Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», облыстық ақпарат құралдарының тілшілері Қобда, Ойыл және Темір аудандарының бірқатар тарихи нысандарын аралап қайтты. Жолсапарды Қобда ауданынан бастадық.
«Ақтөбе облысының киелі жерлері мен тарихи нысандары бойынша ішкі туризм төрт бағытта басталады. Біріншісі – Елек-Қобда, Ойыл-Қиыл бағыты. Оған Алға ауданындағы Есет батыр кешені, Сарытоғайдағы Шәкен ишан мешіті, Абат-Байтақ кесенесі, Қобыланды батыр мемориалды кешені, Ойылдың Қырықобасы мен Қаздыаралынан табылған ежелгі адамдар қонысы. Темір ауданындағы Тасқопадан табылған Алтын адам, Досжан ишан кешені, Темір қаласындағы Мұстафа Шоқай тоқтаған үй. Екінші бағыт – Солтүстік Арал маңы. Оған Әйтеке би, Хромтау, Шалқар, Ырғыз аудандары, Ырғыз-Торғай резерваты, Жаманшыңдағы метеорит құлаған жер, Әбілқайыр хан кешені, Сары ишан, Алмат, Жаныс, Қарағұл кесенелері. Ясауи заманында тұрғызылған Балғасын мұнарасы. Үшінші бағыт – Жем бойы. Мұнда тас ғасырындағы петроглифтер сақталған Төлеубұлақ үңгірі, Жем өзені бойындағы сармат дәуірінің Қызылүйік ғибадатханасы.Төртінші бағыт – Доңызтау аймағы. Доңызтау аймағында тас мешіттер, қоныс-қыстаулар. Осылайша Қобда, Ойыл, Қиыл бойы, Солтүстік Арал аудандарының ішкі туризмді дамытуға мүмкіндігі мол», дейді өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай.
Ақтөбе – Қобда тас жолының бойында 1902-1903 жылдары салынған Шәкен ишанның жартылай қираған тастан қаланған мешіт-медресесі тұр. Хорезм медресесінің түлегі Шәймерден Әбжанұлы қалың ел қоныстанған Сарытоғайдағы биіктеу қыратқа Қазан үлгісімен мешіт-медресе салып, төңіректегі балаларды түгел оқытқан. Іргесі қалақ тастармен қаланып, ұлу тастармен өрілген, қабырғасы қалың, ұзын алты терезесі бар. Күмбезі 1928 жылы құлатылып, Шәкен ишан 25 жылға Сібірге айдалған. Бірақ Сталин өлгеннен кейін елге оралған. 82 жасында қайтыс болған. Мешіттен сәл алысырақ жердегі қорымға жерленген. Бекарыстан Мырзабай 1930-1932 жылдары аштықтан босқын жұрттың көбі мешіттердің жанына келіп өлген, осы жерде аштан өлген адамдар болуы мүмкін деген дерек айтты.
Ең әуелі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған ауылы –Бұлаққа аялдадық. Бұлақта Әлия туған үйдің орнында ескерткіш белгі тұр. Жанында саябақ. «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Төпенованың айтуынша, 4 мыңға жуық экспонаттың тең жартысы Әлияға қатысты. Жақында батырдың сіңлісі Әріп Нұрмұхамедова Әлияның әкесінің сандығын қорға тапсырған. Бұлақ ауылында жеке кәсіпкердің қаржысымен Әлия музейі салынып жатыр. Ол осы жылдың соңына дейін ашылмақшы. Әлияның анасы 1930 жылы Қурайлыда картоп теріп жүргенде, бақша күзетшісінің оғынан қайтыс болған. Сөйтіп Әлия 5 жасында, одан кейінгі баласы Бағдат 1 жасқа толар-толмаста жетім қалған. Осы жылдары байдың тұқымы деп қуғындалған Нұрмұхамед елден жырақ кетіп, қашып жүрген. Нұрмұхамед Бағдаты шетінеп кеткен соң Әлияны Ленинградта теміржолшылар институтында оқитын Әбубәкірдің қолына тапсырған. Әбубәкір – Әлияның шешесі Маржанның туған інісі.
