• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 08 Қыркүйек, 2021

Бұрынғы тарих – келешек үшін ескерту

837 рет
көрсетілді

Кеңес Одағында қалыптасқан тоталитарлық режімнің өз халқына қарсы бағытталған қысымшылық саясаты құрамындағы ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде жүргізген шараларының бірі – азаматтарды сайлау құқығынан айыру. Бұл қатыгез идея 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін көп ұзамай Кеңес басшылығының арасында пайда болды, ал 1918 жылы шілдеде белгілі бір тапқа немесе әлеуметтік топқа кіргені үшін дауыс беру құқығынан айыру РСФСР-дің бірінші Конституциясының арнайы бабында бекітілді.

Бұл норма 30-жылдардың ортасына дейін сақталды. 1936 жылғы Конс­ти­туцияға сәйкес, елдің барлық азаматтары, есі ауысқан және қамауда отыр­ған­дарды қоспағанда, бірдей сайлау құқығына ие болды. Осылайша, азаматтарды сайлау құқығынан айыру 18 жылға созылды. Бұл шара қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік құрылымын өзге­ртудің тиімді құралына айналды. Сайлауға қатысу құқығынан айыру автоматты түрде адамның саяси және әлеуметтік жағдайына бірқатар шектеу тудырды. Сайлау құқығынан айырылған адамдар (айырылғандар) «екінші сортты» азаматтарға айналды.

Азаматтарды сайлау құқығынан айы­ру мәселесінің тарихы өте аз зерттелген тақырыптардың бірі. XX ғасырдың 20-30 жылдары А.В.Владимирскийдің, Г.С.Гуревичтің, И.С.Игнатьевтің, П.А.Зайцевтің еңбектері жарық көрсе, 1980-1990 жылдары шетелдік ға­лым­дар Э.Киммерлинг, Ш.Фицпатрик, Г.Алексуполос зерттеді. Республика бо­йынша бұл мәселені тұңғыш зерттеген ғалымдардың бірі Ш.Нағымұлының «Атырау өлкесінде азаматтарды сайлау құқығынан айыру» атты мақаласы «Қазақ тарихы» журналында жарияланды.

1918 жылғы 10 шілдеде V бүкіл­ресейлік Кеңестер съезі қабылдаған РСФСР Конституциясының 23-бабын­да: «жұмысшы табының және РСФСР социалистік революциясының мүдде­ле­рін басшылыққа ала отырып, жеке адамдар мен жекелеген топтарды сайлау құқығынан айыру керек» делінген.

РСФСР Конституциясының 65-бабында сайлауға және сайлануға құқығы жоқ азаматтардың төмендегі санаттары көрсетілген:

а) пайда табу мақсатында жалдамалы еңбекке жүгінетін адамдар;

б) қандай да түрде қиын емес табыс табатын адамдар: капиталдан пайыздар, мүліктен түсімдер алатын және т.б;

в) жеке саудагерлер, сауда және коммерциялық делдалдар;

г) монахтар мен діни қызметшілер;

д) бұрынғы полиция қызметкерлері мен агенттері;

е) пайдакүнемдік және ар-намысқа кір келтіретін қылмыстар үшін сотталған адамдар;

ж) ақыл-есі кем және ақыл-есі кем деп белгіленген тәртіппен танылған адамдар.

