• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қыркүйек, 2021

Жетінші Армия халықаралық ойындары аяқталды

229 рет
көрсетілді

Он бір мемлекеттің аумағында өткен VII Армия халықаралық ойындары аяқталды. Қазақ­стандық әскери қызметшілер бұл әскери сайысты жемісті өткізді. Біздің жауынгерлердің қор­жынында екі алтын, бір күміс және сегіз қола медаль бар.

Ойын бағдарламасына 40-тан астам елдің әскери қызметшілері қатысты. Жарыс бір мезгілде 23 полигонда және үш теңіздің су айлағында өтті. Қазақстандық әскери қызметшілер оның ішінде он бір конкурсқа қатысты, олардың екеуі елімізде өтті.

«Мәтібұлақ» полигонында өт­кен «Сұңқар аңшылығы» конкур­сы бо­йынша, яғни әуе барлауын жүргізу, берілген нысандарды іздеу, ұшқышсыз ұшу аппараттарына қызмет көрсету және оларды ұшуға дайындау, оқ атудан шеберліктерін көрсету сайысында Қазақстан 1-орын алды. Сол полигонда «Артиллериядан оқ ату шебер­лері» сайысында минаатқыш есеп­топ­тары бақ сынасты. Конкурстың үш кезеңінде әскери қызметшілер жылдамдық пен мергендік көрсететін жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Олар жеке жарыста, түнгі спринт және финалдық эстафетада жеңіс үшін күресті. Нәтижесінде, Қазақстан командасы жеңімпаз атанды.

Рязаньда «Десант взводы» конкурсы өтіп, қатысушылар взвод құра­мында десант түсірді, марш жасады, жауынгерлік көліктерде жарысты және қоян-қолтық ұрыс жүргізді. Бұл конкурста 2-орынды Қазақстан мен Қытай әскери қызметшілері өзара бөлісті. «Тактикалық мерген» конкурсында әскери қызметшілер ғимараттағы, батпақты жердегі және ормандағы ұрысты түрлі жағдайда көрнекі көрсетіп, тапсырмаларды орындады, сондай-ақ жауынгерлік құрамда екеуден және төртеуден топтасып жарысты. Бұл сайыста үздік үштікті Қазақстан түйіндеді.

Тывада өткен «Аттар марафонына» қазақстандық тау-егерлік полк­тің әскери қызметшілері қатысты. Қазақстандық әскери шабандоздар барлық кезеңдерді абыроймен ең­серіп, 3-орынды қазақстандық команда иеленді. Арменияның Дилижан қаласында «Бейбітшілік жауын­гері» конкурсы болып, жарыс қорытын­дысы бойынша Қазақстан 3-орын ал­ды. Мәскеу маңындағы Патриот саябағында «Әскер мәдениеті» конкурсы болды. Оған біздің еліміздің атынан Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы және Қарулы Күштердің әскери-тарихи музейінің қызметкерлері барды. Жиырма елдің командасы қатысқан жарыста 3-орынды Қазақстан мен Беларусь елдері өзара бөлісті. Әскери полицейлер Сербияда өткен «Тәртіп сақшысы» конкурсы барысында кәсіби шеберлік танытты. Оған Иран, Қазақстан, Қатар, Кипр, Ресей және Сербия командалары қатысты. Жарыстар жеке және командалық кезеңдерді қамтыды. Соңғы және аса күрделі сынақ «Батырлар жарысы» болды. Қатысушылар ұзындығы он екі шақырымдық күдергі кедергілерді еңсеруі тиіс болды. Конкурста елімізге 3-орын бұйырды.

«Эльбрус шеңберіне» Қазақстан­ның таудағы дайындық орталығының әс­кери альпинистері қатысты. Жарыс Кабар­да-Балқардағы «Терскол» полигонында өтті. Бірнеше арнайы тапсырмаларды құраған конкурс барысында қатысушылар жеке және байламдар арқылы тауға өрмелеп жарысты, жасанды тау бедеріне шабуыл жасады, таулы жерлерде бағдарлауды пысықта­ды, тасадан оқ жаудырды, таудағы өзен ар­қылы өтті және Эльбрус шыңына шық­ты. Оған Абхазия, Армения, Үнді­стан, Қазақстан, Қытай, Пәкістан, Өзбек­стан, Ресей және Оңтүстік Осетия­ның әскери альпинистері қатысты. Кон­курс қорытындысында Қазақстан 3-орын­ға жайғасты. Иранда өткен суүсті кеме­лері экипаждарының «Теңіз кубогы» жарысында қазақстандық әскери теңізші­лер Әзербайжан, Иран және Ресей­дің өкілдерімен жарысып, бұл жолы да 3-орынды Қазақстан мен Әзербайжан өзара бөлісті.

Танымал «Танк биатлоны» конкурсы ең үздік танк экипаждарын анық­тады. Жарыстар мықты бәсеке­лес­тікте өтті. Танкішілер атыс шептері мен кедергілері бар күрделі жолдан өтті. Бірінші кезеңнен бастап қазақ­стан­дық әскери қызметшілер он тоғыз елдің қатысушылары арасында үз­дік үштікте болды. Финалдық эстафе­т­а­ның қорытындысы бойынша қазақ­стандық танкистер 3-орынға ие болды.

Биыл санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты Қазақ­станның Қарулы Күштері 11 байқауға ғана қаты­су­мен шектелді.