Былтыр Ярослав облысының Вятск қаласында Әлия Молдағұловаға арналып музей үйі ашылып, оған Төпенова барып келген. Вятск – Ленинград жетімдер үйі көшірілген шағын қала. Бұл жерде жау құрсауынан өткелден өткенде неміс ұшақтарының соққысынан талай жетім қайтыс болған. Құрдастардың көз алдында оққа ұшуы жас Әлияның соғысқа аттануына себепші болған. Бүгінде Вятскіде 6 музей болса, соның бірі Әлияға арналған.
Абат па, Байтақ па?
Келесі жолымыз түскен жер Абат-Байтақ кесенесі. Бұл – ортағасырлық ескерткіш. Мұнда Жошы ханның баласы Батудың немересі (немере інісі де болуы мүмкін) Байтақ әулие мен әйелі жерленген. 2006 жылы археологтер кесене ішіне қазба жұмыстарын жүргізгенде, төрден сахна етіп өріліп, арша ағашынан жасалған табыттан мұсылманша жерленген ер адамның сүйегі табылды. Оң жағынан басы сегіз қырлы асатаяқ пен ет салатын үлкен ағаш табақ табылды. Асатаяқтың басы темірден, сабы ағаштан жасалған. Оба ХХ ғасырдың басында тоналған. Жанындағы обада әйел жерленген. Мүрде жанынан жүннен тоқылған белдемше қалдықтары табылды. Кесененің босағасына жерленген адам қызметшісі болуы мүмкін.
Абат-Байтақ кесенесінің күмбезі сүйірлене бітіп, орта тұсындағы ескі кірпіштерінде жасыл, көк бояу қалдығы сақталған. Әдетте ортағасырлық кесененің кірпіштер көлемі – 26х26 см, қалыңдығы – 6 см болады. 2006 жылы қасбеті қайта салынды. Өйткені кіреберістегі кірпіштерін ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Талдысайға жақын жерге үй салған Ропков деген көпес тасып әкеткен.
Мұнда Асан қайғы абыздың баласы Абат жерленген деген нұсқа 1980-жылдары пайда болды. Осы жердің тұрғылықты қариялары бала кездерінен Байтақ әулие деп естіп келгенін айтады. Арал өзенінің бір бұрылысы «Абат кеткен» деп аталады. Арал бойындағы бір аңызда атын суарып тұрған Абаттың судан шыққан алып жайын құйрығымен қағып өлтірген деген аңыз бар. Содан осы өткел «Абат кеткен» аталыпты. Ендеше Абат бұл жерде емес, Арал өзенінің бойында өлген болып шығады.
Шыңғыс ханның ұрпағы, Бату ханның немересі (немере інісі) Байтаққа арнап соғылған кесенеге орта ғасырда жергілікті жердің кірпіші пайдаланылған.
Қазір қорымға жақын жерден электр бағаналары тартылып жатыр. Кесене аумағы қоршалып, жерге қыш тақтайлар төселуде.