Аталған кезеңде Атырау өлкесінде бұл шара жергілікті билік тарапынан өте ыждағатты түрде, ешқандай ымыраға келмей жүргізілген. Атырау облыстық мемлекеттік архивінің материалдарын талдау көрсеткендей, жергілікті билік сайлау құқығынан айырылған адамдарға қатысты «жарамсыз элементтер» деген лақап ат ойлап тауып, содан кейін оны өздерінің жымысқы әрекеттері үшін сәтті қолданыпты. Мысалы, №3 Қордың №3 ісінде сайлау жөніндегі уәкіл В.Липатовтың 1923 жылы Гурьев округінің Редутск, Яманқала, Зеленый және Самар болыстарындағы азаматтарды сайлау құқығынан айыру шараларына байланысты баяндамасы сақ­тал­ған, онда ол «жарамсыз элементтер» туралы мәліметтерді жиі келтіреді. Баян­да­маның бірінші бетінде В.Липатов Зеленый болысының Өрлік ауылында 20 азаматтың анықталғанын жазады, оның пікірінше, олар «жарамсыз элементтер» қатарына кіреді, өйткені бәрі байлар мен билер, көпестер, молдалар. Әрі қарай ол Жаманқала болысы туралы мәліметтерді келтіре отырып, былай деп жазады: «Жұмыс дәл осындай тәртіппен жүргізілді. Мұнда бірінші кезекте жарамсыз элементті әшкерелеу РКП (б) ұяшығы және аталған болыс селоларында тұратын аудандық партия комитетінің жекелеген мүшелері арқылы жүргізілді. Сонымен қатар бұл жұмыс шаруалардың ең кедей қабатының саналы элементінің қатысуымен жүргізілді. Нәтижесінде, Карманово селосы бойынша 12 азамат, Бақсай селосы бойынша 26 және Жаманқала селосы бойынша РКП ұяшығы мүшелерінің және ең кедей халықтың көмегімен 49 «жарамсыз элементке» жататын адамдар, сол сияқты асыраудағы (иждивенцы) адамдар анықталды.

Самара болысы бойынша одан әрі жұмыс сол жоспармен жүр­гізілді. РКСМ №13 ұяшығы мүшелерінің және РКП (б) жекелеген мүшелері мен кандидаттардың, сондай-ақ қыр­ғыздардың (қазақтарды осылай атаған) арасындағы кедейлердің жәрдемімен жазалауға сәйкес Қосарал ауылы бойынша азаматтардың арасынан 21 «жарамсыз элементі», Новобогатинск селосы бойынша азаматтардың – 14, Жалғансай ауылы бойынша азаматтардың 10 «жарамсыз элементі» анықталды, Кеңарал ауылы бойынша кеңес арқылы – 13, Танки кеңесі бойынша – 8, Сарайшық ауылдық кеңесі бойынша 24 және Бақсай кеңесі бойынша 14 сондай адам анықталды. Сонымен қатар Редут селосы бойынша РКП ұяшығының күшімен 47 «жарамсыз элемент», Кандауыр селосы бойынша 36 адам анықталды, жеке тұрғындардың арасынан 14 қырғыз байы «жарамсыз элементтерге» жатқызылды. Содан кейін барлық анықталған «жарамсыз элементтер» сайлау тізімінен жергілікті кеңестерде шығарылды».

№2 қордың «Кеңеске сайлау құқы­ғынан айырылған адамдарға ар­налған материалдар»деп аталатын №6 ісінде Редут селосы бойынша жарамсыз элементтер ретінде 45 адамның тізімі беріл­ген, оларды 1923 жылғы 24 тамыз­дағы жағдай бойынша №2 партия ұяшығының мүшелері анықтаған.

Солардың екеуі ғана қазақ, қалған­да­рының бәрі казак-орыстар еді. Себебі, 30-жылдарға дейін қазақтар Жайық өзені бойындағы селолар мен хуторларға қоныстана қойған жоқ еді. Тізімде көр­сетілген барлық 45 адамға кеңеске қарсы адамдар, бұрынғы кулактар, саудагерлер, халықты қанаушылар, шетелден келгендер, бұрынғы ақ гвардияшылар, діни қызметкерлер деген айып тағылып, оларды сайлау құқығынан айырған.

Сайлау құқығынан айырылуы тиіс азаматтарды анықтау үшін РКП (б) уездік комитеті Бүкілодақтық заңнамалық акті­лер негізінде жасалған «аманат» деп аталатын құжат әзірледі.

Кеңестік органдардың жоғарыдан түсір­ген осынау құжатсымағымен қару­ланған жергілікті шенеуніктер 1924 жылдан 1928 жылға дейін «жарам­сыз элементтерді» анықтауға құл­шына кірісіп, Атырау өлкесінде сайлау құқықтарынан айырылғандардың бір­неше тізімін жасақтады. Бұған Атырау мемлекеттік мұрағатының №2, №4 қор­ларының материалдары дәлел. №2, №4 қорларды талдау нәти­жесі 1927 жылы Гурьев уезі бойынша «айырылғандардың» тізіміне барлығы 2307 адам кіргенін көрсетті. Олар: Гурьев қаласы бойынша – 352 адам; Плотовинск а/кеңесі бойынша – 19 адам; Соколин болысы бойынша – 165 адам; Қызылқоға болысы бойынша – 274 адам; Саркөл болысы бойынша – 105 адам; Есбол болысы бойынша – 160 адам; Доссор кәсіпшілігі бойынша – 102 адам; Редут болысы бойынша – 72 адам; Ақжал болысы бойынша – 28 адам; Тополинск болысы бойынша – 101 адам; Ембі-Атырау болысы бойынша – 119 адам; Қарасамар болысы бойынша – 99 адам; Ракуша болысы бойынша – 99 адам, Ембі болысы бойынша саны 224 адамды құрады.        

