Британдық ақындар Шон О’Брайен мен Джон Бернсайд II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Құрметті атақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін, сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны, философ және ағартушысы Абай Құнанбайұлының мұрасын халықаралық аренада ілгерілетуге сіңірген еңбегі үшін берілді.
Екі ақын Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі алғашқы толық жинағын Кембридж университеті баспасында дайындап, басу жобасына тікелей атсалысқан. «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ-мен (ҰАБ) серіктестікте жүзеге асырылған жоба шеңберінде британдық ақын профессор Ш.О’Брайен Абай поэзиясының аудармасын дайындаса, қарасөздерін шотланд ақыны, профессор Дж.Бернсайд тәржімалады. Айта кетейік, ағылшын тіліндегі басылым – қазақ ақынының шығармаларын әлемнің он тілінде жариялау жөніндегі ҰАБ-ның ауқымды жобасының бір бөлігі еді.
Ордендерді табыстау рәсімінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылында жоғары наг- радаларды иеленудің символдық мәні бар екенін айтты. Ол сондай-ақ Дж.Бернсайд пен Ш.О’Брайеннің жаһандық ағылшынтілді аудитория арасында Абай мұрасын танымал етуге және екі ел мәдениетін өзара жақындастыру ісіне қосқан зор үлестерін атап өтті.
Профессор Шон О’Брайен – британдық ақын, сыншы, драматург. Элиот, «Forward Prize», Сомерсет Моэм сыйлықтарымен марапатталған. Ал профессор Джон Бернсайд – шотланд ақыны және жазушысы, Сент-Эндрюс университетінің ағылшын тілі профессоры. Поэзия мен прозаның бірқатар жинағын жариялаған. Элиот, «Forward Prize», О.Генри сыйлықтарының лауреаты. Оның шығармаларының аудармалары Германия, Франция, Испания, Италия, Түркия, Нидерланд, ҚХР, Индонезия, Хорватия, Бразилия және Аргентинада басылған.