Қазыбек шатқалындағы бекініс орны
1868 жылдың 21 қазанында Орынбор және Батыс Сібір губернаторлары қазақ даласын басқару туралы ережесін жариялады. Әскери бекіністер салу осы кезден басталды. 1869 жылы Ойыл өзенінің жағасындағы Қазыбек шатқалында бекіністің қазығы қағылды. Штемпель бастаған Орынбор әскери казактарының 107 адамдық үш отряды мен Орал әскери казактарының екі жүздігі Ойыл өзенінің биік жарқабағына екі зеңбіректі қойды. Жергілікті тұрғындарды жалдап, бекініс орнайтын тұсқа саз бен құмнан кесек бастырды. Ойыл аудандық музейінің қызметкерлері Дулат Исабаев пен Медет Құлмұханов бізге Ойылдың биік жарқабағы Қазыбек шатқалындағы бекініс орнын көрсетті. Қабырғаның тек іргетасы көрінеді. Бекініс деген артық сөз болар, заманында қам кірпіштен қаланған дуал болған тәрізді. Беріректегі қарайған шағын-шағын төмпешіктер казармалар орны болар. Жүз метр жердегі терең қазылған орға бардық. Терең қазылған ор – бұрынғы пеш. Қабырғалары күйген, ыстың ізі сақталған. Саз кірпіштерді арасына саңылау қалдырыла отырып жер пешке қалап кептірген. Түбіне сексеуіл, жыңғыл, қарағаш қаланып, от жағылған. Штемпель осы жердің ауқаттысы Қазыбекпен достасып, одан солдаттарына азыққа мал сатып алып, жұмысқа қазақтарды жалдап сауда дос болған.
Сүлеймен сынықшы және Шығанақ ауылы
Ендігі бағыт – аудан орталығынан 20 шақырым жердегі сынықшы Сүлеймен әулие тұрған Қаратал ауылы. Атақты сынықшы 1907-1970 жылдары өмір сүрген. Жас кезінде Кеңес өкіметінің қаһарына ұшырап он жыл Сібірге айдалып келген. 25 жасында қасиет қонған. Зембілмен әкелген адамдарды аяқтан тұрғызып жіберетін қасиеті болған. Сүлеймен сынықшының келіні Роза Тұңғатарованың айтуынша, өзі атасын көрмеген. 1975 жылы Сапар деген баласына тұрмысқа шыққан. Сүлеймен сынықшының жеті баласы болған. «Енеммен 23 жыл бірге тұрдық. Атамыз өзін іздеп келе жатқан науқасты сезіп, үйдің сыртында дегбірі қалмай тосып отырады екен. Емі де қызық. Келген адамға қол тигізбейді, науқасты жерге жатқызбайды. Аяғы сынған адамға «тұр» деп айқайлайды, қолы сынған жанға «шелектегі суды көтер» дейді екен. Сүйегі сынған жанның тары жеуіне мүлдем тыйым салған. Сынығы біткен науқасты дәрігерлер рентгенге түсіргенде, салған сүйектердің арасы саңылау болып біткені көрінген. Мертіккен бұзау – таналарды да емдеп жіберетін қасиеті болған. Көзі тірісінде сынықшының қасиетін сынау үшін аудан басшылары малды мертіктіріп әкеліп, сынықшы үйінің қасына жатқызғанда, шай ішіп шыққанша аяғы сынған мал шапқылап жүрген. Ауыл адамдары осылай дейді.
Ауыл іргесіндегі қорымдағы ортасына жиде ағашы өскен Сүлеймен Қарабалаұлының зиратына дұға еткеннен кейін экспедиция мүшелері мінген көлігіміз күншығыс бағытындағы Шығанақ Берсиев ауылына қарай жол тартты. Соғыс жылдарында тары өсіруден әлемдік рекорд жасаған атақты тарышы ауылы Қарасу – Қараталдан 8 шақырым жерде. Қарасу мен Қаратал – Берсиев ауылдық округіне қарайды.
