастыруға бағытталған саясат жүргізе бастады. Атап айтқанда, өндірісті субсидиялау тиімді жүргізіліп, фермерлерге несие беру жұмыстары ашық, жария түрде жүзеге асырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісін қолдау мақсатында кейбір құрылымдық өзгерістер енгізілді. Ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру және өндірістің заманауи әдіс-тәсілдерін дамыту мақсатында машиналар мен жабдықтарды жаңартуға, жаңа ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын құруға және импортты алмастыру арқылы экспорт көлемін арттыруға басты көңіл бөлінді. Атап айтқанда, аграрлық секторды модернизациялау, әлемдік стандарттарға сай сапалы өнім өсіру және топырақты өнім өндіруге қолайлы ету көзделіп отыр.
Суарылмайтын органикалық егіншілік орталығы
Аталған проблемаларға орай, әлемге егін және мал шаруашылығы мәселесінде жаңа орталықтар қажет екені айқын. Климаттық дағдарыс та бой көрсетіп жатқан осындай күрделі кезеңде Қазақстан мен Орталық Азия елдері әлемнің маңызды азық-түлік орталығына айнала алады. Аймақтың климаттық ерекшеліктері де, географиялық құрылымы да Орталық Азия елдеріне осындай мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қазақстанның далалық аймақтарында жүргізілетін зерттеу жұмыстары нәтижесінде аталған аймақты «суарылмайтын егіншілік» әдісі арқылы әлемнің органикалық егіншілік орталықтарының біріне айналдыруға болады. Сонымен қатар ел ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің артуы экономикалық тұрғыда қазақ халқының әл-ауқатының артып, өмір сүру деңгейінің жоғарылауына сеп болады, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.
Қазақстан ауылшаруашылық өндірісі арқылы аймақтағы елдердің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде басымдыққа ие болып, тату көршілік негізде орнатқан байланыстары арқылы маңызды ойыншыға айналады. Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тығыз байланысты мәселе болып отыр. Осы орайда Қазақстан басқа елдердің ұлттық қауіпсіздігіне де өз үлесін қоса алады. Қазақстанның мұндай саясатты жүзеге асыруы аймақтың болашақ тағдырына әсер етіп қана қоймай, аймақтағы ынтымақтастықты да тереңдете түседі.
Жаңғырмалы энергия көздері
Ауыл шаруашылығы, экология және энергетика секторлары негізінен алғанда бір-бірінен оқшау, өзара байланыссыз салалар емес. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экологиялық таза ортада өсіруге болады. Ал қайта жаңартылатын энергия көздері қоршаған ортаның тазалығы үшін ең маңызды факторлардың бірі. Сондықтан бұл жүйе адам денсаулығы мен қоғам үшін аса маңызды. Оның үстіне органикалық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс та күннен күнге артып келеді.
Көріп отырғанымыздай, алдағы онжылдықтарда ресурстар үшін болатын соғыстың негізгі бағыты қазба отын түрлерінен азық-түлікке, құнарлы топырақ пен таза су көздеріне қарай ойысады. Әсіресе, халық санының артуы азық-түлік пен суға деген сұранысты арттыра түседі. Орталық Азияда органикалық ауыл шаруашылығы өнімдері мен мал азығы өндірісінің артуы азық-түлік бағасының төмендеуіне себеп болады. 2015 жылғы мәліметтер бойынша, Орталық Азия аймағында 70 миллион адам өмір сүрсе, ал 2050 жылы аймақтағы халық саны 100 миллионға жетеді.
Бұл жағдайда мұнай және газ құбыры желілерімен қатар, сауда жолдарының да маңызы арта түседі. Тіпті қазіргі таңда «Бір белдеу – бір жол» жобасы төңірегіндегі билік үшін күрес те аймақты қандай болашақ күтіп тұрғаны жөнінде біраз нәрсені аңғартады. Бұл жоба аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауда инфрақұрылымдық инвестицияларға баса көңіл бөлінеді. Әсіресе, органикалық өнімдерді сақтау, жедел жеткізу және тасымалдау кезеңінде қолданылатын көлік құралдары болашақта үлкен маңызға ие болады. Бұл жайт жаңа салалардың пайда болуына сеп болып, жаңа инвестицияларға жол ашады.
