Бүгін Каирде қатарынан үш бірдей жарылыс орын алды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Алғашқы жарылыс Каир орталығындағы қауіпсіздік күштер басқармасының дәл жанында болған. Елдің ішкі істер министрінің хабарлауынша, оқиғадан кемінде 5 адам қаза тауып, тағы 60-тан астамы жарақат алған. Бомба жарылған жерде диаметрі 6 метрлік шұңқыр пайда болды. Сондай-ақ ғимараттарға да айтарлықтай зиян келтірілген. Екінші жарылыс ел астанасының батысындағы метро стансасы маңында орын алды. Бұл жолғы лаңкестік әрекеттен 1 адам көз жұмып, 15-і жарақат алған. Соңғы жарылыстан зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат түскен жоқ. Терактілерден кейін қалада атыс-шабыс басталып кетті деген мәлімет те бар. Оқиға орындарына ондаған жедел жәрдем тобы мен құтқарушылар қызметі жіберілген. Қаладағы қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейге жеткізіліп, қосымша күштер тартылуда. Бүгінгі лаңкестік әрекетті «Әл-Каидамен» байланысы бар «Ансар Бейт әл-Макдис» ұйымы өз мойнына алып отыр.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: 24.kz
Фото: Itar-tass.com