• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Қыркүйек, 2021

Шомылу маусымында 95 бала суға кетті

574 рет
көрсетілді

Суға шомылу маусымы кезінде ТЖМ құтқарушылары 328 адамды, оның ішінде 61 баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ барлық деңгейдегі орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, суда төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша алдын ала ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін дайындап үздіксіз өткізді.

«Шомылуға рұқсат етілген 538 орын анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 93 орынға көп. ТЖМ жергілікті атқарушы органдармен және жеке меншік объектілермен бірлесіп 454 құтқару және 66 медициналық бекеттер құрды. Аса қауіпті учаскелерде 59 мобильді құтқару бекеттері қойылды. Су айдындарында 6655 қауіпсіздік белгілері мен 1656 ақпараттық стендтер орнатылды, онда адамдардың қаза болу себептері мен оқиғаларға ықпал еткен жағдайлар көрсетілген. Халық арасында 1 млн 139 мың 935 дана үгіт өнімі (буклеттер, парақшалар) таратылды, халықпен 5314 жиын өткізілді. Жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылда 32085 бала жүзуге үйретілді. Алдын алу жұмыстарына 17943 волонтер тартылды», деп жазады ТЖМ баспасөз қызметі.

ӘҚБтК-нің 440-бабы «Қоғамдық орындарда болу ережелерін бұзу» бойынша 4788 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ ӘҚБтК-нің 364-бабы «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 5781 адамға ескерту жасалып, 172 адамға айыппұл салынды.

Ағымдағы жылы су айдындарында адам өлімінің алдын алудың жаңа әдістері қолданылды. Авиациялық және теміржол көлігінің мультимедиялық жабдықтары су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша үгіт-насихат өнімдерін тарату үшін пайдаланылды.

«2Gis» картографиялық платформасында еліміздің барлық өңірлерінде су айдындарында шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындардың деректері орналастырылған. Алайда, ТЖМ мен мемлекеттік органдар қабылдаған шараларға қарамастан, шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан 319 адам, оның ішінде 95 кәмелетке толмаған адам суға кетті.

Су айдындарында балалардың қаза болу жағдайларының 82%-ында балалар ата-аналарының қарауынсыз болды. Қаза болудың негізгі себептері өз күштерін жете бағаламау - 170 жағдай, мас күйінде шомылу – 73 жағдай, су айдынына құлау – 68 жағдай, жүзе алмау - 34 жағдай, балық аулау кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу – 24 жағдай, суға батушыларды құтқару кезінде – 13 жағдай және жүзу құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу – 8 жағдай болып табылады.

Суға шомылу маусымының аяқталуына қарамастан, құтқарушылар су айдындарында адамдардың өлімін алдын алу бойынша профилактикалық жұмысты жалғастыруда.