Шағын ғана Қарасу ауылының іргесінде аппақ кесене – Шығанақ қайтыс болғаннан кейін 1947 жылы тұрғызылған. Авторы – Төлеу Бәсенов. 1881 жылы дүниеге келіп, 1944 жылдың мамырында өмірден өткен атақты тарышыға жасалған құрмет осы. Осы кесененің сыртынан өрілген баспалдақтармен жоғарыға шыққанда, Шығанақтың тары алқабының іздері байқалады. Шығанақ зиратының артында 1930-жылдардағы ауылдың қоныс орны бар. Бұл жерден 2006 жылы қол диірмен де табылған. Әлі күнге дейін 4 гектардан 200 центнерден тары жинаған диқанның құпиясы ашылған жоқ. Сонау ашаршылық жылдары тұтас ауылды аштықтан сақтап қалған тарышы осы кәсіпке 1918 жылдан бастап бет бұрған. Сол жылдары ауыл байларына жалданып жұмыс істеген Шығанақ үш ноқатты ақ тарының тұқымдарын жинай бастаған. Ашаршылық жылдары талай адамды аман алып қалған ақ тарыдан сүттің дәмі шығып тұрады екен. Ш.Берсиев ауылдық округінің әкімі Әділбек Избасовтың айтуынша, тарыны Шығанақ Ащы Ойыл өзенінің бойына еккен. Ақ тарыға көп су керек болған соң түйе жегіп, шығыр айналдырған. 200 метр жерге арық қазып, су жіберген. Өкініштісі, бүгінде Шығанақтың ақ тарысы жоқ. «Шығанақтың тарысы неге жоқ?» деген сұрағымызға ойылдықтар «40 жылдан кейін тары шығымдылығын жоғалтады, тұқым тозады» деп жауап берді. Қарасу ауылының орталығында жетпісінші жылдары Мәскеу қаласындағы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінен әкелінген Берсиев ескерткіші тұр.
Барқын құмдары
Қарасудан қайтар жолда Барқын құмдарында Ойыл орман шаруашылығына қарасты тоғай бар. Қарағай, шырша, тал, жиденің түр-түрі өсетін Ойыл орманы 1973- 2003 жылдары Ақтөбе өңірінде әйгілі болды. Барқын құмдарының іргесіндегі Екпетал орманшылар ауылы атанған. Бұл жерде тіпті алманың түр-түрі бар еді. Алғашқы қарағайларын Ойыл бекінісінің солдаттары отырғызған.
Ойыл орман шаруашылығының аумағы бүгінде 32 мың гектарға жетті, ұзындығы 27 шақырым. 1990-жылдары қараусыз қалған бақ қазір мемлекеттің қарауына алынып, орман шаруашылығы мекемесі қайта жандана бастаған. Қазір бұл жерде 50 орманшы тоғайды күтіп-баптаумен айналысады. Ойыл ауданы әкімі Асқар Қазыбаев Ойыл өзенінің жағасына Айдар Мергенов деген кәсіпкер 700 түп алма ағашы мен қарағайлар егіп жатқанын айтты. Кәсіпкер тамшылатып суару әдісін қолданады. Барқында жаз бойы Ойыл ауданының студенттері жұмыс істесе, енді олардың орнын ауданның жұмыссыз жүрген жастары алмастырып жатыр.
Ойыл мешіті
Аудан орталығы Ойыл елді мекенінің өңін ашып тұрған екі құрылыс бар. Біріншісі 1903-1904 жылдары Қазан үлгісімен салынған мешіт болса, екіншісі – оның жанындағы Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарлары.
Мешіт құрылысына жергілікті қазақтар мен татарлар араласқан. Негізгі қаржыны Хафиз Өтешов деген көпес құйған. Бүгінде Ойылда Өтешовтің ұрпақтары бар. Ойыл өзенінің бойында күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған мешіт үйі әлі де еңселі. 1900-жылдары салына бастағанда ағаштары түйемен Орынбордан тасылған. Алғашқы имамы – Сағидулла Ізтілеуов. Оның діни білімі өте жоғары болған. 1930-жылдары қуғынға ұшырап, түрмеде қайтыс болған. Ойыл мешітінің екінші имамы – Хасан хазірет. Кейбір деректерде Хасан хазірет 1918 жылы көктемде Ташкенттен жасырын келіп, Орынбор арқылы эмигарцияға өтпек болған Мұстафа Шоқайды қарсы алып, Халел Досмұхамедұлының көмегімен Ақтау арқылы теңізбен елден шығарып жіберген дейді. Сол үшін Хасан хазіретті 1937 жылы ату жазасына кескен. Бірақ архив мұрағаттары бойынша 1940 жылы түрмеде қайтыс болған.
