Кеше Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудағы «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы Саяси кеңесінің отырысы өтті. «Нұр Отан» партиясы АҚФ төрағасы Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен өткен отырыста Саяси кеңестің алдағы уақыттағы міндеттері айқындалып, жан-жақты талқыланды.
Кеше Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудағы «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы Саяси кеңесінің отырысы өтті. «Нұр Отан» партиясы АҚФ төрағасы Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен өткен отырыста Саяси кеңестің алдағы уақыттағы міндеттері айқындалып, жан-жақты талқыланды.
Жиында сөз алған Астана қаласының әкімі Елбасының биылғы Жолдауының стратегиялық маңызы зор екенін айта келе, оның негізінде дамыған 30 елдің қатарына кіру міндеті тұрғандығын атап өтті. «Бұл Жолдаудың бір жаңашылдығы – онда «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы көрініс тапқан. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалының алдында Президенттің Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру мәселесі тұр», деді И.Тасмағамбетов.
Бұдан кейінгі кезекте ол сөз кезегін Парламент Сенатының депутаты Владимир Редкокашинге берді. Сенат депутаты, «Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауын жүзеге асырудағы «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы Саяси кеңесінің міндеттері туралы» тақырыбы бойынша баяндама жасай келе, Жолдаудың мән-маңызына тоқталды. «Бұл Жолдаудың тарихи, елді дамытудағы стратегиялық маңызы орасан. Себебі, стратегиялық құжатта мемлекетті алға жылжытатын тетіктер нақты көрсетілген», деді В. Редкокашин. Сенат депутаты, әсіресе, Жолдауда айтылған білім және ғылым, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, мемлекетті әлеуметтік жағынан жаңғырту мәселелеріне айрықша тоқтала келе, бұл салалардың елдің алға жылжуына айтарлықтай дәрежеде ықпал ететінін тілге тиек етті. Ал еліміздегі Әзербайжан мәдени орталықтары одағының төрағасы Видади Салахов Жолдаудағы «Мәңгілік Ел» идеясының маңызына мән бере отырып, «мемлекет алдындағы тұрған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда қоғамдағы тұрақтылық, бірлік пен келісім айтарлықтай рөл атқарады» деген пікірін білдірді.
Отырыс аясында Назарбаев Университетінің еншілес ұйымы – «University Service Management» стратегиялық даму және үйлестіру басқармасының басшысы, «Қолқанат» бастауыш партия ұйымының төрайымы Әлия Рақышева да сөз алды. Ол Елбасы Жолдауында көтерілген елдің білім және ғылым жүйесін сапалық деңгейге көтеру мәселесі жөнінде өз ой-пайымымен бөлісті. «Мемлекет басшысы ел назарына ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясы халықтың еңсесін көтеріп, қадамын нықтайтын, келешекке жол сілтейтін темірқазыққа айналуы тиіс. Жолдауда Елбасы назар аударған басым бағыттардың бірі – ғылым саласы. Заман ағымына сай, ел экономикасы ғылымға негізделген өндірісті қажет ететініне көзіміз жетіп отыр. Егер, әлемдік тәжірибеге зер салатын болсақ, дамыған елдер өздерінің ішкі жалпы өнімінің 3-5 пайызын ғылымға бөліп келеді. Демек, Жолдауда айтылғандай, еліміз өзінің ішкі жалпы өнімінің 3 пайызын ғылымды өркендетуге жұмсауы керек», деді Ә. Рақышева.
Отырыс соңында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы Жолдауды халыққа түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттық топтарының, ұйымдастырушылық, идеологиялық және бақылау іс-шараларының жоспарын дайындауға айрықша мән беру қажеттігін атап өтті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».