• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Президент 07 Қыркүйек, 2021

Қоғамға тың серпін алып келді

360 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Жолдауы үміт пен күдіктің арасында жүрген халыққа дер кезінде айтылған сөз болды. Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында алдағы бағыт-бағдарымызды айқындай түскендей.

Жолдауда көкейдегі көптеген түйт­кілді мәселелердің түйіні тар­қады. Әсіресе, Қызылордадан Маң­ғыстауға дейін жұт дендеп, мал жа­йы­лымы қиындаған тұста ауыл-ай­мақ­тағы жұртқа үлкен жігер, үміт сыйлады. Бұл – ұлттың қай уақытта да ұйыса білуінің дәлелі.

Ел Президенті өз Жолдауында мем­ле­кеттік тілдің мәртебесіне тоқ­талып, қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып жатқанын айтты. «Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деу­ге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі рес­ми тіл мәр­тебесіне ие. Біздің заң­намаға сәй­кес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отаны­мызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қою­ға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», деді Президент.

Тағы бір елеулі жаңалық, мәде­ниет қызметкерлері мен мұрағат­шы­лар, кітапханашылардың еңбекақы­сын жүйелі түрде көбейтуді тапсыр­ды. Бұл бастама өңірлердегі мәде­ниет саласының мамандары үшін үлкен жаңалық болды деп ойлаймын. Әр Жолдаудың өзіндік тақы­рыбы мен мағынасы бар десек, күні кеше жарияланған Жолдау, негізінен халықтың әлеуметтік ахуалын көтеруге арналып отыр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұлт­тық идеологияның ішінде өзіміздің ұлттық саясатымызды ұс­тану ке­рек­тігін айтты. Одан бөлек мем­лекеттік бюджет есебінен мәде­ниет пен руханият саласына бөлінетін қаржының белгілі бір мәдениет қайраткерлерінің жобаларына жұмсалып отырғанына да тоқталды. «Жас әрі дарынды мүсін­шілер, суретшілер, театр қызмет­керлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізде­ніс үстінде жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың кө­ме­гі­­мен ғана күн көреді. Шын мәнін­­де, Қазақстан мәдениеті сол жас дарындардың арқасында жаһан­дық деңгейде танылып жүрген жоқ па?!» деп, жыл соңына дейін жаңа мәде­ниетті және оның дарынды өкіл­дерін дәріптеуге бағытталған нақты жобалар жоспарын ұсынуды тапсырды.

Жаңа Жолдау – кешегі Жамбыл өңіріндегі жарылыстан соң әрі жаз бойы ауыл-аймақтағы қуаңшылықтан кейінгі елге үлкен моральдық көмек деп білемін. Қоғамға да тың серпін алып келді. Мемлекеттің әр саласына өзгеріс енгізген бұл Жолдау Қасым-Жомарт Кемелұлының ел тізгінін ұстауға лайық тұлға екенін көрсетті.

 

Талғат ТЕМЕНОВ,

режиссер, Қазақстанның халық әртісі