Нұр-Сұлтанның мақсаты: таза энергия – жасыл технологиялар
Аймақтағы елдердің, әсіресе Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлеуеті маңызды артықшылықтарының бірі. Қазақстанның ұшы-қиырсыз кең даласына күн батареялары мен жел энергиясы қондырғылары орнатылар болса, әлемде артып келе жатқан энергия сұранысының едәуір бөлігін табиғатқа зиян келтірмей қамтамасыз етуге болады. Сонымен қатар Қазақстанның Орталық Азиядағы жаңартылатын энергетика секторында жетекші рөл ойнайтыны да анық. Қазақстан көп уақыттан бері қазба отыннан энергия өндіру саласын қоршаған ортаны ластамайтын таза деңгейге көшіруге бағытталған жұмыстар атқарып келеді. 2020 жылы энергия өндірісінде 3% жаңартылатын энергия көздерін пайдалану межесіне қол жеткізді. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 15%-ға, 2050 жылы 50%-ға жеткізуді көздеп отыр. Осылайша қоршаған ортаны ластамайтын таза энергиясы, суарылмайтын егіншілік саласы арқылы жасыл экономикаға қол жеткізеді. Сонымен қатар Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін ішкі тұтыну үшін пайдаланып, ал жер асты қазбаларын экспорттап, өз экономикасына қосымша табыс түсіретін болады әрі ауаның ластану деңгейін азайтады. Қазақстан жаңартылатын таза энергия көздеріне инвестиция салу арқылы қазба отын қорлары түгесілген кезде энергетика саласында жетекші ойыншылардың біріне айналады.
Қазба отындар мәселесінде ескерілетін тағы бір жайт – осы салада қолданылатын технологиялар. Бұл технологиялар уақыт өте келе ескіріп, елді шет елдерге тәуелді етуде. Сонымен қатар ескірген көмір электр стансалары мен басқа да энергия өндіру орталықтарының қоршаған ортаға тигізетін зияны артып, тіпті бақылаудан шығып кетті. Ал бұл жайт Орталық Азия елдерінде түрлі аурулар мен мезгілсіз өлім оқиғаларына себеп болуда. Денсаулыққа қатысты проблемалардың көбеюі – медицина саласында басқа елдерге тәуелді болу деген сөз. Бұл сондай-ақ ел экономикасына қосымша ауыртпалық салып, өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеліп соғады. Дені сау адам – дені сау қоғамның іргетасы дейтін болсақ, таза органикалық азық-түлік пен жаңартылатын энергия көздерінің маңызы барған сайын арта түсері анық. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таза энергия мен жасыл технологияларды құптап, қолдау көрсетуі де ерекше маңызды.
Орталық Азиядағы агроэнергетикалық одақ
Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің таза экология мен органикалық ауыл шаруашылығына қол жеткізу, сондай-ақ климаттық дағдарыстың алдын алу жолындағы күресі аймақ елдері бірлесе отырып, ортақ саясат жүргізгенде ғана жүзеге аспақ. Нұр-Сұлтан органикалық егіншілік пен жаңартылатын энергия көздері мәселесінде айтарлықтай артықшылыққа ие. Ал аймақ елдері арасындағы өзара ынтымақтастық Орталық Азияның маңызын арттырып, Азия құрлығының дамып-өркендеген кезеңінде ауыл шаруашылығы мен энергетиканың маңызды орталығына айналуы мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласы органикалық егін шаруашылығы мен жаңартылатын энергетика саласындағы жетістіктері арқылы аталған секторларды Орталық Азия аймағының ортақ құндылығына айналдыра алады. Әрине, мұның жүзеге асуы үшін мықты ерік-жігер қажет. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесін ескерер болсақ, мұның негізі қаланды деуге әбден болады.
Сол секілді Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, «Жаңа Өзбекстан қозғалысының» көшбасшысы, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстанның тәжірибелі президенті Эмомали Рахмон және Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзара мүдделер мен тату көршілік байланыстар аясында бұл бағыттағы бастамаларды қолдайды деп жорамалдауға негіз бар.