Гурьев уезі бойынша азаматтардың келесі санаттары «айырылғандардың» қатарына жатқызылды:

Диірмендері бар

өнеркәсіпшілер – 3

Саудагерлер – 22 Өнеркәсіптік шұжық

өндірушілер – 3

Мердігерлер – 3 Бұрынғы саудагерлер – 47 Бұрынғы офицерлер – 27 Асырауда отырғандар

(иждивенцы) – 908

Патша шенеуніктері – 5 Діни қызметкерлер –16 Бұрынғы приставтар – 2 Псалом жыршылары – 2 Молдалар – 284 Кулактар -эксплуататорлар – 329 Әкімшілік жер аударылғандар – 1 Бұрынғы мердігерлер – 1 Бұрынғы полицейлер – 5 Есуастар – 25 Болыс билеушілері – 25 Сотталғандар – 17 Күзетшілер – 1 Бақсылар – 23 Бұрынғы судьялар – 7 Монахтар –103 Сиқыршылар –7

Байлар, билер, ақсақалдар, дінге қызмет етушілер сайлау құқығынан айырылып қана қоймай, кейінірек олардың ақ адал еңбекпен жинаған мал мен мүлкі тәркілеуге ұшырап, өздері отбасыларымен бірге жер аударылды. Мысалы,Теңіз ауданы бойынша тәркілеуге Танашевтар, Самиевтер, Құрманбаевтар, Әлиевтер отбасылары, барлығы 15 отбасы түсті.

Гурьев уезіндегі орыс ұлтына жататын тұрғындардың басым көпшілігі ол жылдары казактар болған. Қазақтарға да, казактарға да Кеңес өкіметі жұмсартып айтқанның өзінде жылы шыраймен қарамағаны белгілі. Бұл жағдай аза­маттардың кейбір санаттарын сайлау құқығынан айыру кезінде айқын көрініс тапты. 1928 жылы Гурьев округі бойынша сайлау құқығынан айырылғандарға келетін болсақ, бұл тізімге енген адамдар шеңберінің Кеңес Одағының басқа территорияларымен салыстырғанда әлдеқайда ауқымдылығымен және әртүрлілігімен ерекшеленді. Шамасы, жер­гілікті билік сол кезде «Орманды ке­су кезінде, жаңқалар жан-жаққа ұша­ды» қағидасын ұстанса керек. Өзіңіз бағалаңыз: Азаматтарды сайлау құ­қы­ғынан айыру туралы 1918 жылы шыққан РСФСР-дің заңы бойынша халық арасындағы тек қана 6 категорияны сайлау құқығынан айыру белгіленген болатын. Ал жергілікті шенеуніктердің әпербақандығының нәтижесінде 1927 жылы Гурьев уезінде халықтың 32 категориясына жататын барлығы 3 мыңнан астам адам сайлау құқығынан айырылды.

Гурьев қаласы бойынша 291 адам сайлау құқығынан айырылды. Оның ішінде қазақтар – 80, орыстар – 180, татарлар – 31. Новобогат ауданы бойынша 356 адам сондай жағдайға ұшырады. Ауданның ұлттық құрамы сол кезде біртекті болды, яғни ол тек қазақтардан тұрды. Сол кезде құрамында 18 ауыл болған Ембі ауданы бойынша 607 адам сайлау құқығынан айырылды. Оның ішінде қазақтар – 554, қалғандары – орыстар мен татарлар. Ембі – Атырау болысы бойынша – 219 адам, Ақжал болысы бойынша – 100 адам, Сокол болысы бойынша – 155, Ракуша болысы бойынша – 343, Кеңөзек кеңесі бойынша – 38, Сартөбе болысы бо­йынша – 125, Жаманқұл ауылы бойынша – 180, Жұлдызқұдық ауылы бойынша – 63, Айбас ауылы бойынша – 69, Қарасамар болысы бойынша – 100, Доссор кәсіпшілігі бойынша – 102, Қызылқоға болысынан – 332, Саркөл болысынан – 188, Есбол болысынан – 318 адам сайлау құқығынан айырылды. Гурьев округі бойынша барлығы 3586 адам сайлау құқығынан айырылды.

