Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында пандемиядан кейінгі еліміздің одан әрі экономикалық дамуының нақты мақсат-міндеттерін жіктеп берді.
Мемлекет өзіне жүктелген мақсат-міндеттерді толығымен орындауы қажет. Бүкіл әлемді қыспаққа алған індетке қарамастан заң шығарушы және атқарушы билік азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істеп, халық пен кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіп, көмек қолын созуы керек. Бұл ретте «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мен «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен кредит беру бағдарламасының мерзімін ұзартудың маңызды екенін атап өткен жөн.
Салық төлеушілердің әлеуметтік маңызды мақсаттарға беретін қаржы-қаражатын тиімді пайдалану – билік қызметін бағалаудың маңызды критерийі. Мемлекеттік бюджет пен ұлттық қордағы қаражатты оңды-солды шашып, мақсатсыз жұмсаудың салдары көбіне-көп сыбайлас жемқорлыққа әкеп соғатыны да белгілі. Осыған орай Парламент жыл соңына дейін мемлекеттік қаржыны басқару туралы заң жобасын әзірлеуі қажет.
Инфляцияның жоғары деңгейі, бағаның негізсіз өсуі қазақстандық кәсіпорындардың дамуын тежейді. Бұл кедергілер отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін шектеп, ұлттық экономиканың құлдырауына алып келуі де әбден мүмкін. Осы қауіп-қатердің зардабын ескерген ел Президенті маңызды құжатта инфляцияны 4-6% дәлізіне қайтаруды тапсырды.
Жолдауда агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау проблемалары да өткір көтерілді. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы саласында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының санын арттырып отырғаны да мәлім Субсидиялардың қолжетімсіздігі, қаржымен толық көлемде қамтамасыз етілмеуі, қорқытып алушылық, ақпараттық жүйелер жұмысындағы тұрақсыздық – осының барлығы еліміздегі заңнаманың бұзылуына әкеп соғуда. Осыған орай Мемлекет басшысы Парламентке мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қысқа мерзімде субсидиялау саясатының заңнамалық негізін нығайту туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырды.
Бизнесті ынталандыру, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу, экологиялық мәселелерді шешу осы іс-шаралардың барлығы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.
Ольга БУЛАВКИНА,
Сенат депутаты