Шымкент қаласының экономикасын дамыту мақсатында кәсіпкерлікті қолдауға 7 млрд теңге бағытталып, 2 250 бизнес өкіліне қолдау көрсетілетін болады. «Бизнестің жол картасы» бойынша мың жоба қамтылады. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2 мың адамды жұмыспен қамтитын 15 жоба іске асырылады. Сондай-ақ үшінші мегаполисте 19 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы келесі жылы тағы 25 пайызға ұлғайып, оқушылардың қосымша біліммен қамтылу көрсеткішін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Президенттің халыққа арнаған Жолдауында айтылған жеті бағыт пен бес бастаманы қолға алу үшін нақты шаралар қабылданатынын жеткізген қала әкімі Мұрат Әйтенов осындай деректер келтірді. «Президент «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Биыл «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша қаламызда былтырғымен салыстырғанда 6 есе көп қаржы қаралып, көлемі 4,8 млрд теңгені құрады. Жеті айдың қорытындысымен 3 млрд теңгеге жуық қаржыға 970 жоба қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша биыл 80 жобаның несиесін субсидиялау және 20 жобаны кепілдендіру жоспарланған. Бұл мақсатқа орай 83,4 млрд теңге қаралды. Бағдарламаға қатысуға 84 кәсіпорын өтінім білдірсе, соның 61-і нақты қаражатқа қол жеткізді», дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемін 1,5 есеге, яғни 24 млрд долларға дейін, ал еңбек өнімділігін 30 пайызға көтеру міндеттелді. Бұл орайда Шымкент қаласының шикізаттық емес секторында 2025 жылға қарай сыртқа өнім шығаруға бағдарланған 62 жоба іріктелген және экспорт табысын 608 млрд теңгеге жеткізу жөнінде жоспар түзілген. Биыл жеті айда 10 жобаның экспорттық көлемі 54,5 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ қала әкімі ауыл шаруашылығы бойынша Жолдауда көрсетілген міндеттерді Шымкенттегі құрылысы жүріп жатқан 2 агроиндустриалды аймақтың есебінен орындауға болатынын айтады. «Мемлекет басшысы, сонымен бірге инфляция деңгейін 4-6 пайыз аралығында ұстап отыру қажеттігін, баға саясатын ұстануды тапсырды. Осы ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімін делдалсыз саудалайтын желілердің маңызы зор. Қаламызда әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарын ірі сауда дүкендерінде белгіленген бағада сату жөнінде арнайы келісім жасалған. Ірі сауда желілерімен келісімшарт орнату, тиісті қаражатпен қамтамасыз ету жалғасады. Сонымен қатар жайылымдық жерлер қайта талданып, ветеринария саласы автоматтандырылуы тиіс», дейді М.Әйтенов.
Шағын аудандар ахуалы
Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруде Шымкент қаласының орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендердің алар орны ерекше. Бұл орайда елді мекендерді дамыту мәселесі әкімдіктің басты назарында. Бүгінде шеткі шағын аудандардың инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Мысалы, Еңбекші ауданындағы апатты деп танылған «Текесу» каналынан өтетін көпір қайта құрылып, пайдалануға берілді. Қолданыстағы бұл көпір 1993 жылдары салынған. Ұзындығы 10 метр, ені 6 метр болатын көпірге қайта құру жұмыстары демеуші есебінен жүргізілді. Ендігі кезекте Қарабастау тұрғын алабындағы канал үстінен өтетін көпірді қайта құру жоспарда бар. Ал 10 мыңға жуық тұрғыны бар Батыс шағын ауданы биылдан қалмай таза ауыз су жүйесіне қосылады. Шалғайдағы шағын ауданға ауыз сумен қоса «көгілдір отын» мен жарық жүйесі де тартылуда. Мұндағы тұрғындар бүгінде ауладағы құдық суын және тасымалды суды пайдаланып отыр. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған болатын. Ұзындығы 151,47 шақырым болатын ауыз су құбырының бүгінде 80 пайызы тартылған. Мердігер мекеме «Мелиоратор» ЖШС тарапынан қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстары күз айының соңында аяқталады деп жоспарлануда. Яғни жыл соңына дейін Батыс шағын ауданындағы 9 618 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады. Жеті жылдан астам уақытта ауыз суды тасып ішіп келген Асар-2 шағын ауданы тұрғындарына да биыл сапалы ауыз су жеткізіледі. Тұрғындарды сапалы ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында былтыр маусым айында құрылыс жұмыстары басталған. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Жалпы ұзындығы 156,1 шақырым болатын ауыз су желісін тарту жұмыстарының бүгінде 80 пайызы аяқталған. Құрылыс жұмысы биыл толығымен бітіп, Асар-2 шағын ауданындағы 11 060 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан Наурыз шағын ауданы тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту құрылысы қарқынды жүруде. Жоба бойынша, ұзындығы 15 шақырым ішкі орамдық жүйелер тартылады. Қазіргі уақытта 4 шақырым кәріз жүйесі орнатылған. Құрылыс жұмысы толығымен қараша айында аяқталады. Нәтижесінде, шағын аудандағы 3 850 тұрғын қолданыстағы диаметрі 1 200 мм коллекторға қосылады. Бүгінде қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту мақсатында барлығы 13 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Қала әкімі М.Әйтенов маусым айының соңында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында үшінші мегаполисте жарықтың сөнуіне қатысты мәселе барын және оны шешу жолдары бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан-ды және жоспарға сәйкес, шілде айында қосалқы стансаның құрылысы аяқталатынын мәлім еткен еді. Жуырда «Бозарық» қосалқы стансасы ел игілігіне пайдалануға берілді. Нәтижесінде, қаладағы инфрақұрылым сапасы жақсарып, 250 мың тұрғын сапалы электр жарығымен қамтамасыз етіледі. «Қаладағы электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесін алдағы уақытта толық шешеміз. Шымкент ірі өндірістік орталық ретінде дамып келеді. Осы орайда «Бозарық» стансасы стратегиялық нысан ретінде электр қуаты жетіспеушілігі мәселесін шешуде сеп болады. Қала аумағына кіретін 81 елді мекендегі электр энергиясымен қамту сапасын жақсартады», дейді қала әкімі. Айта кетейік, бұл электр стансасының құрылысы 2015 жылы басталған. Алдағы уақытта мұнда 5 қосалқы станса қосылып, электр энергиясын алады. Олардың арасында «Нұрсәт», «Астана-1» және «Астана-2» қосалқы стансаларындағы жұмыстар аяқталуға таяу. Ал «1-М-1» стансасындағы құрылыс жалғасып, «Ынтымақ» қосалқы стансасының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Нәтижесінде, қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан 10 шағын аудан тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтуға мүмкіндік туады. Қала шетіндегі «Сәуле» шағын ауданының да инфрақұрылымы жақсара түсуде. Шағын ауданда жеке тұрғын үй салу үшін 600 жер телімі беріліп, бүгінде 350 үй салынған. Бұл аумақты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін демеушілер тарапынан өткен жылы 350 метрге жуық су құбырының қазба жұмыстары жүргізіліп, су жүйесі тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген. Жарықпен қамтамасыз ету мақсатында демеушілер тарапынан 25 бағана, 2 шақырым сым және қуаттылығы 160 кВт көтеретін трансформатор орнатылып, 150-ге жуық жеке тұрғын үйлер электр қуатымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 276 орамды толықтай ауыз сумен қамту үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңімпаз мердігер мекеме «Агат» ЖШС-мен 532,5 млн теңгеге келісімшарт түзілген. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың маусым айында басталып, қараша айына дейін аяқтау жоспарланған. Электр жарығымен толық қамтамасыз ету мақсатында «Ақсемсер-стройсервис» ЖШС-мен 982,4 млн теңгеге келісімшарт түзілген. Бұл жұмыстар 2022 жылдың І тоқсанында аяқталады. Шағын аудандағы 276 орамды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім енгізілген. Келесі жылы толық табиғи газбен қамтылатын болады. Сонымен қатар топырақ жолдардың санын азайту мақсатында былтыр шағыл тас төселген 4,9 шақырым жол 2022 жылы асфальтталады. Шағын аудандардың бірі «Асарда» негізінен Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыз тұрады. Мұндағы әр үйдің ауласында кәсіпке айналдырып, күнкөріс етсін деген мақсатта берілген жылыжай бар. Дегенмен тұрғындардың айтуынша, қазір бұл шаруашылықпен халықтың 8-10%-ы ғана айналысуда. Мұның өзіндік себебі де жоқ емес. Қандастарымыздың кейбірі үйінің ипотекасын төлей алмауда екен. Асар шағын ауданындағы №6 учаскенің биі Әзімбай Пазылбековтің айтуына қарағанда, тұрмыстық мәселесін айтып келетіндер көп. «Бізге ипотекалық үй салып берген. Бұл үшін Үкіметке, Елбасына ерекше алғыс айтамыз. Бірақ бізде мәселе болып тұрғаны – жесір бар ма, жетім бар ма, бәрі де Өзбекстаннан келген қандастарымыз. Көбінің балалары – кішкентай. Біразы көпбалалы отбасылар. Сондықтан оларға үйдің ипотекасын төлеу қиындық туғызып жатыр. Сол үшін кішкене жылын ұзартып берсе деп отырмыз. Мысалы, менің учаскемде 6 балалы бір азамат бар. Әйелінің денсаулығы жарамайды. Бір өзі жұмыс істейді. Міне, сондай отбасылар ипотеканы жабуға қиналып отыр», дейді ауыл биі. Сондай-ақ шағын аудан тұрғындары техникалық судың жоқтығын айтуда. Бұл мәселелер қала әкімдігінің назарында. Жалпы, қалада қандастарға барлық жағдай жасалуда.
