Аягөз балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тағы шу шықты. 9 қыркүйекте орталықтағы бейнебақылау камераларын қарау кезінде ұлдар жатын бөлмесінде мекеме тәрбиеленушілерінің жыныстық қатынасқа түспек болу әрекеті анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жыныстық қатынас әрекетін мекеме қызметкері байқап, уақытында қажетті шаралар қабылдаған.
«Иә, бұл деректі растаймыз. Орталық қызметкерінің қырағылығы арқасында оқиғаның алды алынды. Қазіргі уақытта балаларға медициналық тексеру жүргізіліп жатыр, олармен психолог маман жұмыс істейді», деді ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Жасұлан Сәрсебаев бірден оқиға орнына барғаны белгілі болды. Сонымен қатар, тиісті өтініш пен материалдар іс жүргізу шараларын қабылдау үшін құқық қорғау органдары мен прокуратураға жолданған. Өңір әкімінің тапсырмасы бойынша ведомствоаралық комиссия құрылған.«Аягөз балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ директоры Шолпан Мақашеваның айтуынша, ұлдардың жағдайы қанағаттанарлық.
Айта кетейік, бұл ауыр психоневрологиялық патологиясы бар балалар ұсталатын Аягөз арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына (АӘҚКО) байланысты бірінші жағдай емес.