Сайлау құқығынан айырудың шаралары 18 жыл бойы 1936 жылы КСРО-ның жаңа Конституциясы қабылданғанға дейін жалғасты. Сайлау құқығынан айыру Гурьев округі жұртшылығы үшін жай ғана қарапайым формальды шара болған жоқ, өйткені онымен бірге адам бұрын пайдаланып келген барлық құқықтар мен әлеуметтік артықшылықтарды пай­­далану мүмкіндігін жоғалтты. Сай­лау құқығынан айырылған адамдар мемлекеттік мекемелерге жұмысқа қа­был­данбады, ал олардың отбасы мү­ше­­лері оқу орындарына, партияға және комсомолға қабылданбады. Олар кол­­хоздарға алынбады, кооператив, артель мүшесі бола алмады, ал салық салу кезінде оларға «қатаң тапсырма» бе­ріл­ді. Ал мұндай жағдайдың Атырау өлке­сі­нің тұрғындары үшін қаншалықты ауыр болғанын көзге елестетуге болады, өйткені ол кезде колхоздардан басқа, сол қиын 30-жылдары жұмыс таба алатындай басқа бірлестіктер болған жоқ. 1918 жылы карточкалар жүйесі енгізілгеннен кейін, сайлау құқығынан айырылғандар карточкалар ала алмады және азық-түлік өнімдерін коммерциялық баға­мен сатып алуға мәжбүр болды, «жы­ғыл­ғанға жұдырық» дегендей, олар автоматты түрде зейнетақы мен жәрде­м­а­қы­­лардан да айырылды. 1929-1930 жы­­лд­ары мемлекеттік мекемелерде «айы­рылған адамдарды» және басқа «әлеу­меттік тұрғыдан бөтен адамдарды» аластау мақсатында «тазарту» жүр­­гізілді. Жоғарыдан берілген нұсқау б­о­йынша ауруханалар мен соттар, тұр­ғын үй және салық департаменттері, басқа құрылымдар оларға қатысты кем­сі­тушілік саясат жүргізуі тиіс болды. «Айырылғандардың» жауапты ла­уазым­дарды атқаруға, сол сияқты халық сотында заседатель, кепілгер, қамқоршы бо­луға мүмкіндігі болмады. Олар зей­нет­­ақы мен жұмыссыздық бойынша жәр­­демақы алу құқығынан айырылды. Сайлау құқығынан айырылғандарға кә­­сіп­одақтарға кіруге рұқсат етілмеді, со­нымен бірге олар кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдардың басшылығына жіберілмеді. «Айырылғандарға» азық-түлік карточкалары берілмеді, берілсе де ең төменгі санат бойынша иеленді. Керісінше, айырылған адамдар үшін салықтар мен басқа да төлемдер басқа азаматтарға қарағанда едәуір жоғары болды.

1920 жылдан бастап «айырыл­ған­дар­ды» коммуналдық пәтерлерден, сондай-ақ олардың балаларын мектеп­тер­ден шығару науқаны басталды. «Айы­рыл­ған­дардың» балаларына бастауыш бі­лімнен жоғары білім алу өте қиын бол­ды. Кеңес өкіметі бірінші кезекте жұ­мысшылардың балаларына жоғары бі­лім берілетінін , ал «қанаушылардың» ба­лаларына ондай білім соңғы кезекте берілетінін ашықтан ашық мәлімдеді.