Жуырда Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы үшінші мегаполиске жыл басынан бері көшіп келген 798 отбасындағы 1 099 азаматқа қандас мәртебесі берілгенін мәлім етті. Елге оралғандардың көпшілігі Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай және Ресей елінен көшіп келіп, қаланың әр ауданына қоныстанған. Алыс-жақын шетелден көшіп келген қандастарды қолдау мақсатында басқармаға қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығы 6 ай мерзімінде мемлекеттік тілді үйренуі, ортаға бейімделуі, жұмыспен қамтылуы, баспана мәселелері бойынша қызмет көрсетеді. Сонымен қатар орталық тігінші, кондитер, есепші, компьютер графикасы, шаштараз сынды 12 түрлі мамандық бойынша тегін оқытады. Айта кетерлігі, жұмысқа орналасып, баспана салып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған қандастар да жоқ емес. Мысалы, «Дәнекерлеу ісі» кіші кәсіптік мамандығын алған Мадияр Мырзахметовке мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа орналастыру бойынша ұсыныстар беріліпті. Сондай-ақ орталық мамандарының көмегімен тез бейімделген М.Мырзахметов азаматтық алып, еңбекқорлығының арқасында Құрсай елді мекенінен үй тұрғызып, баспаналы болды.
Жаңа мектеп – заман талабы
Мемлекет басшысы Жолдауында 2025 жылға дейін салынатын мектеп санын бір мыңға жеткізуді міндеттеді. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тарту қажеттігі айтылды. Урбанизация және демографиялық процестерге байланысты үшінші мегаполисте салынып жатқан мектептер саны жыл сайын көбейе түсуде. Мысалы, осыдан отыз жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болды. Ал биылғы жаңа оқу жылы 203 мектепте 233 879 оқушымен басталды. Өткен жылмен салыстырғанда 8 мың оқушыға көп. Оның ішінде 25 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру ұйымдарының құрылысын жүргізу, олардың жабдықталу деңгейін арттыру, білім саласында мемлекет-жекеменшік әріптестігі жолға қою, педагог кадрлардың әлеуетін көтеру, тағы басқа маңызды көрсеткіштер қамтылған. Алдағы 5 жылда қалада 72 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып, үш ауысымды мектептер мәселесі мен мектебі жоқ шағын аудандар мен тұрғын алаптарда жаңа білім ұялары салынбақ. Биылдың өзінде 32 мектептің құрылысы басталып, 20 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жеке инвесторлар 16 мектептің құрылысына тартылған. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мысалы, қаладағы білім ошақтарын жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 263 кабинет, 178 интерактивті тақта орнатылды. Нәтижесінде, жаңа жабдықтармен қамтылған пән кабинеттерінің үлесі 32,5%-дан 65%-ға жетті.