Мешіт аудандық театр, тіпті қоймаға айналып, 1980 жылға дейін қараусыз қалды. Қазір мемлекет қарамағына алынып, өткен ғасырдың сәулетті ескерткішіне айналған. Мешіттің шығыс бетіндегі Көкжар жәрмеңкесінің қатарлары да қайта жаңғырып, қазір жәрмеңкелер өткізетін орынға айналған. Ойылдағы атақты Көкжар жәрмеңкесі қатарлары 1867 жылы салынған. Сол жылы 137 саудагер қатысқан жәрмеңке жылына екі рет көктем мен күзде өткізілген. Орынбор, Қазан, Мәскеуден, Ташкент, Хиуадан ат арытып керуен келген. Қазақтар жүн-терісін, мал етін, мал терісінен жасаған бұйымдарын өткізген. Жәрмеңкеде Қызыл Тұрдалыұлы, Мұхит Мералыұлы, Тәңірберді Молдабай, Сары Батақұлы, Үсен төре, Нұрпейіс Байғанин жиі өнер көрсеткен.
Біз Ойылдан кейін Шұбарқұдық тас жолымен Темір ауданына қарай бет алдық. Темір ауданының Шұбарқұдық елді мекенінен үш шақырым, Темір өзенінің бір тармағы Шилісу бойындағы Досжан Қашақұлының (1815-1890) кесенесіне аялдадық. Бұл жерге Досжан хазірет 1868 жылы көшіп келіп, Бірмән ұстаның қолымен мешіт салған. Шилісудың бойына қоныстанған елдің басын құрап, тұрғын үй салып, бау-бақша өсіреді, егіншілікпен айналысады. Қажылыққа үш рет барып, Меккеге қажылыққа барған қазақтар үшін тәкия үй салуға жәрдемдескен. Кеңес өкіметі кезінде ұрпақтары қуғынға ұшырап, атылды. Қам кірпіштен қаланған, заманында көз тартарлық болған мешіт жартылай қираса да, шам жағатын орындары мен ескі босағасында жасыл-қызыл бояу мен қазақы өрнектің іздері көрінеді. Қазір Досжан ишан мешіті мен оның бейіті қайта салынып, аспан астындағы музейге айналдырылуда. Досжан ишан кесенесі Маңғыстаудың ұлутасынан жасалған. Ескі мешітті айнала қоршу жасалып жатыр екен. Құрылысшылар күзге дейін аяқтауға уәде берді.
Біз одан кейін Темір қаласына аялдап, Мұстафа Шоқайдың табаны тиген екі қабатты ескі көпес үйінің орнын іздедік. 1918 жылы көктемде Мұстафа Шоқай мен жұбайы Мария Темірдің көшелерінде ақ пен қызылдың айқасы жүріп жатқанда, екі қабатты орыс-қазақ училищесінің интернатында үш күн тығылып жатқан. Бұл туралы Мария Горина анамыздың естелігінде бар. 1890-жылдары Темір уездік бастығының үйі болған екі қабатты ескі үйді тауып, екінші қабатына көтерілдік. Себебі, Мария Шоқай осы үйдің екінші қабатынан Толғанайдың бағы көрінеді деп жазады. Толғанай – Темір өзенінің бір сағасы. Бұл жерде патша солдаттары отырғызған тоғай бар. Бұрынғы уезд бастығының ескі үйінен Толғанайдың тоғайы ағараңдайды екен.
Экспедиция Толғанай бағына аялдап, осындағы жүз жылдық емендер мен қайың-қарағайларды көріп, жолсапарды аяқтады.