Мысалы, Гурьев қаласының тұр­ғыны Пупыкин Липатий қанаушы кулак ретінде көрсетіліп, оның өзінен басқа оның үш ұлы сайлау құқығынан айырылғандар тізіміне кірді: Тимофей, Георгий және Егор. Дәл осындай жағдай Ходиндер, Тощаковтар, Демидовтар, Придановтар, Мустахимовтар, Арта­моновтар, Карамышевтар, Ибатул­линдер, Ажикеевтер, Ұзакпаевтар, Липатовтар, Чанпаловтар, Чертихиндер, Зарщиковтар, Фофоновтар, Өтеп­бергеновтер, Ротновтар және басқа­лардың отбасыларына қатысты болды. Новобогат ауданы бойынша бай Әлменов Қали мен оның асырауындағы жары Жансекер, ағалары Бисен мен Кенжеғали, олардың жұбайлары Қарашаш, Жамал, Болған, сондай-ақ олардың анасы Дәметкен сайлау құқығынан айырылды. Сондай-ақ ағайынды Ахмет, Тапеш, Шалақұл, Боқан Далдақовтар және олардың анасы Үнзира мен әйелдері Мақан, Разия, Жұмаш сайлау құқығынан айырылғандар тізіміне енгізіліп, басқа түскен барлық қорлық пен зорлық-зомбылықтарды отағасымен бірдей көрді. Уезд бойынша барлығы асыраудағы 1801 адам сайлау құқығынан айырылды, бұл барлық сайлау құқығынан айырылғандардың 50,2%-ын құрады. Сайлау құқығынан айырылғандардың арасында әсіресе дін жолын ұстанғандар мен байларға және аткамінерлерге деген көзқарас аса жағымсыз болды. Сайлау құқығынан айырылғандардың жалпы санының біріншілері 20,4%, екіншілері – 3,6%, үшіншісі 9,5% құрады.

Дінбасылар мен діндарларға қатысты қуғын-сүргін Кеңес мемлекетінің жалпы жазалау саясатында ерекше орынға ие болды. Большевиктердің жалпы дінге және діни қызметкерлеріне қарсы іс-қимыл бағдарламасын Лениннің Дзержинскийге 1919 жылы жазылған әйгілі хатында анық көрініс тапқан болатын: «Дін мен поптардан мүмкіндігінше тезірек құтылу керек. Поптар барып тұрған контрреволюционерлер мен диверсанттар ретінде тұтқындалып, барлық жерде атылу керек. Және мүмкіндігінше көбірек. Шіркеулер жабылуға жатады. Храмдардың, шіркеулердің үй-жайлары қоймаларға айналады». Жазалау шаралары тек шіркеулерге ғана емес, мұсылман мешіттеріне де қатысты қолданылды. Қазан төңкерісіне дейін Гурьев уезінде 90-нан астам мешіт пен медресе жұмыс істеді, онда 2000-ға жуық оқушы оқыды. Бұл діни оқу орындарының қызметі ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін созылды. Алайда 1930 жылдан 1932 жылға дейін жоғары ұйымдардың нұсқауы бойынша мешіттердің 80 пайыздан астамы жабылды. Олардың көпшілігі түбегейлі бұзылуға ұшырады.

Мұрағат материалдарынан көрсет­кендей, Гурьев уезінде 1928 жылға дейін діни қызметкерлердің 11 санаты сайлау құқығынан айырылды. Олар: молдалар, қалпелер, қазіреттер, сопылар, қажылар, мұқтасибтер, азаншылар, поптар, священниктер, псаломшылар және т.б.

Азаматтардың сайлау құқығынан айы­ру Кеңес өкіметінің өз халқына қатысты ұйымдастырған үлкен террордың бас­тамасы болатын. Енді біраз уақыт өткен­нен кейін, ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру басталып, со­ның салдарынан Қазақстандағы жаппай ашаршылық ұлттың 60-70%-ын жоғалтуға әкеп соқты. Одан кейін ұлт қаймағын қалқыған 1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін басталды. Әрине, қазір ешкімнің де қолынан тарихтың тегершігін кері айналдыру келмейтіні анық. Десек те жас буын өткеннің қателіктерін қайталамау үшін өз тарихының қайғылы беттерін жақсы білуі керек. Сервантес айтқандай, «Тарих – біздің іс-әрекеттеріміздің қазынасы, өткеннің куәгері, бүгінгі күн үшін мысал, болашақ үшін ескерту».

 

Шахман НАҒИМОВ, Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мем­­лекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғы­лымдарының кандидаты