Ал күні кеше «Тұран» шағын ауданында пайдалануға берілген №79 жалпы орта мектебінде 897 оқушы білім алуда. Заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, саламатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасалған 1200 орынды оқу орны 3 қабаттан тұрады. Екі ауысымда оқытатын мектепте 44 оқу бөлмесі қарастырылған. Бұдан басқа жаңа үлгідегі 8 мультимедиялы-лингофонды кабинет, 3 информатика кабинеті, 85 компьютер және 3 интерактивті тақтамен жабдықталған. Сондай-ақ 4 шеберхана бөлмесі мен балалардың денсаулығын қадағалайтын екі медпункт қарастырылған. Білім күнінде заман талабына сай жабдықталған тағы бір мектеп ел игілігіне тапсырылды. «Низамхан» жекеменшік мектебінің ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов жаңа оқу жылында 20 мектеп ашылып, 2 мектептің қосымша корпусы аяқталғанын атап өтті. Осылайша, мегаполисте апатты мектептер жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға азайды. Жыл соңына дейін тағы 4 жаңа мектеп ашылады. «Низамхан» жекеменшік мектебі 1934 жылы ыңғайластырылып салынған апатты ғимараттың орнына салынды. Жаңа мектептің қуаттылығы бір ауысымда 1200 бала қабылдауға арналған. Заман талабына сай жабдықталған мектепте 74 оқу бөлмесі бар. Жаңа үлгідегі биология, физика, химия, информатика, мультимедиялы-лингофонды кабинеттер, интерактивті тақталар, кітапхана, асхана, акт, спорт залдары, спорт алаңы, қыздарға және ұлдарға арналған шеберханалармен қамтылған. «Қазіргі таңда, мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қамқорлық жасалуда. Осы бағытта Шымкентте де көптеген оңды іс атқарылуда. Мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуде қалалық мәслихат та қолдау көрсетіп келеді», дейді Бахадыр Нарымбетов.
Санға емес, сапаға жұмыс істеу – уақыт талабы. «Алты алаштың басы қосылса төр – мұғалімдікі» деген Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың қанатты сөзі бүгінде де өз құндылығын жойған жоқ. Өйткені соңғы жылдары елімізде мұғалімнің мәртебесін көтеру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Нәтижесінде, ұстаздан шәкірттері оза шабуда. Ғылыми-танымдық өресі биік, білім көкжиегі кең оқушылар олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарды иеленіп, қаланың абыройын асқақтатуға үлес қосып келеді. Мысалы, 2020-2021 оқу жылында шымкенттік өрендер республикалық білім бәйгесінде 70 жүлделі орынды иеленді. Сонымен қатар республикалық олимпиаданың нәтижелері бойынша Шымкенттің бес мектебі Қазақстанның 100 үздік мектебіне енді. Қазір елімізде 22 «Назарбаев зияткерлік мектептері» дарынды балаларды білім нәрімен сусындатып отыр. Соның ішінде Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі өз жұмысын 2013 жылы 25 ақпанда бастаған болатын. 2014 жылдың 1 ақпанында – 594 оқушы қабылданған болса, қазіргі таңда 761 оқушы білім алуда. Осы жылдары мектептен қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиада мен ғылыми жоба сайысының, түрлі шығармашылық байқауының 1 мыңға жуық жеңімпазы шыққан. Мектеп түлектері әлемнің әр түкпіріндегі, еліміздің әр қаласындағы ең беделді оқу орындарында білім алып жүр. Соңғы статистикаға тоқталсақ, биыл 92 оқушы зияткер түлек атанды. Оның ішінде 32 оқушы Назарбаев университетіне шақырту алды, 16 оқушы шетелдердің білім ордаларында білім алуға 25 пайыздық грантын жеңіп алса, 9 оқушы Қытай, АҚШ, Жапония, Түркия, Қатар, Литва, Венгрия, Италия, Сингапур мемлекеттерінің оқу орындарына түсті. Сондай-ақ химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Қайырбек Буксукбаев білім саласында мақсатты индикаторлық көрсеткіштер қойылып, адами капиталдың сапасын арттыру міндеттері межеленгенін айтады. Шымкенттік ұстаздар оқушылары білім олимпиадалары мен ұлттық тестілеу көрсеткіштерінен оқ бойы озық тұруы керек екенін, бүгін мектебіне үлес қосқан бала, ертең елінің абыройын асқақтататынын айтуда. Зияткерлік бәсеке орныққан бүгінгідей кезеңде оқушылар өздерін күнделікті жетілдіруі тиіс деп есептейді.
Қала әкімі мәлім еткендей, жаңа мектептер салу, заман талабына сай жабдықтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келе жатқан үшінші мегаполисте білім ұяларының материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары алдағы 4-5 жыл көлемінде толықтай шешімін табады.
ШЫМКЕНТ