Бұл жайында еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жоғары оқу орындарының қауымдастығы мен Ректорлар кеңесі Тамыз кеңесінің отырысында магистратура мен докторантураға қабылдауға қатысты ұсыныстар енгізген болатын. Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін біз қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадық. Енді магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі. Яғни, магистратура мен докторантураға түсу емтихандары дәстүрлі түрде тамыз айында және қосымша желтоқсан айында ұйымдастырылады. Осы норма 2021 жылы күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз» деп жазады министр.
Оның айтуынша, осы мақсатта Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері кешенді тестілеу мен түсу емтихандарын қосымша ұйымдастырады. Құжаттарды қабылдау қараша айында басталады.
«Әлбетте, құжаттары мен емтихандарын тапсыруға, қажетті сертификаттарды алуға үлгермеген азаматтар үшін бұл жағымды жаңалық екені сөзсіз. Жазғы қабылдау науқаны мен өткізілген емтихандардың қорытындысы бойынша магистратура мен докторантураға арналған білім беру гранттарының артық қалуына байланысты азаматтар осы жылдың желтоқсан айында мемлекеттік гранттарды иелене алады. Дайындық бағыттары бөлінісінде гранттардың саны мен құжаттарды қабылдаудың нақты мерзімдері туралы ақпарат қосымша жарияланады», деді Асхат Аймағамбетов.