• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2014

Киев гривнаны құнсыздандырды

422 рет
көрсетілді

Көшедегі наразылық күшейіп, жағдай ушығып бара жатқанда Киев гривнаны құнсыздандыру туралы тәуекелге толы шешім қабылдады. Бұл туралы Azattyg.org хабарлады.

Украина билігі гривнаның арзандауына жол беріп отыр. Олар әлсіз валюта экономикаға серпін береді деп үміттенуде. Украина валютасы желтоқсанның басынан бері 3 пайызға арзандап, 23-қаңтар күні долларға шаққандағы құны ең төменгі 8,44-ке түсті. Бұл әлемдік қаржы дағдарысы орнаған 2009 жылдан бергі ең төменгі ауыстыру курсы. Гривнаның құлдырауына екі ай бұрын басталған көшедегі бүліктер де ықпал етуде. 22-қаңтар күні наразылық танытушылардың арасында құрбандар пайда болды, билікке қарсы екі шеруші оққа ұшты, біреуінің өлі денесі орманнан табылды. Берекесі қашқан елдің тұрғындары қаржы дағдарысының жақындап қалғанын сезеді, сондықтан олар гривнаны тұрақты валютаға айырбастауға тырысып жатыр. «Гривна құнын жоғалтса, біздің нарық та құрдымға кетеді. Нәтижесінде қолымыздағы қаржымыздан айрыламыз», – дейді Киев тұрғыны.

Лондондағы Standard Bank сарапшысы Тим Эш көптеген жылдар бойы Украина Орталық банкінің валютаны тұрақты сақтау үшін гривнаның долларға қатысты курсын сүйемелдеп келгенін айтады. «Орталық банктің ұстанымында өзгеріс болғандықтан, валюта арзандап отыр. Ресейдің қаржылық көмегі арқасында валютаны барынша тұрақты деңгейге көтеріп аламыз деп ойлайды. Елдің жалпы ішкі өнімі 8 пайыз шамасында тұрғанда 8.20 деген деңгейдің (гривняның АҚШ долларына қатысты курсы) тұрақты болуы мүмкін емес екеніне көпшілік келіседі деп ойлаймын», – деді ол.

Януковичтің Еуроодақпен әріптес болудан бас тартқаны үшін Мәскеу Киевке 15 млрд. доллар шамасында несие береміз деп уәде еткен еді. Бірақ, Тим Эштің айтуынша, ақша ұсына отырып, Мәскеу Киевтің валютасын арзандатуға шақырған. «Осылайша Ресей Украинаның экспортқа шығаратын өнімдерін, оның ішінде құрышты бәсекеге қабілетті етпек», – дейді ол. – Халықаралық валюта қоры мен Еуропа Одағы да Украинаға экономикасын қалпына келтіру үшін  валюта құнын түсіру керектігі туралы жиі айтатын». Валютаны арзандату болашақта Украина экономикасын көтеруге ықпал етеді десек те, бақылаушылардың көбі қазіргідей қатерлі кезеңде тәуекелге бел буған Киевке таң қалуда.

«Валютаны арзандатып, оны бақылап отыру әр кезде де оңай емес. Бірақ, соның арқасында оның резерві сәл алысқа барады. Олар валютасын баяғыда арзандатуы керек еді, қазіргі шоттағы тапшылық мәселенің ертеде туындағанын білдіреді. ХВҚ оны бұрын айтқан болатын. Соңғы бір-екі жылда Украинаның саяси шешімі дұрыс болмады, қазіргі жағдай соны нұсқап отыр», – дейді Лондондағы Renaissance Capital инвестициялық банкінің бас экономисі Чарльз Робертсон. Енді үкімет арзандаған валюта мен көшедегі қанды қақтығыс қосылып, халықтың есі шығып, азаматтар гривналарын жанталасып ауыстыра бастамас деп үміттенеді. Халық ұлттық валютасын тұтас сата бастаса, гривна адам естімеген деңгейге дейін төмендеуі мүмкін. Британияның «Financial Times» басылымы 2012 жылғы парламенттік сайлау алдында адамдар банкке жүгіріп, доллар сатып алуға ұмтылды, нәтижесінде бір айда 2 миллиард доллар сатылды деген дерек келтіреді. Дегенмен, үкімет нақты шешім қабылдайтын кез жеткенін түсінген сияқты. Янукович экономикалық жағдайды жақсарта алмаса, елді дүр сілкіндірген наразылық акциясын одан әрі ушықтырады. Шерушілер президент бізді Еуроодақпен тығыз қарым-қатынаста болып, нарықтық реформаны жөндеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәртіпті күшейту мүмкіндігінен айырды деп ызалануда. Ал Янукович оның бәріне дәстүрлі экономикалық серіктестер, бұрынғы Советтік елдермен бірге жетеміз деп уәде етті.

Айдар Өрісбаев.

Дереккөз: Azattyg.org

Фото: Reuters.com

Соңғы жаңалықтар