• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 06 Қыркүйек, 2021

Кіші Талдыкөл қоқыстан тазартылады

375 рет
көрсетілді

Кіші Талдыкөлдің сулы-батпақты жері зиянды заттардан тазартылып, суы сақталатын болады, деп жазады Egemen.kz.

«Қазіргі уақытта Кіші Талдыкөл суы өте лас. Органикалық қосылыстар шіріп, қоқыстың жиналуы нәтижесінде ол жерден жағымсыз иіс таралып, жәндіктердің (масалар, кенелер) таралу ошағына айналды. Кіші Талдыкөл – ағынды су жиналған орын, Үлкен Талдыкөл көлімен табиғи байланысы жоқ және жер үсті ағындары мен жер асты сулары арқылы өзара қосылмайды», деп жазады Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Зерттеу нәтижесінде негізгі ион (қаттылық, кальций, магний, хлорид), ауыр метал (темір), улы (фтор) және биогендік заттардың (аммиак азоты және нитриттер) нормадан бірнеше есе асатыны анықталды. Сол себепті суды шаруашылық-ауыз су, балық шаруашылығы және рекреациялық мақсатта пайдалануға болмайды.

«Осылайша, жақын маңдағы аудандардың тұрғындары үшін қауіпсіздік пен жайлы өмір сүру мақсатында Кіші Талдыкөл зиянды заттардан тазартылмақ. 20 гектарға жайылған Кіші Талдыкөл су айдыны (Сығанақ көшесінің солтүстігі, Е22 көшесінің оңтүстігі, Тұран даңғылының шығысы және Ш.Айтматов көшесінің батыс жағы) сақталатын болады. Сондай-ақ су деңгейін арттыру үшін түбін тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, батпақты жер тазартылған тоғанға, ал маңайы саябаққа айналады», деп жазылған хабарламада.

«Сулы-батпақты нысанның іргелес бөлігі игерілетін болады. Онда әлеуметтік нысандар орналасады: тұрғын үйлер, 2,5 мыңға жуық оқушыға арналған оқу орны, балабақша, медициналық орталық және т.б. Қала Үкімет қаулысы бойынша бекітілген елорданың бас жоспарын іске асыру аясында салынып келеді. Бұл қаланың ықшам құрылысы. Мысалы, бір кездері Тұран даңғылы, «Хан Шатыр» СОО, «Зеленый квартал» ТК аумақтары да батпақты болған», деп хабарлайды елорданың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы.

Талдыкөлдің (үлкен Талдыкөл) өз экологиялық инфрақұрылымы болатынын атап өткен жөн. Оның жанында қорық және орман-саябақ аумағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк ашылады. Ал екінші экопарк – Майбалық көлінің жаны да (әуежай бағытының оңтүстік-шығыс жағы) тартымды орын болады.