Жалпы алғанда Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастық құру мәселесінде ортақ ұстанымда екені байқалады. Сондай-ақ осы ынтымақтастықты неғұрлым институционалды құрылымға айналдыру әрекеттері жалғасуда. Бұл тұрғыда Қазақстан жаңартылатын энергия көздері, құрғақшылықпен күрес, экологиялық проблемаларды шешу және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы бастамалары арқылы жетекші ойыншы бола алады. Ол үшін аймақ елдері өзара құқықтық келісімге келуі тиіс. Әсіресе, жоғарыда аталған мәселелерде инвестициялар тарту айрықша маңызды. Егер аймақ мемлекеттері осы мәселелерде өзара ынтымақтастықты күшейтпейтін болса, онда арадағы қарым-қатынастардың бұзылуы әбден мүмкін. Су деңгейінің төмендеуі, құрғақшылықтың артуы, топырақтың құнарсыздануы, ауаның ластануы мен азық-түлік дағдарысы аймақтағы елдер арасындағы ынтымақтастыққа нұқсан келтіріп, бәсекелестікке себеп болады. Аймақ елдері ынтымақтастыққа қол жеткізбеген жағдайда аталған мемлекеттердің нағыз мүмкіндіктері ашылмай қалып, әлеуеті арта алмайды. Ал бұл өз кезегінде өркендеп келе жатқан Орталық Азияны тоқыратып, аймақтағы елдердің сыртқа тәуелділігін арттырады.
Ұлы дала: дағдарысты мүмкіншілікке айналдыру
Қазақстан суарылмайтын органикалық ауыл шаруашылығы мен жаңартылатын энергия көздерінің өндірістік орталығына айналар болса, оның Азия құрлығындағы геосаяси және геоэкономикалық маңызы да арта түспек. Әсіресе Азия құрлығында халық санының көбеюі Қазақстандағы жердің бағасын да арттыра түседі. Бұл аймақта жүзеге асатын өндірістер тек Қазақстанды ғана емес, жалпы Орталық Азияны да маңызды бір орталыққа айналдырады.
Орталық Азияның айналасындағы елдермен қарым-қатынастары аймақты азық-түлік пен энергетика орталығына айналдыруы әбден мүмкін. Бұл тұрғыда болашақта жаңартылатын энергияны тарату үшін салынатын желілер мен өндірілген органикалық өнімдерді экспорттайтын сауда жолдарының басты торабы болу жолында Қазақстанның жүзеге асырып жатқан табысты жобалары аймақтың келешегі тұрғысынан да үлкен маңызға ие. Осының арқасында жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын ел өзінің нақты өндірістік әлеуетін геосаяси маңыздылығымен де ұштастыра отырып, Орталық Азияның геоэкономикалық тұрғыдан өзіне лайық деңгейге жетуінде тарихи рөл ойнайтын болады.
Ойымызды қорытындылар болсақ, әлемде азық-түлік, сондай-ақ климаттық және энергетикалық дағдарыстар белең алып келеді. Орталық Азия елдері де осы қауіппен бетпе-бет тұр. Ал енді бір жағынан алғанда, бұл дағдарысты Орталық Азия мемлекеттерін ортақ мүдделерде жақындастыратын мүмкіндікке айналдыруға болады. Сондықтан аймақтағы елдердің қазір басты назарда ұстап тұрған ынтымақтастығын суарылмайтын органикалық егіншілік, экологиялық проблемалар және жаңартылатын энергия көздерін де қамтитындай деңгейде кеңейте түсу керек. Аймақтың барлық әлеуеті тек бір жерге топтастырылып, ақылмен, ерік-жігермен басқарылған жағдайда ғана үлкен күш-қуатқа айнала алады. Олай болмаған жағдайда, аймақта тапшылық пен шөлейттену деңгейінің артуы, әсіресе су проблемасы аймақтың тағдырын мүлде басқа арнаға ойыстыруы мүмкін. Ал негізінде жоғарыда да айтып өткеніміздей, халық саны артқан сайын айқын сезіле бастайтын азық-түлік тапшылығы ХХІ ғасырда Орталық Азияны маңызды өндіріс орталығына айналдыра алады. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен орнатылған мығым байланыстар арқылы «Орталық Азия агроэнергетикалық одағының» негізін қалауға болады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесінің арқасында Қазақстан бұл мәселеде де жетекші рөл ойнары сөзсіз. Аймақтың «Ұлы Дала рухы» да осыны талап етеді.
Мехмет Сейфеттин ЭРОЛ,
профессор,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін