• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 07 Қыркүйек, 2021

Сіз білесіз бе?..

783 рет
көрсетілді

Күмән мен күдік

Әйгілі «Шоушенктен қашу» («Побег из Шоушенка») фильмінің сценарийі Стивен Кингтің қаламынан шықса да, ара-тұра бұл жазудың Кинг стилінен өзгеше, бөтен екені айтылады. Бірде «қорқыныш королі» өзінің ешбір шығармасын оқымаған қарт әйелмен әңгімелеседі. Сонда ол Кингтің барлық шығармасы «Шоушенктен қашу» секілді «ұрланған» дүние екенін һәм сол үшін де оқуға қызықпайтынын айтқан. Ал Кинг күмәнді ойдың иесін повесті өзі жазғанына сол бойы сендіре алмады. Өкінішті-ақ.

 

Виктор Гюго даңғылына!

Өмірінің соңғы жылдарында Виктор Гюго Париж көшелерінің бірін­де­гі жекежайда тұрды. Ол көше көзінің тірісінде-ақ көпшілік арасында «Виктор Гюго даңғылы» деп аталған. Мәселен, жазушы хаттарындағы мекен­жайға тек «Месье Виктор Гюгоның Париждегі даңғылынан» деп көрсеткен.

Әгәрәки, жол түсіп, Парижге бара қа­л­саңыз, таксиді «Виктор Гюго даң­ғылына!» деп ұстарсыз.

 

Қызыл сөзден құтылу

Жазушы Сергей Довлатов шығар­ма­шылығының соңғы он жылында бір әріптен басталатын сөйлемдерді саналы түрде қолданбауға тырысқан. Бұл ғадет оған көпсөзділік пен бос әңгімеден арылуға көмектесіпті. Довлатовтың осы көз­қарастағы шығармаларына «Ша­бадан» («Чемодан»), «Қорық» («Заповедник»), «Филиал», т.б. жатады. Үйренетін үрдіс екен.

 

by the mark twain

Барша әлемге әйгілі Марк Твен есімі қалай пайда болды? Сэмюэл Лангхорн Клеменстің лақап аты Марк Твен – өзен навигациясы терминіне байланысты пайда болған. Жас кезін­де болашақ жазушы Миссисипи өзе­ніндегі пароходта жұмыс істеген. Ке­ме­нің өтуі үшін қауіпсіз тереңдік екі теңіз көшетіне тең болды (3,7 метр) және лотпен өлшегеннен кейін бұл көрсеткіш әдетте «by the mark twain» деп шығатын. Мұндағы twain – екі сан­ның архаикалық формасы.

 

Псевдоним – «қауіпті ауру»

1970 жылдары америкалық бас­па­герлер жазушыларға жылына бір­не­ше кітап шығаруға тыйым салды. Ал көп кітап шығарғысы келген Стивен Кинг кейбір шығармаларын Ричард Бахман деген бүркеншік атпен жаза бастады. 1984 жылы кітап дүкенінің сатушысы екі автордың әдеби стилінің ұқсастығын байқап, Конгресс кітапханасында Бахман ро­мандарының бірінің авторы Стивен Кинг екені туралы жазба тауып алады. Кейін бұл жаңалықты Кинг бас­па­гер­ле­ріне хабарлаған. Жа­зу­шы­ның өзі сатушыға қоңырау шалып, сұхбатқа келісім беріп, ашық мақала жазуды ұсынады. Нәтижесінде, Ричард Бахманның «бүркеншік ат қатерлі ісігінен» қайтыс болғаны туралы баспасөз хабарламасы тараған.

 

Ең қысқа хат

Жоғарыда айтқанымыздай, Париж­де­гі Виктор Гюго даңғылында тұ­ратын жазушы Гюго 1862 жылы демалыста жүріп, жаңа шыққан «Аласталғандар» («Отверженные») романына ел-жұрт­тың пікірін білуге баспагеріне «?» деп жеделхат жолдайды. Ал баспагер жедел­хатқа «!» деп жауап береді. Бір сим­волдан тұратын бұл жазба тарихта жазылған ең қысқа хат шығар.

 

«Майталман шебер мен Маргарита» қалай жазылды?

Булгаков «Майталман шебер мен Маргаританы» жазуға 1929 жылы кіріс­ті. Ал жеті жыл бұрын оған Алек­сандр Чаяновтың «Венедиктов немесе өмірімнің ұмытылмас оқиғалары» атты кітабы сыйланған еді. Оның бас­ты кейіпкерлері сайтан мен Булгаков есімді студент болды: ол онымен сүйікті әйелдің жаны үшін күреседі, соңында ғашықтар қосылады. Жазушының әйелі Любовь Белозерскаяның айтуынша, Чаяновтың оқиғасы «Майталман шебер мен Маргарита» романын жазуға ой салған.

 

«Бәріміз де Гогольдің шинелінен шықтық»...

Орыс әдебиетінің гуманистік дәс­түрлерін сипаттап жүрген әйгілі «бә­ріміз де Гогольдің шинелінен шық­тық» деген тіркес «бәрімізге де» белгілі. Көбінесе бұл сөйлемді Дос­тоевский айтты дейміз, алайда, шын мәнінде, оны бірінші болып Дос­тоевский шығармашылығы туралы сөз қозғаған француз сыншысы Эжен Вогюэ айтқан. Ал Федор Михайлович бұл дәйексөзді басқа француз жазушысымен әңгімесінде тілге тиек еткен. Осылайша, ол әйгілі тіркесті Дос­тоевский сөзі ретінде түсініп, өз еңбектерінде жариялаған.

 

«Стендаль синдромы»

Француз жазушысы Стендаль 1817 жылы Флоренцияға барғаннан кейін: «Мен Қасиетті Крест шіркеуінен шық­қан кезде жүрегім дүрсілдеп, өмір­дің жарығы таусылып, жерге құ­лап кетердей сезіндім», деп жазады. Қа­ламгерді ерекше толғандыратын өнер туындылары басқа адамдарға осылай әсер етуі мүмкін: яғни жиі жүрек со­ғы­сы мен бас айналу. Кейін мұндай психосоматикалық бұзылыс «Стендаль синдромы» деп аталып кетті. Онымен «ауырған» адам сурет кеңістігіне еніп кеткендей сол картинадан ерекше күш алады. «Стендаль синдромы» өнерден бөлек, тұмса табиғат, сұлулық әсерінен де пайда болады.

Сондықтан музей аралағанда немесе киелі орындарға саяхат кезінде «Стендаль синдромынан» абай бо­лыңыз...